Accessibility links

Иран екі аптадан соң "алтылықпен" келісімге келді


Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Вена. 13 шілде, 2015 жыл.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Вена. 13 шілде, 2015 жыл.

Иран мен "алтылық" тобы үздіксіз екі аптадан аса уақытқа созылған келіссөзден соң ядролық бағдарламаға қатысты келісімге келді. Израиль дау тудырған бұл келісімге қарсы болған.

Иран мен әлемдік алты державаның Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты екі аптадан аса уақытқа созылған келіссөзі аяқталды. Венада жасалған келісім жай-жапсары жарияланатын қорытынды кездесу алдында Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф "тарихи" келісімді "жеңіске жеткізетін шешім" деп атады.

Бұған дейін аты-жөнін атамаған ирандық дипломат Reuters агенттігіне "Барлық күрделі жұмыстарды еңсердік, біз келісімге келдік" деп хабарлаған.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини келісім "халықаралық қатынастардың жаңа парағын ашып, дипломатия, үйлесімді әрекет ету мен ынтымақтастық ондаған жылдарға созылған шиеленіс пен қайшылықты еңсере алатынын көрсететінін" айтты.

Джавад Зариф келісім тараптардың қай-қайсысы үшін "кемел болмағанын", бірақ "тараптардың бар қол жеткізе алған бұл келісімі қай жақ үшін де маңызды болғанын" айтты.

- Бүгін бұл мәселеге қатысты үмітіміз сөнуі мүмкін де еді. Бірақ біз қазір үмітке толы жаңа кезеңді бастап отырмыз, - деді ол.

Франция сыртқы істер министрі Лорен Фабиус тараптар "кемінде алдағы 10 жылға арналған сенімді келісімге қол жеткізгенін" және Франция бұл келісімнің "конструктивті" орындалуын табандылықпен бақылайтынын айтты.

Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф бастатқан Иран делегациясы. Вена. 14 шілде, 2015 жыл.

Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф бастатқан Иран делегациясы. Вена. 14 шілде, 2015 жыл.

Венада Тегеранның ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне Иранға салынған халықаралық санкцияларды жұмсартуды көздейтін келіссөз екі аптадан астам уақытқа созылды.

Батыс елдері Иранды ядролық қару жасауға тырысады деп айыптайды. Бірақ Тегеран ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейді деп, айыптауды жоққа шығарады.

Associated Press агенттігіне сөйлеген дипломат келісімде Вашингтон мен Тегеран арасындағы БҰҰ инспекторларының Иранның батыс елдері ядролық қару жасауда пайдаланылады деп күдіктенетін әскери нысандарына кіруіне рұқсат ету туралы уағдаластығы да бар дейді.

Бірақ БҰҰ инспекторларына қалаған кез-келген нысанды тексеруіне рұқсат етілмейді және рұқсат беруден бас тартылуы да мүмкін. Бұл тараптар арасында келіспеушілік тудырып, келісімді сынайтындар тарапынан "әлемдік державалар Тегеранға жеткілікті қысым жасай алмады" деген көзқарас қалыптастыруы мүмкін.

КЕЛІСІМ ШАРТТАРЫ

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, келісім бойынша Тегеран БҰҰ-ның сұрауына қарсылық білдіре алады және оны Иран мен алты ел өкілдерінен құралған арбитраждық кеңес қарайды.

Ал Reuters агенттігі дипломаттарға сілтеме жасап тағы бір даулы мәселе - Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасын шектейтін санкциялар келісім бойынша әлі сегіз жыл және БҰҰ-ның қару-жарақ эмбаргосы бес жыл күшінде қалатынын хабарлады.

Иран бұған дейін қару саудасындағы серігі Ресейдің қолдауымен қару-жарақ эмбаргосын жылдам алуды талап етіп келген. Бірақ АҚШ пен батыс елдері эмбаргоның ұзақ уақыт күшінде қалуын қалаған.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини (сол жақта) мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Вена. 14 шілде, 2015 жыл.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини (сол жақта) мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Вена. 14 шілде, 2015 жыл.

Келіссөздегі тағы бір даулы мәселе халықаралық санкцияларды жою және Тегеран келісімді бұзған жағдайда оның қайта күшіне енуі механизмдері болатын. Reuters Иранның егер Тегеран келісімді бұзса, БҰҰ санкциялары 65 күн ішінде қайта күшіне енетіні туралы шартқа көнгенін хабарлады.

Иранның ядролық бағдарламасы жиырма жылға жуық уақыттан бері Тегеран мен батыс елдері арасындағы шиеленіске себеп болып келген.

Халықаралық атом энергетикасы агенттігі (МАГАТЭ) басшысы Юкия Амано Венада "Мен әзір ғана Иран мен МАГАТЭ арасындағы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты бұрынғы және қазіргі шешілмеген мәселелерді айқындауға арналған жол картасына қол қойдым. Құжатқа Иран жағынан вице-президент Әли Акбар Салехи қол қойды. Бұл Иран ядролық бағдарламасына қатысты шешілмеген мәселелерді реттеуге бағытталған маңызды қадам" деді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұған дейін Иранның уран байыту әрекетіне қатысты төрт кезеңнен тұратын санкция салған. АҚШ пен Еуропа Одағы да Иранға қарсы бірнеше шара қабылдаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф екеуі екі апта бұрын Венаға келгелі бері күн сайын кездескен.

ИЗРАИЛЬ МЕН АҚШ ҰСТАНЫМЫ

Иран мен алты елдің келісіміне қарсы Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мұны "тарихи масштабтағы үлкен қателік" деп атады.

"Иран ядролық қару иелену жолына шындап түсіп келеді. Мұның жолын бөгейді деп күтілген көптеген шектеулер алынып тасталды. Иран жүздеген миллиард долларға тең үлкен ұтысқа ие болмақ. Бұл Иранның аймақта және әлемде агрессиясы мен террорын жалғастыруына жол ашады" деді Нетаньяху.

Израиль сыртқы істер министрі орынбасары Цзипи Хотовели келісімді "Батыстың Иран бастатқан зұлымдық алдында тізе бүгуі" деп атады. "Израиль келісімнің мақұлданбауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тырысады" деп жазды Хотовели Twitter-де.

АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйде Иран келіссөзіне байланысты сөз сөйлеп тұр. Вашингтон. 14 шілде, 2015 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйде Иран келіссөзіне байланысты сөз сөйлеп тұр. Вашингтон. 14 шілде, 2015 жыл.

Ресми билігі АҚШ-ты кейде "Үлкен шайтан" деп атайтын Иранның ядролық бағдарламасын шектеу келісімі АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігі үшін сыртқы саясаттағы үлкен жетістік саналуы мүмкін. Бірақ Обаманың республикашыл бәсекелестері келісімді қайта қарауы, қажет болса қабылдатпай тастайтындарын ескерткен.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы мамыр айында көпшілік дауыспен конгресстің Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жасалған келісімді қайта қарауына, қажет болса оны қабылдамай тастауға құқық беретін заң жобасын мақұлдады. Мұның алдында өкілдер палатасының 400 депутаты қолдап, 25-і қарсы шыққан "Иранның ядролық бағдарламасы туралы" заң жобасын сенат мақұлдаған.

Заң жобасы егер Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасалса, Иранға салынған санкцияларды алу туралы шешім қабылдауды 60 күнге шегере тұруға мүмкіндік береді. Бұл уақыт аралығында конгресс келісімді қолдайтынын, я қарсы екенін білдіруі тиіс.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG