Accessibility links

Рашад Хусейн: «Толқудан кейін саяси биліктің сипаты өзгере бастады»


АҚШ президентінің Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі Рашад Хусейн. Алматы, 13 ақпан 2011 жыл.

АҚШ президентінің Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі Рашад Хусейн. Алматы, 13 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 13-інде Алматыда АҚШ президентінің Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі Рашад Хусейн Азаттық радиосына арнайы сұқбат берді. Сұқбат кезінде ол ислам әлеміндегі түрлі мәселелерге тоқталды.


Рашад Хусейннің айтуынша, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы соңғы толқуларды ескерген кейбір елдерде қазірдің өзінде басшылық тарапынан, жоғары жақта өзгеріс басталып кеткен.


ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫ ЖӘНЕ АҚШ

– АҚШ президенті Барак Обаманың Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі болып тағайындалғаныңызға тура бір жыл толған уақытта Қазақстанға келіп отырсыз. Осы аралықтағы ұйымның жұмысын және өзіңіздің ұйымдағы жұмысыңызды қалай бағалаған болар едіңіз?

– Рақмет. Иә, менің бұл қызметке тағайындалғаныма бүгін бір жыл толған екен. Бұл туралы ойламаппын да. Алайда сапардың өзіндік мәнісі бар.

Өйткені биыл Ислам конференциясы ұйымына Қазақстан төрағалық етеді. Осы бір жылдың ішінде талай нәрсеге қолымыз жетіп жатыр. Мәселен, осы аралықта АҚШ Ирактағы әскерін шығарды. Сонымен қатар қақтығыстарды реттеу шаралары қолға алынды. Бұл әрекеттер нәтижесін де беріп жатыр.

Таяу Шығыста қордаланған түйткілдердің соңы өзгеріске ұласты. Сол ретте президент Барак Обама Таяу Шығыстағы арнайы өкілін тағайындады. Жалпы Таяу Шығыс мәселесін реттеуде барлық жақпен жұмыс істеп жатырмыз. Біз Таяу Шығыс бітімі бойынша «екі мемлекет» (Израиль мен Палестина – ред.) деген ұстанымдамыз. Соңғы екі жылдағы әрекеттер болымсыз көрінгенімен бұл да Таяу Шығыс бітімін реттеудегі айтарлықтай ұмтылыс.

Әлемдік қауымдастықпен түсіністікке келетіндей шаруалар атқарылып жатыр. Бұл процесс әлі де ары қарай дами бермек. Бұған бірнеше жыл уақыт керек. Бізге бұл бағытта көмек көрсетіп отырған елдер де бар. Қазақстан – солардың бірі.

Ислам конференциясы ұйымы шеңберінде қауымдастықтар, серіктестіктер құрылып жатыр. Бұлар денсаулық сақтау, білім беру салаларын қамтиды. Іскерлік және дінаралық қатынас барысында да бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Менің ойымша, біздің байланысымыз тек саяси шеңбермен шектелмеуі керек. Бұған қоса біз өзара мүддені көздейтін жобаларды қолға алуымыз керек.

– Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына көмегі жайында айтылып қалды. Бұл қандай көмек еді?

– Мәселен, Қазақстан осы ұйымға мүше Ауғанстан студенттерін оқытып жатыр. Он жыл ішінде Қазақстан бір мың ауған студентін оқытып шығармақшы. Денсаулық сақтау, жалпы дамуға қажетті бағдарламалар өте маңызды.


«СОЛТҮСТІК АФРИКАДАҒЫ ТОЛҚУ – ӨЗГЕРІСТЕР УАҚЫТЫ»

– Таяу Шығыстағы саяси ахуал бұрындары Израиль-Палестина арасындағы қақтығыспен ғана сипатталатын. Қазір бұған араб елдеріндегі ішкі толқулар қосылды. Есесіне, тәуелсіз Палестина мемлекетін құру мәселесі тағы да кейінге шегерілгендей әсер береді. АҚШ-тың Палестина мемлекетін құруды қуаттағаны белгілі. Ал Ислам конференциясы ұйымының бір мақсаты Палестина ұлттық әкімшілігін қолдау болатын. Қазір қарасақ, араб елдеріндегі жағдай елуінші-алпысыншы жылдардағы саяси жағдайды еске түсіретін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, мұның бәрі Палестинаның құрылуына кедергі келтіруі мүмкін бе және осындай толқулардың ұйымға мүше өзге де елдерде қайталану ықтималдығы қаншалықты деп ойлайсыз? Сонымен бірге қазіргі жағдайды реттеуде ұйым қандай роль атқара алады?

– АҚШ-тың ұстанымы бойынша Палестина мен Израиль бейбіт қарым-қатынаста болуы керек. Осындай нәтижеге жеткізетін жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Мысыр мен Тунистегі соңғы оқиғалар – халық арасында қордаланып қалған түйткілдердің салдары. Бұл біздің есімізге мынаны салып отыр. Билік әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерді өз уақытында шешіп отыруы керек. Бұл кез-келген елдің болашағы үшін маңызды жайт.

Қазір басқа да елдерде осыған байланысты өзгерістер басталды. Менің ойымша, бұл – өзгерістер үшін өте ыңғайлы уақыт. Ислам конференциясы ұйымы білім берудің мәртебесін көтеруге бағытталған көптеген шаралар атқара алады. Халықтың жиналуға, ойын еркін айтуға, ұйым құруға хақылары бар екендігін ұмытпауымыз керек. Діни азшылыққа бостандық берілуі керек. Білім саласында керекті реформалар жасалуы қажет. Мәселен, әйелдердің еркін білім алуына жағдай жасалғаны жөн. Олардың жағдайын жақсарту қажет. Ислам конференциясы ұйымы аумағында осыған қатысты көптеген конференциялар өтіп жатыр.

Ал соңғы толқулардың осы ұйым аясындағы әрқандай бір елде қайталану ықтималдығы жайында пікір айтқым келмейді. Әр елдің өзіне тән жағдайға ие екені белгілі.

Бірақ бір айтайын дегенім мынау. Біраз елдерде байқағанымыз – халық қиындықтар туралы сөйлегенде, мақсаттары мен хақылары сөз болса, биліктің халықты тыңдауы керектігін айтады, соның ескерілгені абзал.

Соңғы толқуларды ескерген елдерде қазірдің өзінде жоғарыдан, басшылық тарапынан өзгеріс басталды. Тунис пен Мысырдағы толқудан кейін Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы елдер қазір сондай өзгеріске кірісіп кетті. Бұл да Ислам конференциясы ұйымындағы өзге елдердің дұрыс дамуы мен реформалар жасауы үшін өзіндік мүмкіндік болып отыр.

– Яғни, сонда бұл оқиғалар Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердің оң бағытта дамуына ықпал ете алады ғой, солай ма?

– Бұл менің ойымша, Мысырға және аймақтағы басқа да елдерге оң бағытта дамуға мүмкіндік беріп отыр. Себебі реформалар және халқының мұң-мұқтажын ойлайтын шаралар арқылы ғана елдер оң бағытта дами алады.


МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНДЕГІ МҰСЫЛМАН АЗШЫЛЫҒЫ

– Өзіңіз білесіз, Қазақстан биыл Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеді. Алайда халықаралық ұйымдардың есебіне қарағанда елде діни азшылықтарға қатысты қысымның бары байқалады. Неғұрлым көп айтқан сайын толеранттық та соғұрлым азая бастағандай. Ел ішіндегі жағдай жалпы тұрақты көрінгенімен, болашақ тартыстың алғышарттары қалыптасып келе жатқандай әсерде қалдырады. АҚШ-тың бұл турасындағы көзқарасы қандай?

– Кез-келген ел өзіндегі бар діннің өз жоралғыларын өтеуіне жағдай жасауы керек. Әрқандай бір топ тек дініне бола қудаланбауы керек. Америкада дін бостандығының баяғыдан келе жатқан дәстүрі бар. Мұндай бостандық діни азшылықтарға да берілген...

– Америкадағы жағдай түсінікті. Бұл жерде мәселе Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердегі діни азшылықтың қысымға ұшырауына қатысты болып отыр. Атап айтқанда, Қазақстандағы ахуал...

– Мұндайда ұйым өте маңызды қызмет атқара алады. Ұйымға 57 ел мүше. Осы елдердің көбінде мұсылмандар көпшілік болып келеді. Қазақстан осыншама мүшесі бар ұйымды басқарып отыр. Ал ұйымға мүше елдер өздеріндегі христиан болсын, мұсылман болсын, діни азшылыққа қатысты жағдайларды реттеп отыруы керек.

Бұл мәселе мұсылман елдеріндегі басқа діни азшылықтарға ғана емес, сонымен бірге мұсылман елдеріндегі мұсылман азшылығына да қатысты.

Айталық, ахмадия және исмаилия жолын ұстанатындар – сондай азшылық топтың бірі. Ахмадия мен исмаилия өкілдері Қазақстанда да бар ғой. Жақында мен осы тәріздес басқа да діни топтар жөніндегі әңгімеге қатыстым.

Менің ойымша, барлық діни азшылық топтардың құқығының қорғалғаны жөн. Егер бұған жол берілмесе, тұрақтылыққа нұқсан келуі мүмкін. Таяуда ғана ұйымға мүше елдердің бірінде христиан азшылығына қарсы күш қолданған жағдай болды. Сондықтан мұсылман елдері өздеріндегі мұсылмандардың ғана емес, сол елде тұратын христиан болсын, басқа болсын, діни азшылықтардың жағдайын ескеруі тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет.


Рашад Хусейннің Азаттық радиосына сұқбатынан видео:

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG