Accessibility links

Иран президенті Махмұд Ахмединежад: Күйзелістің түп-тамыры - адамзаттың азғындауында


Иран президенті Махмұд Ахмединежад Астанадағы баспасөз мәслихатында сұрақтарға жауап беруде. Астана, 6 сәуір, 2009 жыл.

Иран президенті Махмұд Ахмединежад Астанадағы баспасөз мәслихатында сұрақтарға жауап беруде. Астана, 6 сәуір, 2009 жыл.

Астанаға келген Иран президенті Махмұд Ахмединежад Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесіп, Ақордаға галстуксыз, еркін кірді. Бұл оның Қазақстанмен қарым-қатынасымыз жақсы деген ниетін білдіргендей.

ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ИДЕЯ ЕМЕС, АДАМГЕРШІЛІК ИДЕЯСЫ МАҢЫЗДЫ

Иран президентінің «Риксостегі» журналистермен кездесуі тура бір сағатқа созылды. Кешкі астан кейін халықаралық журналистердің барлық сұрақтарына жауап беруге тырысқан Махмұд Ахмединежад алдымен ғаламдық дағдарысқа қатысты өзінің ойын айтты. Сырт көз оның журналистермен бұлайша еркін сөйлесуін өз еліндегі президенттік сайлау алдындағы пиар дайындығы деп бағалап жатты.

Сонымен Иран президенті әлемдік күйзелістің түп тамыры - адамзаттың азғындауында деп атап көрсетті.

- Ғаламдық дағдарыс дегенде әлемнің барлығы ең алдымен материалдық тұрғыда баға беріп, материалдық құндылыққа бой
ұрып кетті. Сарапшылардың өздері капиталистік тұрғыдан ойлап, сараптайды. Қазіргі идея - тек мансап жолындағы идея. Ол тең мүмкіндіктерге жол бермейді. Осындай көзқарас, осындай идеяның арқасында бірінші, екінші дүниежүзілік соғыстар орын алып, жүз миллиондаған адамның өліміне әкелді, - деді Иран президенті.

Махмұд Ахмединежад ғаламдық дағдарыс кезінде қаржылық идея емес, моралдық, адамгершілік идея ұсынғысы келетін айтты.
Ол адам баласы бір-біріне бауырмал болатын, махаббат пен достықтан құралатын жаңа әлем құруымыз керек деп мәлімдеді. Сонда ғана адамзат бұл жалғанда тәтті, баянды өмір сүре алады дейді.

ЯДРОЛЫҚ ҚУАТ КӨЗІН АТОМ БОМБАСЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫРУ ҚИЯНАТ

Иран президенті мен Қазақстан президентінің кездесуінен кейін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағында ядролық энергетика үшін отын банкін құру мүмкіндігін жария еткен еді.

- Егер ядролық энергия қуатын пайдалану мақсатында халықаралық отын банкін құру мүмкін болса, оны Қазақстан жерінен ашуға ұсынар едім, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президентінің жоғарыдағы ұсынысына қатысты Иран басшысы ядролық энергетиканы өте пайдалы жылу көзі деп бағалады.

- Адамзат баласы атом энергетикасының мүмкіндігін пайдалану керек деп айтар едім. Ол медицина, ауыл шаруашылығы, өндіріс саласы үшін де қажет. Кейбір мемлекеттер ядролық отынды атом бомбасымен байланыстырады. Бірақ олар бұл терминге қиянат жасап отыр. Екіншіден, ядролық державалар қарусыздануы керек. Сонда ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі, - деді Махмұд Ахмединежад.

АХМЕДИНЕЖАД ОБАМАДАН ӘДІЛЕТТІЛІК КҮТЕДІ

Қазақстандық оппозициялық басылым тілшілерінің бірі «АҚШ-тың қара нәсілді тұңғыш президенті Барак Обаманы да экс-президент кіші Джордж Бушты «албасты, шайтан» деп санайтыныңыздай оны да «шайтан немесе албасты» деп есептемейсіз бе?» деген сұрақ қойды Иран президентіне.

Бірақ Ахмединежад «біз ешқашан да ешкімді «албасты немесе шайтан» деп атаған емеспіз деді.

- Бізге адамның жеке тұлғасы маңызды емес. Біз сайтани, албасты мінез-құлыққа қарсымыз. Біз адамгершілікке жат қылыққа қарсымыз. Біз соғысқа, зорлық-зомбылыққа, басып алу саясатына қарсымыз. Осының барлығы «албастының іс әрекеті» болып саналады. Ал біз бұған қарсымыз. Мен Американың жаңа президенті көп істі өзгертеді деп үміттенемін. Ол біздің аймаққа қатысты өзінің саясатын жариялайтындығын мәлімдеді. Оның бізге деген көзқарасы өзгеретіндігіне сенім білдіргім келеді. Одан әділеттілік күтеміз. Ал кіші Буштың мақсаты мен саясаты түкке аспағаны өздеріңізге мәлім, - деді Иран президенті.

"ИРАН ХАЛҚЫ НЕНІ ҚАЛАЙДЫ, СОЛ БОЛАДЫ"

Махмұд Ахмединежад мырза таяу айларда Иранда өтетін президент сайлауына өзінің кандидатурасын ұсынатындығын ашып айтпады. Бірақ ол «Иран халқы нені қалайды, сол болады, аз уақыт қалды, шыдаңыздар» деп қана дипломатиялық тұрғыда жауап берді.

ӘЛЕМДІК ВАЛЮТА ЖАЙЫНДА

Иран президенті Қазақстан басшысының бірыңғай әлемдік валюта құруымыз керек деген идеясына оң көзқарас білдірді. Ол мұны дұрыс қадам деп бағалады.

- Әлемді бірыңғай валюта басқару керек. Бізге шынайы және тең валюта қажет. Мен сонымен бірге бірыңғай аймақтық валюта құру керек деген де бастаманы қолдаймын. Ол үшін бізге ең алдымен инфрақұрылымын қалауымыз керек. Тәуелсіз қаржы жүйесі құрылу қажет. Сонда ғана әлемдік валюта іске асуы мүмкін, - деді Иран басшысы.

Ол АҚШ долларына қатысты Американы долларды барлық елдерге зорлап таңды деп айыптады.

- Амеирка инвесторлары осы мүмкіндікті пайдаланып, әлемге қиянат жасады. Маған мәлім ақпарат бойынша, АҚШ артында тірегі жоқ миллиардтаған долларды есепсіз басып шығарған. Егер осы қаржы әлемді жылына екі-үш рет айналып шығатын болса, онда халықтың ондаған миллиард долларды құрайтын мүлкі американ қалтасына кетеді деген сөз. Капиталистік экономика - бояма, жалған экономика. Олар жәй қағазбен мүлікті сатады. Демек жалған экономика іші бос шар секілді, - деді Иран президенті.

Қара алтынның үстінде отырған Иран мемлекетінің басшысы күйзеліс кезіндегі әлем жағдайы мен өз елінің сыртқы саясатындағы көзқарасты Қазақстан жерінде осылайша жеткізді. Ал, Иран басшысының сөздерін әлемдік державалық мемлекеттер де жіті қадағалап отырды. Өйткені, әдетте ресми сапарларда сол елдің БАҚ өкілдері ғана президенттерімен бірге жүрсе, бұл жолы Иран президентінің Қазақстанға сапарына өзге шет елдерден де БАҚ өкілдері бірге келіпті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG