Accessibility links

ХОК президенті Алматының спорт нысандарын көрді


Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах 11-12 қазан күндері Алматыда болып, қаланың 2022 жылғы олимпиадаға дайындық бағдарламасымен танысты.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) президентінің бұл Қазақстанға алғашқы сапары. Ол екі күннің ішінде Шымбұлақ тау шаңғысы базасы, Медеу мұз айдыны және Сұңқар трамплин базасымен танысты. Сондай-ақ 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы универсиадаға арнайы салынып жатқан мұз айдындарды да аралап көрді.

Алматыдағы спорт кешендерімен танысқан ХОК президенті қазақстандық олимпиада чемпиондары мен Азия ойындарының жеңімпаздарымен өткен салтанатты кездесуде бұл қаланың олимпиада өткізуге мүмкіндігін бағалады.

«Біз Алматы қаласының әкімі, министр және Қазақстан олимпиада комитетінің басшысымен Алматының кандидатурасын талқыладық. Алматының өте маңызды концепциясын көрдік. Қазақстан осыған дейін ірі спорттық жарыстар ұйымдастыруда тәжірибесі бар ел. Сіздерде бұрыннан қалыптасқан қысқы спорттан ерекше дәстүр мен жетістіктер бар. Қазақстан 2017 жылғы қысқы универсиаданы өткізуге дайын. Универсиада өткізу Алматы үшін пайдалы болмақ. Қысқы Азия ойындары мен универсиада өткізудегі тәжірибе Қазақстан үшін олимпиада өткізуге де пайдасын тигізеді. Осындай мол тәжірибелер Алматының кандидатурасын салмақты әрі зор мүмкіндікке ие екенін көрсетеді» деді Томас Бах.

ХОК президенті Томас Бах (оң жақтан екінші) Лондон олимпиадасының чемпиондары, қазақстандықтар Илья Илин (сол жақта бірінші), Светлана Подобедова (сол жақтан екінші), Мая Манеза (сол жақтан үшінші) және Зүлфия Чиншанломен (оң жақта бірінші) бірге. Алматы, 12 қазан 2014 жыл.

ХОК президенті Томас Бах (оң жақтан екінші) Лондон олимпиадасының чемпиондары, қазақстандықтар Илья Илин (сол жақта бірінші), Светлана Подобедова (сол жақтан екінші), Мая Манеза (сол жақтан үшінші) және Зүлфия Чиншанломен (оң жақта бірінші) бірге. Алматы, 12 қазан 2014 жыл.

ХОК басшысы 2014 жылы қысқы олимпиада өткізген Сочимен Алматыны салыстырып, өз бағасын берді.

«Мәселен, Сочиде олимпиадаға дейін ештеңе болмады. Бұл қала ескі әрі жазғы демалыс орны болып келді. Қонақ үй, телекоммуникация, инфрақұрылымы да болған жоқ. Олар барлығын тыңнан бастап салды. Ал Алматының жағдайы мүлде бөлек. Бұл қалада қазіргі заманғы телекоммуникация, инфраструктура, спорттық дәстүр бар» деді ол.

2022 жылғы қысқы олимпиада өткізуге алдымен алты қала ниет білдірген. Бірақ кейін Стокгольм (Швеция), Краков (Польша), Львов (Украина) және Осло (Норвегия) қалалары өтініштерінен бас тартты. Қазір олимпиада өткізуге тек Алматы мен Пекин (Қытай) ғана үміткер. ХОК президенті тек екі кандидаттың қалуын қалыпты жағдай деп бағалап, еш алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Қысқы олимпиада ойындарында жазғы олимпиадамен салыстырғанда аз кандидат болуы түсінікті жайт. 2018 жылғы қысқы олимпиадаға да кандидаттар аз болған. Әлемде қысқы олимпиаданы өткізе алатын тек үш құрлық бар. Және оларда тек таңдаулы елдер ғана өткізе алады. Сондықтан қысқы олимпиаданы өткізуге өтініш берген кандидаттардың аз болуы заңды нәрсе. Ал 2024 жылғы жазғы олимпиаданы өткізуге қазірдің өзінде көптеген ұсыныстар бар» дейді Томас Бах.

Қазақстан олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамедов Алматының жеңіске жетеріне мүмкіндігі мол екендігін айтады.

«ХОК делегациясы Алматының дайындығымен танысып, барлығына жоғары баға берді. Алматының кандидатурасы екі кезең бойынша бірінші орында тұр. Жеңуге мүмкіндік мол. Енді соңғы кезең қалды. Пекиннің де кандидатурасы мықты. Сондықтан дауыс беру уақытын күтеміз» деді ол.

ХОК президенті Томас Бах (ортада), Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов (оң жақта) және Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алматы, 12 қазан 2014 жыл.

ХОК президенті Томас Бах (ортада), Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов (оң жақта) және Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алматы, 12 қазан 2014 жыл.

2022 жылғы олимпиаданы өткізетін қала 2015 жылы қыркүйекте Малайзияда өтетін ХОК конгресінде белгілі болады.

Бірақ, Алматыда жүздеген қоғамдық белсенді қаланың олимпиада өткізуіне қарсылық білдіріп, қол жинап жатыр. Қарсылық кампаниясын бастаушы қоғамдық белсенді Андрей Бузыкиннің айтуынша, қарсылық хатқа барлығы 500 астам адам қол қойған.

«Бұл жоба жүзеге асса Қазақстанның бюджеті, әлеуметтік жағдайы, экологиясы зардап шегеді. Бұл ел бюджетін кезекті рет шашу болмақ» дейді Андрей Бузыкин.

Бузыкин бастаған топ алдағы уақытта қарсылық петициясын ХОК-тың штаб пәтері орналасқан Лозаннаға, Томас Бахқа арнайы жібермек.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG