Accessibility links

Қазақстан мен Израиль әскери ынтымақтастығын нығайтпақ


Әскери жаттығу. Алматы маңы, 16 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Әскери жаттығу. Алматы маңы, 16 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Израиль Қазақстан территориясында бірлескен әскери жаттығулар өткізуді ұсынады. Сарапшының пікірінше, мұндай ынтымақтастықтың пайдасы бар.

Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков пен Израиль қорғаныс министрі Моше Яалон қаңтардың 20-сы күні Тель-Авив қаласында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Әдібек Жақсыбековпен кездескен Израиль президенті Шимон Перес Қазақстан полигондарында екі елдің қарулы күштерінің бірлескен жаттығуларын өткізуді ұсынды.

Азаттық тілшісінің Қазақстан-Израильдің әскери-техникалық ынтымақтастығының перспективасы туралы сауалдарына Қазақстанның қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Айтқали Есенғұлов жауап береді. Ол бұрын қорғаныс министрлігінде жеке құрамның тәрбие жұмысы мен халықаралық ынтымақтастық мәселелерін қадағалаған.

ӘСКЕРИ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАҒЫТ

Азаттық: – Генерал мырза, Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Израильге сапары кезінде израильдік әріптесімен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісімнің Қазақстанға қажеті қанша?

Айтқали Есенғұлов: – Израиль – жеке құрамының дайындық деңгейі мықты, қарулы күштері технологиямен толық жабдықталған мемлекет. Сондықтан Генерал-майор Айтқали Есенғұлов. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Генерал-майор Айтқали Есенғұлов. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстанға технологиясы мен жеке құрамының дайындығы мықты елмен қарым-қатынас орнату тиімді. Израиль даму жағынан артта қалған елдердің бірі емес қой. Перспективасы да жақсы болуы мүмкін. Қорғаныс министрі қол қойған қару-жарақ сатып алу немесе армияны үйрету туралы келісімде екі елдің қарулы күштерінің қарым-қатынас тарихындағы мықты немесе әлсіз тұстары ескерілді деп ойлаймын. Меніңше, мұндай келісімнен қорқатын түгі жоқ.

Азаттық: – Әділбек Жақсыбековпен кездескен Израиль президенті Шимон Перес екі елдің қарулы күштерінің бірлескен әскери жаттығуларын Қазаөстан полигондарында өткізуді ұсынды. Мұндай бірлескен жаттығуларды Қазақстанда өткізудің пайдасы бар ма?

Айтқали Есенғұлов: – Қазақстан мен Израиль қарулы күштерінің бірлескен жаттығуларын өткізудің пайдасы болуы мүмкін. Мысалы, Израильдің антитеррористік дайындық жөніндегі тәжірибесі мықты. Егер Қазақстан мұндай тәжірибе алғысы келсе, терроризммен күрес жүргізуден жетекші ел – Израильден үйрене алады.

АДАМДАР МЕН ТӘЖІРИБЕ

Азаттық: – Израильде әскери міндет жалпыға ортақ екені белгілі. Яғни, Израильде армияға барлық азаматтар, тіпті әйелдер де шақырылады. Ал Қазақстан армияның жауынгерлік қабілетін кәсіби жалдамалы әскер есебінен күшейткісі келеді. Екі елдің жалпыға ортақ әскери міндет жөніндегі ұстанатын принципі мен армияны жалдамалы әскер есебінен қалыптастырудағы айырмашылығын ескерсек, Израильдің қарулы күштерді дайындау тәжірибесін үйренудің пайдасы бар ма?

Айтқали Есенғұлов: – Халық саны аз, ал жан-жағы тыныш болмағандықтан, Израильде жалпыға ортақ әскери міндет енгізілген. Әлдебір жағдай туа қалса, кәсіби армия мен жаппай мобилизация қарастырылған. Сондықтан Израиль мүлде бөлек әдіс-тәсілдерді қолданады. Бұл жерде ақылға қонымды үйлестік болуы тиіс. Ең бастысы, жөнсіз шешімдерге ұрынбауымыз керек. Жеке құрамның 75 пайызы кәсіби жалдамалы әскерден тұрған күннің өзінде, меніңше, мобилизациялық ресурс дайындау үшін армияның 20-25 пайызы бәрібір әскери міндеттілер есебінен жасақталуы тиіс.

Азаттық: – Бірақ Қазақстан мен Израильдың әскери-техникалық ынтымақтастығында бұған дейін жанжалды жайттар болды емес пе? Мысалы, Қазақстанның Израиль фирмаларынан сатып алған «Найза», «Семсер» және Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары болған Қажымұрат Маерманов.

Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары болған Қажымұрат Маерманов.

«Айбат» деген артиллериялық жүйелері жаттығу кезінде бұзылып, шу шыққаны белгілі. Осыған байланысты Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов пен израильдік бизнесмен, бұрынғы совет полковнигі Борис Шейнкманды Қазақстан соты ұзақ мерзімге соттаған.

Айтқали Есенғұлов: – «Найза», «Семсер» және «Айбатқа» қатысты жанжал мемлекеттік емес, жеке меншік компаниялардан сатып алынған қару-жараққа байланысты шыққан. Мысалы, Израильдің Rafael деген мемлекеттік компаниясы базасы мықты әрі беделді компания екенін жақсы білемін. Кезінде Маермановқа «жеке меншік компаниялармен байланыспа, мемлекеттік компаниялармен жұмыс істе» дегенмін. Бірақ ол менің ескертуімді тыңдаған жоқ.

Азаттық: – Бұл сөзіңізге қарағанда, Қазақстан мен Израильдің әскери саладағы ынтымақтастығы кіршіксіз болады деуге бола ма?

Айтқали Есенғұлов: – Мен Изрильмен әскери-техникалық және жеке құрамды дайындау саласында ғана келісім жасауды құптаймын. Бірақ бұл келісімнің Қазақстанға саяси кесірі тиюі мүмкін. Меніңше, араб елдері мен мұсылман елдері қарсы болады.

Азаттық: – Араб елдері Қытай мен Ресей сияқты іргеде емес, Қазақстаннан шалғайда ғой. Қазақстан мен Израиль арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты бұл екі ел қалай қабылдар екен?

Айтқали Есенғұлов: – Меніңше, Қытай бұған шамдана қоймайды. Өйткені Қытай өзі де Израильмен ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Ал Ресеймен біраз қырғи-қабақ болуымыз мүмкін. Онда да саяси емес, әскери-техникалық ынтымақтастық саласында. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына кіретін елдер Ресейде шығарылған қару-жарақты ғана пайдаланғанын қалайды. Бірақ Израильден қару-жарақты көп алмасақ, Ресейдің де қитығына көп тимейміз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG