Accessibility links

ИМ-ға бару райынан қайтқандар ісі насихатқа айналды


ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев. 3 қаңтар, 2013 жыл. Алматы.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев. 3 қаңтар, 2013 жыл. Алматы.

Қазақстанда Сирияға "кетпек" төрт адамның жолын кескені хабарланды. Билік бұл оқиғаны радикалды ағым жетегінде жүргендерді райынан қайтаруға пайдалануға тырысады.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының сайтында осы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жарияланған. Сол мәлімдемеде «Салафия» ұйымы және 2013 жылдың ақпанынан Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамаат» діни қозғалысының құрамындағы тағы 32 адамның шетелге шығуына шек қойылғаны айтылады.

«БАСҚАЛАР ҮШІН ҮЛГІ»

Өскеменде орын тепкен YK-news.kz веб-сайтының жазуына қарағанда, елден шығуға тыйым салынған әлгі төрт адам туралы мардымды ақпарат жоқ. Аймақтық прокуратура тек олардың әрқайсысының өз бетінше әрекет еткенін, өзара еш байланысы жоқтығын айтумен шектелген.

"Сирияда соғысып жүр" делінген Қазақстандық жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
"Сирияда соғысып жүр" делінген Қазақстандық жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Сирияға аттанбақшы болып жүрген олар Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына ілігіп, көп ұзамай құрықталыпты.

Шығыс Қазақстан облыстық прокурорының орынбасары Нұрлан Бижановтың айтуынша, төртеуі де қазір Сириядағы "соғысқа қатысу ниеттерін өзгертіп, райларынан қайтқан", оларға ешқандай қылмыстық айып тағылмапты.

– Түсіндіру жұмыстары жүргізілді, қазір олар біздің бақылауымызда, – деді Н.Бижанов.

Сириядағы соғысқа қатысу пиғылдарын өзгертіп, жазадан босатылған төртеудің оқиғасы радикалды топтың қатартына қосылуды ойлап жүргендерге үлгі ретінде көрсетіліп жатыр. Билік «бұзық пиғылдарыңды өзгертсеңдер сендер де жазадан құтыласыңдар» дегенді басқаларға жеткізгісі келетін сыңайлы.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰПИЯ АҚПАРАТ

Осы ақпарат таратылардан екі күн бұрын, яғни 2 ақпанда Батыс Қазақстан облыстық прокурорының орынбасары Аспенби Жарылғасов осы өңірден Сирияға соғысуға аттанған адамдардың "барлығының аты-жөні белгілі" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, «Ислам мемлекеті» және басқа да қарулы топтардың қатарына қосылу үшін осы облыстан Сирияға кеткендердің ісі «арнайы прокурорлардың жіті бақылауында» екен..

"Сирияда жүр" делінген қазақтар түсірілген видеодан скриншот.
"Сирияда жүр" делінген қазақтар түсірілген видеодан скриншот.

– [Сирияға] кеткендердің санын білеміз, аты-жөндерін де анықтадық. Тергеу жүріп жатыр, – деген А.Жарылғасов mgorod.kz сайтына берген сұхбатында. Бірақ ол «ел ішінде насихат болмас үшін Батыс Қазақстаннан Сирияға кеткендердің санын айтпаймыз деген.

Аталған сайттың хабарлауынша, Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалындағы балаларға арнап «Ұрланған балалық» деген видео әзірлеген. Бұл видео аймақтағы білім беру мекемелеріне таратылған.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ВИДЕОЛАР

Осыдан біраз бұрын Қазақстан Сирияда идеологиялық және әскери дайындықтан өтіп жатқан қазақ балалары туралы насихаттық мазмұндағы видеоны көрсетуге тыйым салған. «Жақсылыққа барар жол» деп айдар тағылған сол видео былтыр қарашада жарық көріп, жұртшылықтың наразылығын туғызған еді.

Ересек адамның нұсқауымен "Ресей тыңшысы" деген адамдарды атып тұрған бала түсірілген видеодан скриншот.
Ересек адамның нұсқауымен "Ресей тыңшысы" деген адамдарды атып тұрған бала түсірілген видеодан скриншот.

Өткен айда жарық көрген екінші видеода дәл сол қазақ балалардың «Ислам мемлекеті» ұйымы «Ресей үшін тыңшылық жасады» деп айыптаған екі адамды өлтіргені бейнеленген. Қазақстанда бұл видеоға да бірден тыйым салынды.

Қазақстан өкіметі Сирияда қанша азаматының соғысып жатқаны туралы нақты ресми дерек берген жоқ. Дегенмен, былтыр ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев Сирияда 300-ге жуық адамның жүргенін, олардың жартысы әйел екенін айтқан. Бұл 2013 жылғы қарашада жарық көрген видеоға қарап жасалған долбар болса керек. Себебі сол видеода Сирияда жүрміз деген 150-ге тарта қазақты көрсетеді. Сол видеороликте олар онда әйел, бала-шағаларымен барғанын айтады.

Джоанна Парасщуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG