Accessibility links

Ресей мен Қазақстан біріккен әуе қорғанысын құрмақ


Ресейдің С-300 зениттік-зымыран жүйесі. Ресей, Астрахань облысы, 11 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің С-300 зениттік-зымыран жүйесі. Ресей, Астрахань облысы, 11 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей Қазақстанмен біріккен әуе қорғанысы жүйесі келісімін ратификациялады. Құжатты Қазақстан парламенті әлі талқылаған жоқ. Cарапшылар «бұл - екі ел қауіпсіздігін көздейтін құжат» дейді.

Биыл қаңтардың 30-ы күні Астанада қол қойылған Қазақстан мен Ресейдің әуе шабуылынан қорғану (ӘШҚ) бірыңғай аймақтық жүйесін құру туралы келісімін Ресей Федерация кеңесі (парламенттің жоғарғы палатасы) желтоқсанның 25-і күні ратификациялады. Енді бұл құжат Қазақстан парламенті талқысына түсуі тиіс.

Келісім-шартқа сәйкес, әуе қорғанысы бірыңғай аймақтық жүйесі күштерін екі елдің қорғаныс министрлері ұсынуымен Қазақстан мен Ресей президенттері тағайындаған қолбасшы басқарады. Аймақтық жүйе командованиесі Алматы қаласында орналасады. Соғыс қаупі немесе әлдебір әскери қатер төнген жағдайда Қазақстан мен Ресей өз әскерлерін «ұлттық заңда қарастырылған тәртіппен» қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.

Бес жылға бекітілген келісім келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылуы мүмкін.

ЖҮЙЕ ТУРАЛЫ РЕСМИ ПОЗИЦИЯ

Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генералы Нұрлан Орманбетов Азаттық тілшісіне «екі елдің әуе кеңістігі қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірыңғай аймақтық әуе қорғанысы жүйесі туралы келісім Қазақстан суверенитетіне қауіп төндірмейді» дейді.

С-300 зениттік-зымыран кешені.

С-300 зениттік-зымыран кешені.

​- Бұл келісімнен біз ұтылмаймыз. Қару-жарақ, қарулы күштер мен құралдардың бірыңғай жүйесі бұрынғысынша қалады. Керісінше, біз бұл келісімнен ұтуға тиіспіз, - дейді генерал Нұрлан Орманбетов Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, келісім-шарт негізінде Ресей Қазақстанға бес С-300 дивизионын беруі тиіс.

Бірақ баспасөзде «Ресей С-300 зениттік-зымыран кешендері сияқты жаңа ӘШҚ құралдарын Қазақстанға бірыңғай аймақтық жүйе туралы келісім күшіне енгеннен кейін ғана береді» деген хабар тарады. Бірақ генерал Нұрлан Орманбетов «Бұл техникаларды беру мәселесі Қазақстан мен Ресей арасында бұрын бекітілген әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімде қарастырылған» деп түсіндіреді.

ӘШҚ бірыңғай аймақтық жүйесі туралы келісімде ақпарат алмасу мен басқа міндеттерді шешу де қарастырылған. Азаттық тілшісінің «Бұл келісімде соғыс уақытында әуедегі нысананы атып түсіру мен бейбіт заманда тұтқиылдан туындайтын әскери-соғыс міндеттерін шешу мәселесі де қарастырылған ба?» деген сұрағына генерал Орманбетов «Жүйенің мақсаты да осы» деп жауап берді.

Генерал Нұрлан Орманбетов Алматы түбінде орналасқан әуе шабуылынан қорғану күштерінің командалық пункті жабдықтары (ӘҚҚ КП) тозғандықтан, әуе қорғанысының бірыңғай аймақтық жүйесінде қарастырылған міндеттерді орындай алмайды деген болжамдарды үзілді-кесілді теріске шығарады. Генералдың айтуынша, «мәселе әуе шабуылынан қорғану күштерінің командалық пункті жабдықтарында емес, нақты күштер мен құралдарда». Ол «қазір бұл мәселе әуе қорғанысына қажетті заманға сай құралдарын Қазақстанға беретін Ресейдің көмегімен шешіліп отыр» дейді.

ЕКІ ЖҮЙЕНІҢ ҰҚСАСТЫҒЫ МЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Ресей мен Қазақстан ТМД елдерінің бұған дейін құрылған ӘШҚ біріккен жүйесі туралы келісімге де қол қойған.

Генерал Орманбетов ТМД елдері арасында 1995 жылы Алматыда бекітілген ӘШҚ-ның біріккен жүйесі туралы келісімді де жоғары бағалап, биыл қыркүйек айында өткен «Әскери ынтымақтастық-2013» оқу-жаттығуларын мысалға келтіреді.

«ТМД-ға мүше кейбір елдер арасындағы саяси алауыздық достастық елдерінің біріккен жүйесіне кедергі келтірмей ме?» деген сұраққа генерал Нұрлан Орманбетов:

- ТМД-ның ӘШҚ біріккен жүйесін құруға мүдделі елдер жұмыс істеп жатыр, - деп жауап берді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин.

​ТМД-ның ӘШҚ біріккен жүйесін құру туралы келісімге 1995 жылы тоғыз ел - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украина қол қойды. Алайда «Әскери ынтымақтастық-2013» жаттығуларына бес мемлекет - Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан ғана қатысты.

Генерал Орманбетов ТМД ӘШҚ біріккен жүйесі мен Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай аймақтық жүйесі арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарын Азаттыққа былай түсіндіреді:

- Ақпарат алмасу бұрынғысынша қалады. Бірыңғай аймақтық жүйе аясында әуе қорғанысы жүйесін кеңейту ғана қарастырылған.

Ресей мен Қазақстан ӘҚҚ бірыңғай аймақтық жүйесі әуе кеңістігіндегі нысананы атып түсіруді қарастырса, ТМД ӘШҚ біріккен жүйесінде көбінесе ақпарат алмасу ғана қарастырылған.

Генерал Нұрлан Орманбетовтің айтуынша, Ресей мен Беларусь елдерінің арасында осыған ұқсас аймақтық бірыңғай жүйе былтырдан бері жұмыс істейді.

- Ресейліктер Беларусь елінде өзінің авиациялық базасын ашып, әуе қорғанысы саласына жаңа С-300 техникасын беріп жатыр, - дейді ол.

Ақпарат құралдары «Ресей мұндай бірыңғай аймақтық жүйені келешекте Армения, Қырғызстан және Тәжікстанмен де құрмақ» деп хабарлайды.

«ҚАЛПАҚ АСТЫНА» ЖИНАУ

Аты-жөнін атамауды өтінген тағы бір қазақстандық авиация генаралы «Ресей мен Қазақстан арасындағы бұл келісім екі жақтың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді» деген пікірді құптайды. Оның айтуынша, бұл келісімнің арқасында Қазақстан әуе шабуылынан қорғаудың заманға сай әрі тиімді құралдарына ие болады. Ал әзірше «Қазақстанда бірнеше С-300 кешені ғана бар, әуе қорғанысының қалған құралдарын ескірген деуге болады».

Оның пікірінше, Ресей ӘШҚ бірыңғай аймақтық жүйесі туралы келісім арқылы әуелі Қазақстанды, кейін Армения, Қырғызстан және Тәжікстанды Беларусь сияқты өзінің әуе қорғанысы «қалпағы астына» тартуға тырысып отыр.

Азаттықпен сұхбаттасқан генералдың айтуынша, келісімдегі «аймақтық» деген негізгі ұғымның мәнін ашып алған жөн. Өйткені бұл жүйе Ресей үшін ғана «аймақтық» болып саналады, ал Қазақстан, Беларусь немесе Армения, Қырғызстан және Тәжікстан үшін бұл жүйенің «аймақтық» мәні жоқ. Бұл елдер үшін ӘШҚ жүйесі бар болғаны Ресеймен бірігіп құрған қорғаныс тәсілі ғана. Ал Ресей Орталық Азия, Закавказье және Батыс аймақтары бойынша жеке-жеке жүйе құрып жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин дүрбімен әскери жаттығу барысын қарап отыр. Ресей, 17 қыркүйек 2012 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин дүрбімен әскери жаттығу барысын қарап отыр. Ресей, 17 қыркүйек 2012 жыл.

​ - Ресейдің батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстігік шекараларының түбінде зымыранға қарсы қорғаныс элементтерін орнатып жатқан Батыстың әрекеті Ресейді осындай қадамға итермелеп отыр, - дейді әскери сарапшы Азаттық тілшісіне.

Запастағы генералдың пікірінше, әуе шабуылынан қорғану күштерінің Алматы қаласы түбінде орналасқан командалық пункті ТМД елдерінің 1995 жылы Алматыда бекітілген ӘШҚ біріккен жүйесі туралы келісіміне сәйкес әзірше әуедегі жағдай туралы ақпарат беруге ғана қабілетті.

Сондықтан ӘШҚ бірыңғай жүйесі туралы келісім аясындағы жауынгерлік міндеттерді орындау үшін оның сапасын жақсарту қажет.

«Әскери қарым-қатынас тұрғысынан алғанда, Қазақстан бұл келісімнен ұтады» деген генерал бұған дейін Беларусьпен осындай келісімге отырған Ресей қазір ол жерде өзінің әскери базасын ашып, әскери қызметкерлерін орналастырып қойғанын да айтады.

«Егер мұндай «үлкен» келісім ТМД елдері арасында бұрыннан бар болса, Қазақстан-Ресей арасында тағы бір «кішкентай» келісім жасау неліктен қажет болды?» деген сұраққа генерал бейбіт заманда «үлкен» келісім тиімді жұмыс істемейді деген уәж айтты.

Алайда оның пікірінше, «әдетте әскери ынтымақтастық кей кездері бір-бірімен келіспей қалатын мемлекет басшыларының саяси ерік-жігеріне қарай өзгеріп отыратындықтан, соғыс уақытында бұл келісімге үміт артуға болмайды. Мемлекет басшылары «тату» болса ғана, мұндай әскери ынтымақтастық тиімді болуы мүмкін. Оның үстіне, қазір Ресей шекарасы түбіндегі жағдай қиындап бара жатыр, ал «үлкен» келісімде ақпарат алмасу міндеттері ғана қарастырылған».
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG