Accessibility links

Шағымнан соң компартия тексеруге ілікті


Қазақстан коммунистік партиясының Оралдағы белсенділері 1917 жылғы Октябрь революциясының 93 жылдығы құрметіне өткен митингіде. Орал, 6 қараша 2010 жыл.

Қазақстан коммунистік партиясының Оралдағы белсенділері 1917 жылғы Октябрь революциясының 93 жылдығы құрметіне өткен митингіде. Орал, 6 қараша 2010 жыл.

Аймақтардағы филиал басшылары кететіндерін мәлімдеген Қазақстан коммунистік партиясын әділет министрлігі тексере бастады. Әуелгі тексеріске ілінген – партияның Орал қалалық бөлімшесі.

Қазанның 14-інен бері Қазақстан коммунистік партиясының Орал қалалық бөлімшесін Батыс Қазақстан облыстық әділет департаменті тексеріп жатыр.

Тексеруші мекеме өкілі – әділет департаменті бастығының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов бұл шараға не себеп болғанын хабарлаудан бас тартты. Ол тек «әділет министрлігінің бұйрығы бойынша әрекет етіп жатқанын», тексеру қазанның 17-сіне дейін жалғасатынын мәлім етті. Хамидолла Құсдәулетов әділет департаменті өкілдерін партия филиалы басшылары кеңселеріне кіргізбей қойғанын айта келе:

– Олардың бізді кіргізбей қойғаны қаншалықты заңды? Бізге «құжаттарыңыз дұрыс емес» дейді, ал шын мәнінде біздің барлық құжаттарымыз түгел, – деді Азаттық тілшісіне.

«МАҚСАТТАРЫ – ПАРТИЯНЫ ЖАБУ»

Қазақстан коммунистік партиясының Оралдағы бөлімше жетекшісі Василий Шамин «Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментінің өкілдері өткен аптада келгенде кеңсеге кіргізбей қойғандарын» растады.

– Қажетті құжаттары болмағандықтан оларды кіргізбей қойдық. Қазір де қажетті құжаттары толық емес, – дейді партия филиалы басшысы.

Василий Шаминнің сөзінше, әділет департаменті партияның Орал қалалық бөлімшесінде мүшелікке тіркелген 7 мың 500-ге жуық адамның тізімін тексеріп жатыр.

– Біз мұны партиямызды жабу немесе жұмысын тоқтату мақсатында жүргізіліп отырған арандату әрекеті деп есептейміз. Біздің болжамымыз бойынша билік тарапынан жасалып жатқан мұндай әрекеттер Қазақстанның халықаралық беделін арттырмайды, – деді тексеруге байланысты сотқа шағым әзірлеп жатқанын айтқан Василий Шамин Азаттық тілшісіне.

Қазақстан коммунистік партиясы Орал қалалық бөлімшесінің жетекшісі «бұл тексеруге партияның Ақтөбе, Талдықорған, Маңғыстау, Қызылордадағы бөлімшелері жетекшілерінің әділет министрлігіне жазған шағымдары түрткі болған» деп есептейді.

– Әділет министрлігі өздеріне өтініш жазған-мыс азаматтардан шағым қабылдаған. «Жазған-мыс» дейтін себебім, ол өтініштерді сол адамдардың дәл өздері жазғанын дәлелдейтін ешқандай сенімхат жоқ, өтініштердің көшірмесі ғана бар, – дейді Қазақстан коммунистік партиясы Орал қалалық бөлімшесінің жетекшісі Василий Шамин.

«ПАРТИЯДАН АДАМДАР КЕТЕ БАСТАДЫ»

Қыркүйек айының соңында Қазақстан коммунистік партиясының бірнеше қаладағы бөлімшелерінің жетекшілері «партияның жұмысы тұралап қалғанын» айтып, партия қатарынан кететіндерін бір мезгілде мәлімдеген.

Наразы филиал басшыларының бірі – партияның Ақтөбедегі бөлімшесі жетекшісі Жолдас Ерекенов баспасөз мәслихатын өткізіп, «партия мүшелерінің шынайы санын тексеріп, оның легитимділігіне байланысты заңды шешім қабылдауды» әділет министрлігінен сұрайтынын айтқан.

Қазақстан коммунистік партиясы

1996 жылы құрылып, соңғы мәрте 2003 жылы қайта тіркеуден өткен Қазақстан коммунистік партиясына бұрынғы Жоғарғы кеңес төрағасы, тәжірибелі оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен. 1999 жылы өткен парламент сайлауында партия парламент мәжілісінен екі орын иеленген.

2004 жылы партия екіге жарылып, Владислав Косарев бастаған бір топ Қазақстанның коммунистік халық партиясын құрған.

Қазақстан коммунистік партиясы 2004 жылғы парламент сайлауында орынсыз қалып, 2007 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан. 2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында Әбділдин басқарған Қазақстан коммунистік партиясының қызметіне 6 айлық тыйым салынып, Косарев бастаған Қазақстанның коммунистік халық партиясы парламент мәжілісінен жеті депутаттық орын алған.

Қазақстан коммунистік партиясы басшысы Серікболсын Әбділдин 2010 жылы жетекшіліктен өз еркімен бас тартып, орнына Ғазиз Алдамжаровты ұсынған еді. Биыл Алдамжаров денсаулық жағдайына байланысты қызметтен уақытша кетіп, жетекшілікті Төлеубек Махыжановқа тапсырған.

Қазақстан коммунистік партиясынан кетушілердің енді бірі – партияның Талдықорған қаласындағы бөлімшесінің жетекшісі Людмила Гуляк мұндай шешім қабылдауына «соңғы уақытта партия жұмысының нашарлап кетуі негіз болғанын» айтады.

– Серікболсын Әбділдин (партияның 2010 жылға дейінгі басшысы – ред.) кетіп қалды, Ғазиз Алдамжаров (партияның Әбділдиннен кейінгі басшысы – ред.) ауырып жатыр. Партия обкомы жұмысының негізгі стимулы газет еді – қазір газетіміз де жоқ, жазылушылар да жоқ. Қысқасы, адамдар партиядан біртіндеп кете бастады, – деді Людмила Гуляк Азаттық тілшісіне.

Ол «партиядан кету туралы шағымды өз еркімен жазғанын, билік тарапынан еш қысым болмағанын» мәлімдеді.

Партияның Талдықорғандағы бөлімшесіне он жыл жетекшілік еткенін айтқан Людмила Гуляк өңірдегі партия мүшелерінің саны туралы мәлімет бере алмады.

Өзін советтік компартияның ізбасары санайтын Қазақстан коммунистік партиясы мүшелері бұған дейін де басшыларына наразылық танытқан еді. Биыл қыркүйектің соңында саяси ұйымның бірнеше мүшесі «партияның ауруға шалдыққанын бұдан әрі жасыруға болмайтынын» мәлімдеген.

Азаматтық белсенді Алпамыс Бектұрғанов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 23 қыркүйек 2014 жыл.

Азаматтық белсенді Алпамыс Бектұрғанов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 23 қыркүйек 2014 жыл.

Қыркүйектің 23-і күні компартия мүшесі, қоғамдық белсенді Алпамыс Бектұрғанов Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «өзін партия мүшелігінен сырттай шығарып тастаған компартия басшылығы әркімнің ықпалында қалғанын» айтқан. Оның сөзінше, «компартия басшылығынан Ғазиз Алдамжаров уақытша кеткелі партия жұмысы тоқтаған».

Іле-шала қыркүйектің 24-інде баспасөз мәслихатын өткізген компартия мүшелері Владимир Косяченко мен Мәдел Исмаилов партияның «ауруға шалдыққанына үш-төрт жыл болғанын, бірақ оны ашық айтудың сәті енді түскенін» жария еткен. Олар: «Біз партияны құлатуды көздемейміз. Ол өзі де құлап қалған» деп мәлімдеген.

Партияның қазіргі басшысы Төлеубек Махыжанов ұйымның кейбір мүшелерінің соңғы айлардағы әрекеттерін «саяси астары бар іс, партияны құрту амалы» деп сипаттайды. Ол қазір партияның 60 мыңға жуық мүшесі бар екенін, аймақтардағы барлық бөлімшелері қалыпты түрде жұмыс істеп жатқанын айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG