Accessibility links

Қазақстан ИМ-ді террористік ұйым деп таныды


"Жиһадшы қазақ балалары" туралы видеодан алынған скриншот.

"Жиһадшы қазақ балалары" туралы видеодан алынған скриншот.

Қазақстан «Ислам мемлекеті» экстремистік тобын ресми түрде террористік ұйым деп таныды.

Қарашаның 2-сі күні Қазақстандағы жергілікті БАҚ беттерінде жарияланған ақпарат бойынша, Астана сотының қаулысы Қазақстан бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің сайтында жарияланған.

Алайда сот шешімі қазанның 15-і күні шықса да, қарашаның 2-сіне дейін ол ақпарат жарияланбаған тәрізді. Сөйтіп Қазақстан ИМ-ді террористік ұйым деп Ресей мен Орталық Азияның басқа елдерінен кейін ғана таныды, тіпті мұндай шешімді аймақта ең соңғы болып қабылдады деуге болады.

КЕШІККЕН ШЕШІМ

Іnformburo.kz жаңалықтар сайты «осы кезге дейін ИМ Қазақстанда тыйым салынған экстремистік және террористік топтар тізімінде болмаған еді» деп жазды. Мәселен Ресей жоғарғы соты ИМ-ді террористік топ деп танып, оның Ресей аумағында әрекет етуіне 2014 жылдың желтоқсанында тыйым салған еді.

Қырғызстан астанасы Бішкектегі сот мұндай шешімді наурыз айында шығарып, ИМ-ді экстремистік және террористік топ деп мойындады. Тәжікстанның жоғарғы соты елдегі жоғары санатты полиция командирі Гулмурод Халимов ИМ қатарына өтіп кеткен соң, мамыр айында бұл ұйымды террористік топ деп тануға мәжбүр болды.

Жаңалықтарда ИМ-нің Өзбекстанда да әрекет жасауына тыйым салынғаны айтылады, бірақ террористік ұйым деген ресми қаулы шықпаған. Қазақстанның ИМ жасағын террористік топ деп ресми мойындауға асықпағаны таңғалдырады.

Ел азаматтарының ИМ содырларының үндеуіне еріп, радикалданып жатқаны айтылса да, Астана ИМ сапында соғысып жатқан қазақтар туралы мәлімдемеге сақтықпен қарап келді. Бірақ Қазақстанда ИМ тобын насихаттайды деп танылған интернет ресурстар жабылды, олардың үгітін таратуға тыйым салынды.

"Заңсыз" деп жарияланған "Жиһадшы қазақ балалары" туралы видеодан алынған скриншот.

"Заңсыз" деп жарияланған "Жиһадшы қазақ балалары" туралы видеодан алынған скриншот.

2014 жылдың қарашасында Қазақстан ИМ жаттығуынан өтіп жатқан этникалық қазақ балалары туралы «заңсыз» бейнебаянды жариялауға тыйым салды.

Қазақстан ИМ материалдарын көрсетеді деген елдегі және шетелдік сайттарды құлыптап тастады. Өткен айда Астана соты Vimeo бейне алмасу сайтын құлыптауға шешім шығарды, сот «олар ИМ-ді насихаттайды» деген уәж айтты.

КЕРРИДІҢ ЫҚПАЛЫ БАР МА?

Сонымен Қазақстан неліктен енді ғана ИМ-ді террористік топ деп таныды? Азаттықтың «Кишлок овози» блогын жүргізетін тілшісі Брюс Панниер«Қазақстанның осы уақытқа дейін бұндай шешім шығармай келгеніне қайранмын. Бұл елде отбасымен Сирия және Иракқа кетіп жатқандар бар емес пе еді. Мен тіпті Қазақстан тыйым салған террористік ұйымдар тізімінен ИМ-ге орын жетпей қалды ма деп ойлай бастаған едім» дейді.

ИМ-ді ресми түрде террористік ұйым деп жариялауына бұл елдің ИМ-ді насихаттаушылар мен әсіредіншілдерге қарсы күресті бұрынғыдан да күшейту ниеті себеп болуы мүмкін. Соңғы айларда ИМ сапында соғысып жүрген қазақтар көп көзге түсіп жатыр, әсіресе, әлеуметтік желіде белсенді болып кетті.

ИМ-ге қатысты материалдарды құлыптау немесе Қазақстан азаматтары ашқан аккаунттарды жабу Қазақстанға қиын тиіп жатыр.

Өткен айда өзін Әбу Айша Казахи деп атаған содыр ИМ бақылайтын аумақта әскери жаттығудан өтіп жатқан кішкентай баланы түсірген видео жариялады. Мосулде тұратын Әбу Айша бұған дейін өз ұлының және ИМ бақылайтын Ирактағы басқа қазақ балаларының суреттерін интернетке жариялаған еді.

Әлеуметтік желіде өзін Әбу Айша Казахи деп таныстырған содыр ИМ сапындағы балалардың суреттерін жариялап келеді.

Әлеуметтік желіде өзін Әбу Айша Казахи деп таныстырған содыр ИМ сапындағы балалардың суреттерін жариялап келеді.

Қазақстанның ИМ-ді террористік топ деп ресми түрде қарашаның 2-сі күні жариялауына АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің сапары ықпал етті ме? Қазақстанға қазанның 1-і күні барған Джон Керри Орталық Азияның (ОА) бес мемлекетін аралап жүр. Оның ОА елдеріне арналған сапары бұл елдермен коммерциялық байланыс орнатуды ғана көздемейді, аймақтағы ИМ қатеріне қарсы қауіпсіздік мәселесін талқылауға да арналған.

Мәскеу ОА аймағына өз ықпалын арттыру үшін «ИМ қатерін» тиімді қолдана бастады. Керри ОА-ға аттанар алдында Ресей «ИМ аймаққа Ауғанстан тарапынан келмек» деп қауіпті жақындатып қойды.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) төрағасы Александр Бортников «ИМ ОА-ға қатерді бұрынғыдан бетер төндіріп келеді, содырлар ТМД елдерінде «террорлық және диверсиялық шабуыл жасау үшін» шағын топтар құрып жатыр» деп мәлімдеді.

Осы айдың басында Қазақстанға жасаған сапарында Путин «ИМ қаупін» ОА елдерімен әскери одақ құру мақсатында пайдаланғысы келетінін байқатты. Ол ТМД елдері басшыларына «Ауғанстаннан келетін террор қаупіне қарсы тұратын бірлескен күшті желтоқсан айынан бастап құруды» ұсынды.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG