Accessibility links

Алматыдағы дәруіштер биі


Египеттік өнерпаздың «Таннура» биі. Алматы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Египеттік өнерпаздың «Таннура» биі. Алматы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Алматыда Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің кейбір шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының фестивалі өтті. Бұл ұйым жыл сайын ислам әлемінің үш астанасын жариялайды. 2015 жылдың бір астанасы ретінде Алматы таңдалған.

ЕРЛЕР БИІ

Қыркүйектің 14-і күні Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер фестивалінде Әзербайжан, Египет, Қазақстан және Қырғызстанның би топтары өнер көрсетті.

Махмуд Ейса "Таннура" ансамблінің директоры ғана емес, Египет мәдениет министрлігінің би бөлімінің де басшысы. Алматы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Махмуд Ейса "Таннура" ансамблінің директоры ғана емес, Египет мәдениет министрлігінің би бөлімінің де басшысы. Алматы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

«Таннура» ансамблі Египет астанасы Каирдан келген. Ансамбль мүшелері - кілең ер адамдар. Өйткені бұл топтың репертуары тек ер адамдар орындайтын философиялық мазмұндағы билерден тұрады. Нақтырақ айтқанда, исламның аскетизм мен рухани ізгілікті уағыздайтын классикалық философиясын ұстанушы сопылар биі. Түрлі-түсті матадан тігілген үлкен белдемше киген ер адамдар шыр айналып билейтін «Таннура» (кейде «Танура» деп те жазылады) - репертуардағы негізгі би. Би мен ансамбль атауы «белдемше» деп аударылады.

Дәруіштер (сопылық ілімді ұстанушы мұсылман аскеттер) бұл бидің көмегімен экстаз, транс күйге түсетін болған. Мұндай бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін шыр айналу арқылы жеткен. Биге ұзақ қараған кезде кейбір көрермендер де экстаз, трансқа түседі.

Бұл би 13-ғасырда пайда болған. Би дөңгеленген дүниеге ұқсайды әрі Меккеге қажылық сапар кезінде орындалатын Қағба тасын айналу дәстүрін қайталайды. «Таннура» - арабтардың ең күрделі билерінің бірі. Оны билейтін адамның аса икемді әрі төзімді, вестибулярлық аппараты мықты жетілген, тыныс жүйесі әбден жаттыққан болуы шарт.

Алматыға 10 биші келді. Олар әуелі сопылардың «Дәруіштер» биін орындады. Бұл би діни жоралғыға байланысты шыққан. Кейін Египеттен келген ансамбль «Таннура» стиліндегі биді орындады. Түрлі-түсті матадан тігілген белдемше киген үш биші әуелі сахнада шыр айналып билеп, кейін белдемшелерін бастан асыра айналдырып, көрермендер залын аралап шықты. Билеген кезде кейде екі белдемшені пайдаланды. Концертте египеттіктер бірнеше музыкант дабыл мен үрлемелі аспапта орындаған халық музыкасына биледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Мұсылман биі фестивалі

Көрермендер әсіресе египеттік бишілерге көп ықылас танытты. Ансамбль директоры Махмуд Ейсаның Азаттыққа айтуынша, 1988 жылы құрылған топты мәдениет министрлігі қаржыландырады. Ансамбльде жасына қарай үш топқа бөлінген 60-қа жуық адам жұмыс істейді.

БИ КӨБІРЕК БОЛДЫ

Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер фестивалі бағдарламасының көп бөлігі би болды. Бірақ Ескендір Хасанғалиев, Ұлықбек Исақов және Ситора Назарова сияқты әншілер де вокалдық нөмірлер көрсетті. Фестивальге Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық «Отырар сазы» фольклор-этнографиялық оркестрі де қатысты.

Алматыдағы фестивальге Әзербайжанның Фикрет Амиров атындағы ән және би мемлекеттік ансамблі де келді.

Алматыдағы фестивальге Әзербайжанның Фикрет Амиров атындағы ән және би мемлекеттік ансамблі де келді.

Әзербайжаннан Фикрет Әміров атындағымемлекеттік ән-би ансамблінің бір топ биші қыз-жігіттері келді. Құрылғанына 77 жыл болған би ұжымы - фестивальге қатысқан би топтарының ішіндегі ең көнесі. Олар үш би биледі. Бірі - үйлену тойлары мен өзге мереке кездерінде орындалатын «Узундара» биі. Тағы бірі – дөңгеленіп биленетін «Ялла» шаттық биі. Әзербайжандық ансамбль Қазақстанға бұрын бірнеше мәрте келген.

Бішкектен келген «Береке» би ансамблі Қырғызстан атынан өнер көрсетті. Бұл - 10 жыл бұрын құрылған жас коллектив. Ансамбльде 300-ге жуық қыз-жігіт бар. Бірақ Алматыға 15 бойжеткен ғана келген. Би қоюшы Аунура Қадыралиеваның айтуынша, репертуарда ұлттық билерге көбірек мән беріледі. Бірақ ансамбль әлемнің өзге халықтары мен қазіргі заман билерін де билейді. Бұл ұжым Алматы мен Қазақстанға бұрын да болған. Бұл жолы ансамбльмен бірге қомызшы Перизад Ибраева келді. Ол қазақ домбырашысы Нұркен Әшіровпен дуэт орындады.

Құрылғанына жуырда жарты ғасыр толатын «Гүлдер» эстрадалық-би ансамблі Қазақстан атынан өнер көрсетті. «Гүлдердің» қыздары «Арулар шеруі» қазақ халық биін орындады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG