Accessibility links

«Жала жабу» соты ауданға да жетті


«Иссыкский вестник» газетінің редакторы Айгүл Мұсабаева. Сурет отбасылық альбомнан алынды.

«Иссыкский вестник» газетінің редакторы Айгүл Мұсабаева. Сурет отбасылық альбомнан алынды.

Алматы облысындағы аудандық «Иссыкский вестник» газеті редакторы "жала жабу" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс негізінде тағылған айыптаумен келіспейді.

Қылмыстық іс «студент өз-өзіне қол салған» деп болжанған мақаладан кейін жергілікті колледж директоры орынбасарының шағымы бойынша қозғалған.

Еңбекшіқазақ ауданы орталығы Есік қаласындағы Жетісу заң колледжі директорының орынбасары Гүлбаршын Мұхамеджанова Алматы облысында күнделікті шығатын «Иссыкский вестник» газеті редакторы Айгүл Мұсабаеваны «жала жапты» деп айыптайды. Мұхамеджанованың жеке тұлғаға қатысты талап-арызы негізінде ақпарат құралын пайдалану арқылы жала жабу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Кеше Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотында алдын ала сот тыңдауы өткен.

ЖАНЖАЛДЫҢ ҚАЗАҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ

Екі тараптың жанжалына Айгүл Мұсабаеваның 10 наурызда «Иссыкский вестник» газетінде жарияланған "Смерть под мостом" («Көпір астындағы өлім») атты мақаласы себеп болған. Оның хабарлауынша, наурыздың 4-і күні таңертең Есік қаласындағы орталық көпір астынан заң колледжінің екінші курс студентінің денесі асылған күйде табылған. Қазаға қатысты болжамдардың бірі – «студент өз-өзіне қол салған».

Мақалада заң колледжі директорының орынбасары Гүлбаршын Мұхамеджанова «студент туралы ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартты» деп жазылған. Айгүл Мұсабаева «Басшылық тыйым салды деген уәжбен ол тіпті қаза болған студенттің психологиялық портретіне сипаттама бергісі келмеді» деп жазады.

Сотқа себеп болған «Иссыкский вестник» газетінде жарияланған мақаланың үзіндісі.

Сотқа себеп болған «Иссыкский вестник» газетінде жарияланған мақаланың үзіндісі.

Гүлбаршын Мұхамеджанова мақалада көпе-көрінеу жалған мәліметтер келтірілген деп есептейді. Ол жеке тұлғаға қатысты шағымында автор Айгүл Мұсабаеваның "колледж директоры орынбасары басшылық тыйымына сілтеп, қаза тапқан студент туралы ақпарат беруден бас тартты дегені жалған. Мен, шын мәнінде тергеу орындарының өтініші бойынша түсінік бермедім» деп көрсеткен.

Гүлбаршын Мұхамеджанова мақалада «есімім мен әкемнің аты бұрмаланып жазылған» деп көрсеткен. Ол Айгүл Мұсабаеваның «студент қаза болар алдында туыстарының үйінде түнеген» деген ақпараты шындыққа жанаспайды, өйткені «студенттің әке-шешесі оның үнемі үйде түнейтінін, кейде өзен жақта тұратын әжесінің үйіне барып келетін айтты» деп жазады.

ТАРАПТАРДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

«Иссыкский вестник» газеті редакторы Айгүл Мұсабаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, судья тараптарға дауды шешу үшін медиаторға жүгінуді ұсынған. Бірақ ол «жариялаған мақаламда жала жабу белгілері жоқ болғандықтан, медиатордың төрелігіне жүгінбеймін» деп мәлімдейді.

Айгүл Мұсабаеваның сөзінше, Гүлбаршын Мұхамеджанова қаза болған студент туралы әлдебір ақпарат беруден бас тартқанын мойындамайды. Оның пікірінше, бұл факт жала жабу айыбын толық терістейді.

Мұсабаева «оның үстіне, Мұхамеджанова өз шағымында менің ақпарат құралында көрінеу жалған әрі талапкердің беделін түсіретін ақпаратты қасақана таратқанымды растайтын дәлел келтірмеген» дейді.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен колледж директорының орынбасары Гүлбаршын Мұхамеджанова қылмыстық іске қатысты комментарий бермейтінін мәлімдеді.

«ЖАЛА ЖАБУ» БАБЫНЫҢ ҚЫСЫМЫ

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, жала жабуға қатысты мұндай қылмыстық істер әдетке айналып барады және 2014 жылы олардың саны бұрынғы жылмен салыстырғанда көбейген.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы. 23 қаңтар, 2015 жыл.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы. 23 қаңтар, 2015 жыл.

— Арызданушылар әдетте «жала жабу» деген ұғымның заңды мағынасын түсінбейді әрі бұл баптағы ең негізгі нәрсе - көрінеу, арам ниетпен ақпарат тарату екенін айыра алмайды. Оның үстіне, шенеуніктердің арасында жағымсыз оқиғаларды жария етуді қылмыс деп санау тенденциясы бар, - деп түсіндіреді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, ақпарат құралдарына қатысты мұндай шағым-талаптарды қылмыстық кодекс емес, азаматтық заң аясында қарау керек.

Биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген қылмыстық кодекс бойынша жала жапқаны үшін бір мыңнан үш мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш (10-30 мың АҚШ долларына тең) көлемінде айыппұл өндіру немесе бір жылдан үш жылға дейін түрмеге кесу жазасы қарастырылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG