Accessibility links

«Ираншылаған мәжілістердің» сайлауы


Иран мәжілісі сайлауы адындағы үгіт-насихат көрінісі.

Иран мәжілісі сайлауы адындағы үгіт-насихат көрінісі.

Иранда бүгін парламент сайлауы мен мемлекет басшылығын бақылайтын эксперттер мәжілісінің сайлауы өтеді. Қос мәжілістің сайлауы тұңғыш рет бір күнде өткізіліп отыр.

Иранда заң шығару органы Ислам кеңесі мәжілісі деп аталады. Бұған қоса елдің басшылығы қызметін бақылайтын, қажет жағдайда басшыны тағайындайтын эксперттер мәжілісі бар. Эксперттер мәжілісінің ерекшелігі – оған діни дәрәжесі бар дінбасылар ғана сайлана алады. Бұл Ирандағы мемлекеттік құрылымның өзіндік ерекше сипатының бірі. Бірақ бұл екі мәжіліске де сайлаушы тікелей (мажоритарлық жүйе) дауыс береді.

Ислам кеңесінің мәжілісі төрт жылға сайланса, эксперттер мәжілісінің сайлауы сегіз жылда бір өтеді. Әдетте, елдегі саяси тартыс консерваторлық және реформаторлық бағыттағы күштердің арасында өрбиді. Қазіргі президенті Хасан Роуханиды жақтаушылар аралық күш ретінде танылғанымен, ол да реформатор сапында. Сондықтан бұл жолы да іс жүзінде мемлекетті басқаратын рухани жетекші Әли Хаменеиді жақтайтын консерваторлармен арадағы бәсеке қыза түскен.

Сайлау науқаны және сайлау алдындағы кандидаттар ұсынып, тіркеу кезінде де осы саяси күштің бір-бір айыптауы басылған жоқ. Реформаторлар өндірісті модернизациялау мәселесіне назар аударса, консерваторлар исламдық принциптерді бірінші орынға қояды. Алайда екеуі де жұмыссыздықпен күресті өздерінің әлеуметтік саясаты ретінде ұсынады

ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ МӘЖІЛІС – РЕФОРМАТОРЛАРҒА МҮМКІНДІК

Иранда 290 орындық мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелудің өзіндік тәртібі бар. Кандидат болғысы келген адамдар өз аты-жөнін елдің ішкі істер министрлігіне рәсімдеп тіркегеннен кейін оның біліктілігін конституциялық қадағалау кеңесі тексереді. Ислам кеңесі мәжілісі қабылдаған заң жобаларын да осы қадағалау кеңесі бекітеді. Егер алда-жалда мәжіліс пен қадағалау кеңесі арасында дау туса, оны жүйені анықтау алқасы шешеді.

Ирандағы сайлау көріністері:

Биыл 77 миллион тұрғыны бар Иранда биыл мәжіліс депутатынан кандидаттыққа ұсынылғандар тізімі 12123 -ді құрады. Мұны кейбір сарапшылар рекордтық көрсеткіш ретінде сипаттады. Алайда олардың арасында кандидат болуға сұрыпталғандар саны 5550 болды. Олардың арасынан әр округке лайықты кандидаттар тағы да сұрыпталып, сайлауға ұсынылды. Биыл Иран баспасөзі мәліметіне қарағанда реформаторлар елдің әр аймағынан 293 кандидат ұсынып отыр. Елде 55 миллион адам дауыс беру құқығына ие. Ираң шығарушы мәжілісінің үгіт-насихатына бір апта уақыт берілді.

Ислам кеңесі мәжілісінде реформаторлар консерваторлармен күшті теңестіріп, тіпті басым түсуге тырысады. Бұл ретте биыл Иранның ядролық бағдарламасына қатысты негізгі мәселенің шешілуі реформаторлар ұпайын арттыра түседі. Елдің санкциядан шығуы – соның көрінісі.

Биыл заң шығарушы мәжіліс сайлауы 1979 жылғы ислам революциясынан беріде оныншы мәрте шақыртылып отыр.

ЭКСПЕРТТЕР МӘЖІЛІСІ ЖЫЛЫНА 2 РЕТ ЖИНАЛАДЫ

Діни дәрежеге ие теологтардан ғана сайланатын эксперттер мәжілісінінің мүшесі – 88. Биылғы кандидаттар саны – 161. Бұл құрылым үшін сайлау Иранда ислам революциясы орнағаннан беріде бесінші рет өтеді. Мемлекетті басқаратын ислам революциясы жетекшісін формальды түрде бақылайтын эксперттер мәжілісін мужтахед діни дәрежесіне жеткен теолог мүшелері құрайды. Олар провинция орталықтары мен ірі қалалардағы имамдарды да бекітеді.

«Теологтар мәжілісі» мемлекетті басқару тетігін өз уысында ұстап отырған рухани басшы ауыра қалса, отставкаға кетсе, немесе өмірден озса, жаңа басшыны тағайындайды. Бұл мәселе даулы болған жағдайда елді басшылық кеңесі басқара алады. Бұған дейін эксперттер мәжілісі 1989 жылы имам Хомейни қайтыс болған кезде, оның орнына рухани жетекшілікке сол кездегі президент Әли Хаменеиді тағайындаған.

Эксперттер мәжілісі аятолланың шешім қабылдауына ықпал ете алады деп есептеледі. Бұл мәжілістің жиыны жылына екі-ақ рет өтеді. Осы құрылымға сайланатын мүшелердің рухани жетекшіні жақтаушылар екені кездейсоқтық болмас. Сондықтан да эксперттер мәжілісінің рухани басшыны бақылауы ақиқатында керісінше мағынаға ие.

Тағы бір назар аударарлығы - «теологтар мәжілісі» тек консерваторлардан құралады. Реформаторлар үшін мұнда жол жабық. Аятолла Әли Хаменеи президент кезінде реформаторлығымен танылса да, рухани басшы болғалы консерватор саясаткерге айналды.

Қазір 76 жастағы аятолла Хаменеи үшін биылғы эксперттер мәжілісі сайлауының маңызы ерекше. Осы шақырылымдағы эксперттер мәжілісі жұмысы аяқталғанға дейін оның да жасы ұлғайып қалады. Мүгедектігі бар саясаткердің кейде ұзақ уақыт ел көзіне көрінбей кетуі де Иранда түрлі сыбыс тудырып жатады.

Иранда алдын-ала сайлау нәтижесін зерттейтін тәуелсіз орталық жоқ деп есептеледі. Бүгінгі сайлаудың алдын-ала нәтижесі ертеңнен бастап жариялана бастайтыны хабарланған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

XS
SM
MD
LG