Accessibility links

Құлағалы тұрған ғимаратта тұрып жатқан кәмелетке толмағандардың тағдырына билік селт етер емес


Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының жартылай құлаған ғимараты. Орал, сәуір, 2009 жыл.

Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының жартылай құлаған ғимараты. Орал, сәуір, 2009 жыл.

Тәуелсіз сарапшылар Оралдағы кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының жартылай құлаған ғимараты апатты жағдайда екендігін айтады. Енді сау бөлігі де опырылып, балаларды басып қалуы мүмкін ғимаратқа жергілікті билік назар бұрмай отыр

Орталық орналасқан ғимарат сонау Хрущевтің дәуірінде қарқынмен жүргізілген бесжылдық жоспарлар аясында салынған. Бірақ, пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған ғимарат күрделі жөндеу көрмеген. Тек, анда-санда ғана жеңіл-желпі жөндеу жасалыпты.

Батыс Қазақстан облыстық балалар құқын қорғау жөніндегі департаменті мен кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, ақтау және қайта бейімдеу орталығының басшылары апатты жағдайда тұрған ғимараттың қазіргі күйі туралы облыс әкіміне бірнеше мәрте хат та жазғанымен, әлі күнге мардымды жауап алмапты.

Қалыптасқан жағдайды бұқараның назарына жеткізуді қалаған шенеуніктердің бірі Азаттық радиосының тілшісіне хабарласты. Бірақ, қала басшылығының бұл проблеманы қоғамдық талқыға салуға тыйым салғанын айтқан ол өз аты-жөнін атамауды жөн көрді. Шенеуніктің айтуынша, орталықтағы балаларды жедел басқа жерге көшірмесе, кез-келген уақытта ғимарат аяқасты опырылып, оларды басып қалуы әбден мүмкін.

– Баланың жазығы не? Бесіктен белі шықпай жатып, мұндай күйге түскені үшін оларды жазғырып, айыптауға бола ма? Тағдыр тәлкегіне түскен олардың көрері – көше тәрбиесі. Бұл мәселеге жергілікті биліктің көңіл аудармауының соңы орны толмас өкінішке ұрындырары анық, – дейді шенеунік.

Оның айтуынша, орталықтағы тәрбиеленуші бүлдіршіндер адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан көрінеді.

– Ондағы жағдай түрмедегіден де жаман. Басқасын айтпағанның өзінде, санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмайды. Осындай тірлік кешуге мәжбүр болған балғындар өте аянышты жағдайды бастарынан өткеріп жатыр, – деді шенеунік.

2008 жылдың қазан айында Оралдағы осы орталықтың техникалық жағдайын тексеру үшін арнайы тәуелсіз комиссия құрылған еді. Комиссияның жасаған қортындысында орталық орналасқан ғимаратты «санитарлық-эпидемилогиялық және құрылыс талаптарына, сондай-ақ, қандай да бір жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге жарамсыз күйде болғандықтан, шұғыл түрде сүріп тастау керектігі» айтылған.

– Бірақ, содан бері жарты жыл өтті. Осы уақыт ішінде ғимараттың кейбір жерлері опырылып құлады, ал іргетасы жыл өткен сайын азып, шөгіп барады. Алайда, тұруға қауіпті осы ғимаратта әлі балаларды ұстап отыр, оларды басқа жерге көшіру қажеттігі айтылып келе жатса да, бұл жағдайды шешуге қала билігі құлықсыз болып отыр, – дейді жеткіншектердің тағдырына жаны ашыған азамат.
XS
SM
MD
LG