Accessibility links

Маңғыстаудағы ереуілге халықаралық ұйымдар назар аудара бастады


"Қаражанбас" мұнай компаниясының жұмысшылары ереуілдеп тұр. Ақтау. Мамыр, 2011 жыл.

"Қаражанбас" мұнай компаниясының жұмысшылары ереуілдеп тұр. Ақтау. Мамыр, 2011 жыл.

Ирландиялық Front Line құқық қорғау ұйымы жергілікті тұрғындардың өтінішімен Маңғыстаудағы ереуіл аймағын аралап жүр. Мексика, Испания, Палестина елдерінің жұмысшылар кәсіподағы мұнайшыларды қолдап, қазақ үкіметіне хат жолдады.


Қазір Ақтауда жүрген Front Line («Фронтлайн») құқық қорғау ұйымы өкілдері әйтсе де, журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартып отыр.

Тамыздың 26-сы күні Азаттық тілшісі есімін Мария ден таныстырған ұйым өкіліне хабарласқан кезде ол былай деп қысқа жауап қатты.

- Тікелей құқық қорғаушылармен байланысамын. Бұл – құпия ақпарат. Оны журналистерге бермейміз. Бұл ақпаратқа қатысты мысалдарды сайтымыздан көруіңізге болады. Тек бізге Қазақстаннан адамдардың хабарласқанын ғана айта алам, - деді Мария.

«Маңғыстау облысынан хабарласты ма?» деген сұрағымызға ол: «Бұл сұраққа жауап беруге өкілеттілігім жоқ» деді.

ҰЙЫМ МҰНАЙШЫ ҚЫЗЫНЫҢ ӨЛІМІНЕН ХАБАРДАР

Мұнайшылардың айтуынша, құқық қорғаушылардың құқығын қорғайтын ирландиялық Front Line ұйымы ереуіл аймағына осы аптаның ортасында келген. Олардың айтуынша, сәрсенбі күні ұйымның үш өкілі Қаражанбаста, ал бейсенбі күні Жаңаөзенде болған.

Жаңаөзендік мұнайшы Роза Төлетаеваның айтуынша, шетелдік ұйым өкілдері құқығы тапталып жатқан кәсіподақ жетекшілері мен ереуілшілер мәселесі туралы көбірек білгісі келген.

- Олар мұнда ереуілшілерге, кәсіподақ белсенділеріне қысым көрсетіліп жатыр ма деп сұрады. Қарапайым халық бар білгенін айтты. Ашынған халықтың аузын ешкім жаба алмайды, - дейді Роза Төлетаева тамыздың 26-сы күні Азаттық тілшісіне.
Әкімдік алдында отырған ереуілші мұнайшылар. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл

Оның айтуынша, құқық қорғау ұйымы осы аптада айуандықпен өлтірілген мұнайшы қызының өлімі туралы да естіген.

Құқыққорғау ұйымының алдағы жоспары, әзірге, белгісіз. Жағдайға қатысты ешқандай көзқарасын айтпаған құқық қорғаушылар мұнайшыларға да ешқандай уәде бермеген.

Ұйымның ресми сайтында «Front Line-ның мақсаты – күрделі шақта құқық қорғаушыларға жылдам практикалық көмек көрсету» деп жазылған.
Сайттағы мәліметтерге қарап, ұйымның Қазақстандағы құқық қорғаушылардың да қуғындалу мәселесін жіті бақылап келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, сайтта тамыздың 11-і күні ұйым Ақтауда құқық қорғаушы Наталья Соколованың алты жылға түрмеге кесілгені туралы хабарлама жарияланған.

ЕРЕУІЛШІЛЕРДІҢ ОРНЫНА ЖҰМЫСШЫЛАР АЛЫНА БАСТАДЫ

Үш айдан астам Маңғыстауда ереуілдеп жатқан мұнайшылар өздеріне қарсы қуғынның тоқтамағанын айтады. Мұнайшы Роза Төлетаеваның айтуынша, айлап жалақы алмаған кейбір отбасылар балаларын мектепке беруден бас тартып отыр.

- Мен де баламды мектепке жіберуден бас тартып отырмын. Мұндағы мұнайшылар балаларының өмірі үшін қорқатынын мәлімдеп отыр, - дейді Роза Төлетаева.

Оның айтуынша, Жаңаөзен мұнайшылары соңына дейін беріспеуге бекініп отыр.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде жұмысқа шығудан бас тартқан жұмысшылардың орнына жаңа еңбек күші келгені, кеніштегі жұмыстың қалыпқа түскені турасында баяндалған.

Ал «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» компаниясы болса, тамыздың 26-сы күні «Өзенмұнайгаз» өндіріс кешенінде жағдайдың тұрақталғанын хабарлады. Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде жұмысқа шығудан бас тартқан жұмысшылардың орнына жаңа еңбек күші келгені, кеніштегі жұмыстың қалыпқа түскені турасында баяндалған.

«Өндіріс процесін қалыпқа келтіру мақсатында «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» мамандарынан жасақталған жұмыс тобы құрылып, сол жерде тəуліктік өнім көлемін қалпына келтіріп, оны тиімді түрде арттыру тәсілдерін анықтау үшін Жаңаөзен қаласына кетті. Қазір өнім көлемі тұрақталды, тіпті оның артқаны да аңғарылады» деп жазылған компанияның баспасөз мәлімдемесінде.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛДАУ

Жаңаөзендік мұнайшылар осы апта басында Палестина, Мексика және Испания елдеріндегі жұмысшылар кәсіподағынан қолдау хат алдық деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл хат сонымен бірге қазақ үкіметіне де жолданған.

«Қазақстан үкіметінен жұмысшылардың әділетті талаптарын жедел орындауды талап етеміз: түрмеден жұмысшыларды босатуды, кәсіподақ жетекшілерін қуғындауды тоқтатуды, еркін кәсіподақ астына бірігу құқығын сақтауды, еңбекшілердің жалақысын өсіріп, жұмыс ауырлығын ескеріп, қосымша төлемақы төлеуді талап етеміз...» деп жазылған хатта. Хаттан үзіндіні Азаттық радиосына мұнайшылардың бірі оқып берген болатын.
Еуропарламент депутатымен кездесуге жиналған мұнайшылар. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл

Әзірге, бұл хаттың үкіметке жеткені-жетпегені белгісіз. Жұма күні үкіметтің баспасөз қызметіне хабарласқанымызбен жауап ала алмадық.
Тамыздың 25-і күні Варшава қаласындағы құқық қорғаушы Балли Мажец Жаңаөзенде кісі қолынан қаза болған мұнайшы қыздың туыстарына хат жолдап, көңіл айтты.

«Қазақстанда мұнайшылардың бірі Құдайберген Қарабалаевтың қызы Жансәулені өлтіріп кеткені туралы қаралы хабар естідік. Бұған жанымыз қатты түршігіп отыр. Кенеттен қыршыннан қиылған жас қыздың өмірі алда еді. Біз Жансәуленің туғандары мен жақындарына және барлық жаңаөзендіктерге қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз» деп жазады хат авторы.

Ол хатта сонымен бірге әлеуметтік құқықтарын талап еткен мұнайшыларды қолдайтынын жеткізген.

Осыдан бес-алты күн бұрын Жаңаөзенде мұнайшылар белсендісі Құдайберген Қарабалаевтың 18 жастағы қызы із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Көп кешікпей жергілікті полиция қала сыртынан оның мәйітін тауып алады. Туыстарының айтуынша, мәйіттің басында ауыр соққының іздері қалған.

Бұл іске қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG