Accessibility links

Имам саясатпен айналыспаса, саясат имаммен айналысады


Мешітте жұма намазға жиылған жәмиғат. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл.

Мешітте жұма намазға жиылған жәмиғат. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны қайнап тұрған кезде мешіттерде жұма күнгі уағызда «билікке мадақтау айтылады» деп мәлімдейді дінтанушылар.


Қазақстан Республикасы өзін дін мемлекеттен бөлінген, зайырлы мемлекет ретінде жариялады. Ал саяси биліктің үгіт-насихат науқанын мешіттерде жүргізуі конституция мен шариғат заңына қайшы келмей ме? Биліктің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын өзінің үгіт-насихат науқанында пайдалануы, жұма намаздарда қазіргі билікке мадақ айтқызуы – жәмиғатты, араб елдеріндегідей, биліктің өзіне қарсы көтермей ме?

Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелінде осы мәселелерді талқылайды.

Қатысушылар: «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығының президенті, жазушы Бейбіт қажы Сапаралы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, тәуелсіз сарапшы Дос Көшім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы, республикалық «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек және Шығыстану институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы - Әшірбек Мүмінов.


Жүргізуші:

– Дінді мемлекеттен бөліп, зайырлы саяси жүйе құрған Қазақстанның кейбір діни бірлестіктері сайлау қарсаңында жұма намазы кезіндегі құтпада президент тағына үміткер тек бір ғана тұлғаны ғана уағызға қыстыра кетуді әдет қылды. Бұл әрекет Конституцияға қарама-қайшы келмей ме және өзге үміткерлердің саяси құқығына нұқсан келтірмей ме?

Оңғар қажы Өмірбек:

– Бұндай ақпараттың қайдан алынғанын білмеймін. Бізде бір тұлғаны насихаттау мүлдем болған емес және болмайды. Мешіт имамдарына 177 тақырыпты беріп қойғанбыз. Бір жылда 53-54 апта бар. Сол аптаның жұма күндеріндегі жұма құтпасындағы берілетін уағызға үш тақырыптан ұсынғанбыз. Бұл бекітілген. Олар соның қайсысына жақсы дайындалса, соны айта береді. Ал оның ішінде сайлау мәселесі мүлдем жоқ.

Онан кейінгі мәселе – «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген қанатты сөз бар. Бұны билікті насихаттау деп түсінбеу керек. Мысалы, сөз арасында имамдарға сайлауға байланысты сауал қойылады. Онда имам: «Сен - осы елдің азаматысың. Тыныштық үшін,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз-хатшысы Оңғар кажы Өмірбек. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл.
бейбітшілік үшін, елдің бірлігі, ынтымағы үшін дауыс беру өзіңнің құқығыңдағы шаруа. Ал, кімді таңдайсың, кімге дауыс бересің, өзіңнің шаруаң», - деген қысқа жауап береді.

Ал мына көтеріліп отырған мәселе мүлдем қисынсыз, мешіттің уағызын тыңдамаған әлдебіреулердің бос сөзі деп есептеймін.

Бейбіт қажы Сапаралы:

– Біз алдымен жұма намазының мәнісін біліп алуымыз керек. Жалпы намаздың өзі Алла тағалаға құлшылық қылу. Рухани миғражға көтерілу. Соның ішінде жұма намаз Құрани Кәрімде атап айтылған құлшылықтың бірі - парыз амалы.

Құран Кәрімнің аятында «Алланы зікір ету үшін азан естілсе, жұма намазына келіңдер. Сауданы, басқа да әрекеттерді тоқтатыңдар» делінген.
Ал Оңғар қажының айтқанына келсек, мәселен, қазақстанда 5 мың мешіт болса, сол мешіттің бәрінде не айтылып жатқанын бірдей ести алмаймыз. Егер бәрінде солай болып жатыр десек, ғайбат айтқан боламыз. Ал өзіміз қатысып жүрген жұма намаздарына қарап, «осындай сарын бар» деп айта аламын.

Қазақстанда 11 миллион мұсылман бар. Елбасын құрметтейміз. Жұма намаздарынан басқа уақыттарда да айтып жатамыз. Жұма намазының соңында да елбасына, ел тыныштығына байланысты дұға айтылады. Оны әрбір мұсылман жеке тілегімен айта береді. Бірақ уағыздың ішінде оны қосу, құтпада қосу, құтпаның алдындағы уағызда қосу - өрескелдік және діннен шығаратын амал болып табылады.

Мен әр уақыттарда Астанада болып тұрамын. Былтыр Астанада болған бір жұма намазда мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі келіп, ОБСЕ (ЕҚЫҰ - ред.)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 16 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
туралы айтты. Сол ОБСЕ-нің жиыны өткен кезде. Және де отанға байланысты айтып келіп, Мұқағалидың ұзын-сонар өлеңін оқыды. Соның аяғында елбасымызға көптеген ұзақ мадақтар айтты уағызының ішіне қосып.

Онан кейін құтпа оқылған соң «Нұр-Астана» мешітінің имамы Қалижан қажы бөліп тұрып, «Біздің мүфтиіміз Әбсаттар мынандай адам, пәленше адам, түгенше адам. Қазақстанда ол болмаса дініміз өркендемейтін еді» деген сөздерді қосып келіп: «Міне, бүгін Алматыға кетіп бара жатқан жолынан қалып тұрып сіздерге келіп уағыз айтып отыр. Біз осыған бәріміз «Нұр-Астана» мешітінің атынан, Астана жамағатының атынан рахмет айтамыз» деген сөздер айтты.

Сонда намазымыз не болды. Біз Алланы ұлықтау үшін келдік пе, әлде жеке инсандарды ұлықтау үшін келдік пе?

Құтпадан кейін тәкпірдің арасында, егер шариғат білетін адам болса, ешқандай бөтен сөз айтылмауы керек. Жұма намазға келгенде ешқандай бөтен сөз араластырмау керек. Сауда арабта – тижәрад. Ол тек қана дүниәуи сауданы айтып отырған жоқ. «Дүниәуи істерді де айтпаңдар» дегенді Алла бұйырып тұр.

Араб елдеріндегі қазіргі жағдайға келсек, көптеген шетелдік ақпарат көздері теріс ұғым таратып жатыр.

«Мұсылман елдерінде жұма намаз күні көптеген көтеріліс болады, билік басындағыларға төңкеріс жасап жатыр» деген іспетті. Бірақ, Мысыр болсын, Ливия болсын, имамдар: «Сендер көшеге шығыңдар, билікті төңкеріңдер» деген саяси уағызды жұма намаз кезінде айтады деп ойламаймын. Себебі имамдардың көбісі отыз-қырық жыл бойы тапжылмай отырған адамдардың қойған өкілі. Олардың оған қарсы уағыз айтуы мүмкін емес. Жұма намаздан кейін ел жиналған кезде әртүрлі наразылық пікір болуы мүмкін.

Әшірбек Мүмінов:

– Мен бұл жерде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өкілінің сөзіне толығымен сенемін. Себебі, ол кісі – ресми адам. Болып жатқан уақиғаларды бізден жақсы біледі. Ал тарих жағынан тарихшы ретінде пікір айтуым мүмкін.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституцияда «Дін саясат жұмыстарына,
Шығыстану институты директорының орынбасары Әшірбек Мүмінов (оң жақта). Алматы, 15 қараша 2010 жыл.
саясат дін жұмыстарына араластырылмайды» деп анық жазылған. Оны бәріміз орындауға міндеттіміз.

Мұндай мәселе тарихта көп болған. Момын мұсылмандар мешітке құлшылық жасауға келеді. Бұл жерде тек қана құтпа мәселесінде пікірлер айтылып жатыр. Құтпаның соңында сол мемлекетте отырған әмір, патша, президентке мадақтар айтылады. Бұл әр уақытта істелініп келген практика.

Жалпы, мұсылман ғұламалары «Мемлекет басқарушысы - Алланың жердегі көлеңкесі» дегенді жиі айтады. Себебі «мемлекетте, қоғамда тыныштық болып, халықтың арасында ынтымақ болатын болса, барлық мұсылмандар өзінің құлшылығын, парызын ада етуге мүмкіншілік бар» деген сөзден келіп шығып, жұмыс істелінеді.

Жалпы, құтпа кезінде айтылған сөздерді кейбір адамдар қате түсініп, жеке пікірлерін айтып, интерпретация жасап жатса керек.

Дос Көшім:

– Сайлау алды үгіт-насихат басталғанына алты күн болды. Ондай мәселелерді, бәлкім, естірміз, бәлкім, естімеспіз. Бірақ бұл тек үгіт-насихатқа байланысты емес. Және сайлауға да қатысты емес.

Менің өз құлағыммен
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім. Алматы, 19 сәуір 2010 жыл.
естігенім: «Шапағат-Нұр» журналын шығарып жүрген Нұртай Ерназар деген қажы бар. Соның үйінің қасында, Рысқұлов көшесінде «Түрік мешіті» деген мешіт бар. Мен соның үйіне барып, әңгімелесіп тұрған кезімде, радиодан баяндама сияқты сөздерді естідім.

Кәдімгідей президентке байланысты, елбасыны мадақтаған, соған қайта-қайта жақсылық тілеген. «Мешітте осындай уағыз айтыла ма?» деп едім, «Иә, айтылады» деді.

Қазақ елін қазір «жағымпаздық» деген дерт жайлап алғанын білеміз. Одан қашып құтыла алмайтын да шығармыз. Ондай ауру, өкінішке қарай, діннің де ішіне тарады. Себебі олар да пенде. Олар өз жүректерімен айта ма, әлде жоғарыдағы біреулердің бұйрығымен айта ма - ол жағы беймәлім. Бірақ дін мен саяси мәселені және мемлекет басшысының атына байланысты мадақ мәселесін араластыру, мен үшін үлкен күнә секілді.

Себебі дін бойынша біз Аллаға табынамыз, соны мадақтауымыз керек. Ал оның орнына халықтың көзқарасын бұру үшін Алланың мінберін, оның үйін пайдалану, меніңше, күнә. Сондықтан ондай нәрсенің бар екенін жоққа шығармаймын. Сайлау науқаны кезінде одан да кеңірек көрінетін шығар. Ал «сайлау науқаны кезінде ғана куә болдық» деген артық нәрсе. Себебі бұл Қазақстанда көп жерде әлдеқашан орын алған.

Жүргізуші:

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы - Қазақстанда тіркелген республикалық діни бірлестіктердің бірі ғана. Бірақ, соған қарамастан, ірі қалалар мен облыс және аудан орталықтарындағы орталық мешіттердің барлығына дерлік құзыретін жүргізіп отыр. Сайлау науқаны кезінде саяси-әкімшілік жүйе Діни басқарманы мұсылман электоратына үгіт-насихатын жеткізу үшін қалай пайдаланып келеді? Мұндай іс-әрекет мұсылман жамағатының кері іс-қимылын туғызбай ма?

Дос Көшім:

– 1999 жыл мен 2000 жылдың арасында «Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесін» басқардым. Он төрт облыста барлық сайлау процесін бақыладық. Алдын-ала, бір ай бұрын - ұзақ мерзімді бақылау, сайлау болатын күні - қысқа мерзімді бақылау. Шынымды айтайын, ондай дерек алған жоқпыз. Әкімшілік мүмкіншіліктері пайданылады. Бірақ діни бағыттағы ұйымдардың, мешіттердің, діни құрылымдардың сайлау кезінде сайлау заңдарын бұзу туралы дерек - мен бақылаған бес жыл көлемінде байқалмады.

Оңғар қажы Өмірбек:

– Әшекең жақсы айтты. Әрине, үлкен намаздан кейін, аяғында бата жасалады. Бата - дұға қой. Оны имам өзі жасайды. Егер, мүфти өзі қатысып
Бұл дәріптеу емес, Алладан сабырлы болуын сұрау, тура жолын сұрау, әділ басшы болуын сұрау
отырса, өзі жасайды. Жұма намазының аяғында айтылатын батада «Бүкіл елге аспанымыз ашық болсын, дінімізге қуат берсін!» деп барлық тілектер айтылады. Соның ішінде елбасыға да айтуға неге болмайды. Оған «тура жол, сабырлылық, тауфих, ғидаят бер» деп сұрайды. Ешкімнің аты айтылмайды . Бұл дәріптеу емес, Алладан сабырлы болуын сұрау, тура жолын сұрау, әділ басшы болуын сұрау.

Бейбіт қажы Сапаралы:

– Алла тағала бізге сондай дәреже берген. «Азаттық радиосы осы уақытта осындай бір сөз айтты екен» деп діни басқарма мұқалып немесе мүфтият орынан құлап қалмайды. Әр-әр жерде жақсы мағынадағы сын айтылмаса, Қазақстанда имандылығымыз да көтерілмейді, діни істеріміз де дамымайды.

Желтоқсанның 17-сі күнгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жабық жағдайда өткізген құрылтайына бүкіл қазақстандық мұсылмандары наразы болды. Сіздің жаңағы сұрағыңызға жауаптың бірі - осы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайы - барлық пікірлер айтылатын жер. Ал біздің 2000 жылғы, 2005 жылғы, 2010 жылғы құрылтайымыз бір сағаттың ішінде жалғыз мүфтиді «Осы адамнан басқа адам жоқ!» деп орнына сайлаумен жабылып жатыр. Бұл - Қазақстан мұсылмандарының ішінде наразылық тудырып жатқан жағдай.

Ал енді Әшірбек мырза айтты: «Уағыз, құтпадан кейін барлық мұсылман
"Орбита" мешітіндегі уағыз айтып тұрған имам. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
елдерінде, тарихта бар, елдің басшысына, сұлтанына патшасына мақтау айтылады» деп.

Мақтау тек Алла тағалаға ғана айтылады.Және парызда да, құтпада да, алдындағы уағызда да тек Аллаға ғана айтылады. Ал намаздың соңында, Құран оқылғаннан кейін, ең аяғында елбасымызға мақтау айтылмайды. Алладан сұрайды. «Хидаят бер, тауфих бер» деп керісінше Алладан сұраймыз.

Меккедегі құтпалардың өзінде уағыздардың ішінде тек Алланы мадақтау айтылады. Ең соңғы дұғалардың ішіне: «Филистин халқына, Алла, азаттық бер, басындағы қиыншылықтан, зұлымдықтан арылт» деген сияқты сөздер қосылып жатады.

Қазақстандағы мешіттердің барлығы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының филиалы болып табылады. Олар ай сайынғы түсіп жатқан қаражаттың отыз пайызын діни басқармаға аударумен ғана емес, барлық жағынан тәуелді. Имамның сайлануы, наиб-имамның сайлануы, азаншының сайлануы.

1919 жылы Әлихан бастаған алаш азаматтары кадет партиясынан не себепті шықты. Кадет партиясында «дін істері мемлекетке бағынады» деп жазылған. Осыған қарсы болған. Алланы ұлықтау мен жеке адамдардың ісін араластыратын болсақ, міндетті түрде дін бұзылады.

Ал, Қазақстандағы 1992 жылы жазылған заң - өте жаман, өте нашар заң. Оны өзгертетін уақыт өтіп кетті. Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек. Алайда, соңғы он жыл ішінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын мемлекетке қарай бейімдеп кеттік.

Астанада отырған, Ақордада отырған, президент әкімшілігінде болсын, мәдениет министрі болсын, болмаса дін комитетінің төрағасы, бізбен
...кешегі «Егемен Қазақстанда» істеген, 1998 жылы Иранға барған сапары кезінде «Ет жемеймін!» деп кришнаиттық бағыт ұстанып жүрген Оңғар қажының діннен қандай хабары болуы мүмкін?
журналистикада бірге оқыған Ардақ Досжан болсын, діннен хабары жоқ. Болмаса, кешегі «Егемен Қазақстанда» істеген, 1998 жылы Иранға барған сапары кезінде «Ет жемеймін!» деп кришнаиттық бағыт ұстанып жүрген Оңғар қажының діннен қандай хабары болуы мүмкін? Бәріміздің де кемшілігіміз бар. Бірақ шамамыз келгенше үлес қоссақ деген ниеттеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мемлекеттегі алатын орны мен жағдайы күн өткен сайын мәдениет министрлігінің ішіндегі дін комитетінің қол жаулығына айналып бара жатыр.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ондай статуста болмауы керек. Он бір миллион мұсылманы бар қоғамдық ұйым мемлекеттегі саяси іске де араласпауы керек.

Көрші Қырғызстанда сәуір айындағы көтерілісте ең бірінші мүфтиятты басып алды. Мүфтиді үйқамаққа алды. «Садақадан, зекеттен жеген миллиондаған ақшаң қайда, соны әкел» деді. Екіншіден, түрмедегі «Хизб-ут-Тахрир», түрлі-түрлі жолдармен сотталған экстремистік террористік бағыттағы адамдардың бәрін босат деді. «Сонда біз Қырғызстанда «Халифат» құрамыз» деді. Демек, Қазақстанда да сондай жағдайдың қайталануы мүмкін.

Күні кеше ғана қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев сенатта сөйлеген сөзінде айтты: «Теракт Қазақстанда жоқ. Бірақ террористер қаптап жүр» деді. Осы сөзінің артында үлкен мәселелер жатыр.

Жүргізуші:

– Қазақстанда өзінің діни наным-сенім бостандығы мен саяси құқының ара-жігін ажырата білетін және осы екеуіне қатысты не ресми биліктің немесе билікпен ымыралас қандай да бір діни ұйымның ешбір амалына оңайлықпен шырмала қоймайтын мұсылман топтар, не тұлғалар бар ма? Олардың көзқарасы қандай?

Оңғар қажы Өмірбек:

– Діни басқарма – діни бірлестік. Қоғамдық негізде қолымызда ешқандай құзыр жоқ. Мысалы, діни кітаптар кез-келген баспадан шығарыла береді. Және кез-келген жерде, қара базарда сатыла береді.

Сондықтан да, Бейбіт айтқандай, 1992 жылғы 15 қаңтардағы қабылдаған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестік» жөніндегі заңды ауыстыратын, керек болса түбірімен өзгертетін уақыт әлдеқашан жетті. Әбсаттар дінбасы
Орталық мешітке келген жамағат ғаламдық қаржы дағдарысы кезінде мұсылмандардың қандай қағидаға жүгінуі керектігі жөнінде уағыз тыңдап отыр. Алматы, 27 наурыз 2009 жыл.
болып келгелі парламентте де, тіпті керек болса, кез-келген сұхбаттарында осыны айтумен келеді.

Біздің қолымызда шара жоқ. Екі рет дін заңын түбірімен өзгертетін жобаны ұсыныстарымен дайындап бердік. Конституциялық кеңестен екеуі де қайтарылды. Қай ел болса да өзінің қауіпсіздігі мен ынтымағын ойлауға тиіс.

Онан кейін, тағы бір нәрсе, халықтың діни сауатын арттыру керек. Қарапайым халықтың діни сауаты артқан кезде ағым, секталардың құны бес тиын болып қалады. Керек болса, мектептерде арнайы пән қабылдап, 9 сыныптан емес, бастауыштан бастап оқытса. Өйткені, тоғызыншы сыныпқа дейін неше түрлі ағым-секталардың жетегінде кетіп қалады. Біздің қолымыздан келгені сол, халықтың қайыр-садақасына 9 медресе ұстап отырмыз.

Халықтың діни сауаты төмен. Осыған байланысты мешіттердің жанына тегін курстар жұмыс істеп жатыр.

Бейбіт қажы Сапаралы:

– Меніңше, Қазақстанда бүкіл діндар қауымдарын алсақ, ақыл-есі дұрыс, елге, мемлекетке, дінге жақсы қызмет етем деп орта жолда жүрген, радикалданбаған топтағы азаматтардың саны өте көп. Оны Қазақстандағы дін істері жөніндегі комитет өз тарапына шоғырландыруы керек.

Ал, Қазақстан мұсылмандарының негізгі басым көпшілігі - Аллаға құлшылық етіп, Аллаға зікір етіп, өзінің мұсылмандығы мен ақыретін ойлап жүрген, күнделікті тіршілігінде биік лауазымға да ұмтылмай жүрген азаматтар. Оларды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өз құрылтайларына, конференцияларына тартуы керек.

Әлбетте, әртүрлі бағыттағы топтар да бар. Олар өздерінің жасырын да, жария да әрекеттерін істеп жатыр. Оларға шеттен келіп жатқан қаржы көздері де бар.

Ал орталық деңгейдегі, еліне, дініне, мемлекетіне жақсылық тілеп жүрген азаматтардың шеттен алар қаржылық көздері жоқ. Олардың пиғылдарында да шетке, басқаларға қызмет ету жоқ. Сондықтан да, олар өзінің барлық күш-қызметін осы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының аясында атқаруы тиіс. Көпшілік қауымның базына айтатын, реніш айтатыны себебі сол.

Дос Көшім:

– Оңғар қажының ащына сөйлегенінің өзі діннің мемлекеттен бөлек емес екенін көрсетіп отыр. 70 пайыздан астам мұсылмандардың басын біріктіріп отырған орталықтың ұсынып отырған заң жобасын мемлекет қайтарып отырса, мемлекет «діни бағыттағы саясатты қатты бақылап, өз қолында ұстап отыр» деген сөз. Шындығында да мемлекет дінді мықты ұстап отыр.

Екінші мәселе – «Белгілі бір бағыттарды басқаратын жеке бір тұлғалар бар ма?» дедіңіз. Меніңше, ондайлар өте көп. Себебі бізде бағыттар көбейіп кетті. Басқа діни секталарды былай қойғанның өзінде, исламның ішінде де жетерлік. Бірақ та олардың барлығы жартылай жасырын немесе жасырын жұмыс істейді. Сондықтан олардың басшылары, жетекшілері көзге түспейді. Бұл қорқынышты да, қауіпті нәрсе.

Менің ойымша, кінәнің бір шеті діни басқарманың өзінде. Егер діни басқарманың жұмысына мұсылмандардың көңілі толмаса, оған сыни пікірлер көбірек айтылса, жаңа Бейбіт қажы да біраз нәрсенің бетін ашып кетті. Осындай нәрселер болған сайын, мұсылман дініне келгендер өз жеріне
...бізде «Мемлекет басшысы Алланың жердегі елшісі екен, көлеңкесі екен» деген сөздер көп айтылады. Ал ислам діні нағыз тараған жерлердің өзінде мемлекет басшысын қуып шыққанын көріп отырмыз
әулие де іздейді, өз жеріне жол да іздейді, адасады. Қысқасы, түрлі-түрлі топтарға жіктеле бастайды. Себебі бізде нақты өзек болатындай және сол өзектің үстінде отырып өзінің ақылымен, мінезімен, көсемдігімен көрінетін діни басшыны көре алмай отырмыз.

Қазақ еліндегі діни мәселе әлі де тосқауылда тұрған сияқты. Сонымен қатар, бізде «Мемлекет басшысы Алланың жердегі елшісі екен, көлеңкесі екен» деген сөздер көп айтылады. Ал ислам діні нағыз тараған жерлердің өзінде мемлекет басшысын қуып шыққанын көріп отырмыз. Демек мемлекеттің басшысының бәрі емес, сол дінді ұстап, әділ хандық, патшалық құрып, қоғамды белгілі бір жақсы бағыттағы өмірге жеткізген әміршілер ғана «Алланың көлеңкесі» есебінде қабылданатын шығар. Сондықтан, кейбір кездері жай ғана айтылған сөздердің артында саяси астар болады. Бұл да мұсылманға жат нәрсе.

Жүргізуші:

- Құрметті қажылар мен мырзалар, Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі осымен аяқталды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG