Accessibility links

Кот-д'Ивуарды 10 жыл басқарған Лоран Гбагбоның биліктен кеткісі жоқ


Кот-д’Ивуар президенті Лоран Гбагбо. 9 қараша 2010 жыл.

Кот-д’Ивуар президенті Лоран Гбагбо. 9 қараша 2010 жыл.

Кот-д'Ивуардың БҰҰ-дағы жаңа өкілі өз еліне геноцид қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Батыс Африкадан араағайындыққа барғандар Лоран Гбагбоны қызметінен кетуге көндіре алмады. Гбагбоның жақтастары БҰҰ бітімгершілік күштеріне шүйлігіп жатыр.


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚОЛДАУЫ

Халықаралық қауымдастық қараша айында Кот-д'Ивуарда өткен президент сайлауының жеңімпазы деп таныған оппозициялық үміткер Алассан Уаттара жақында Кот-д’Ивуар елінің БҰҰ-дағы өкілі етіп жаңадан тағайындаған Юсуфу Бамбаны сәрсенбі күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун қабылдады.

Баспасөз мәслихатында Юсуфу Бамба өз елінде өткен президент сайлауында жеңілгенін мойындаудан бас тартып, биліктен кетпей отырған Лоран Гбагбоның іс-әрекеті соңғы бірнеше аптада Кот-д'Ивуардағы жағдайды тым ушықтырып, ондаған адамның ажалына себеп болды деп мәлімдеді.

Бамбаның айтуынша, сайлау нәтижесіне сай «халықтың қалауын қолдау үшін шеруге шыққан» 172 адам қаза болған.

«Бізге геноцид қаупі төніп тұр», – деді Юсуфу Бамба.

Сәрсенбі күні БҰҰ Бас хатшысының бейбітшілікті қолдау жөніндегі орынбасары Алан Ле Руа Кот-д’Ивуардың мемлекеттік телеарнасын «БҰҰ-ның осы елдегі бітімгершілік миссиясына тұрғындарды айдап салып отыр» деп айыптады.

БҰҰ-ның хабарлауынша, сейсенбіде Кот-д’Ивуарда Гбагбоны қолдайтын аймақта БҰҰ-ның көлігіне шабуыл жасалып, бітімгершілік күшінің бір сарбазы жарақат алған.


КЕЛІССӨЗДЕР НӘТИЖЕ БЕРМЕДІ

Желтоқсанның 28-і күні Абиджанда Лоран Гбагбомен кездесіп, оны биліктен кетуге көндірмек болған Бенин, Кабо-Верде және Сьерра-Леоне президенттерінің әрекеті нәтижесіз аяқталды. Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, бұл үшеуі Гбагбоға тез арада биліктен кетпесе оған қарсы Африка елдерінің әскери іс-шараға баруы мүмкін екенін айтқан.

Алайда Лоран Гбагбо бәсекелесінің жеңісін мойындаудан бас тартып, биліктен кетпей отыр. Ол бұрынғы отаршыл өкімет Франция мен АҚШ жетекшілігіндегі халықаралық қастандықтың құрбаны болғанын мәлімдеген.

Сонымен қатар Батыс Африка президенттері Алассан Уаттарамен де кездесті. Қазір Абиджанда Уаттара тұрып жатқан қонақ үйді БҰҰ бітімгершілік күштері күзетке алып қоршап тұр.

Қарашаның соңында Кот-д'Ивуарда өткен президент сайлауында өзара бәсекеге түскен ел президенті Лоран Гбагбо да, оппозиция лидері Алассан Уаттара да жеңіске жеткендерін мәлімдеп, әрқайсысы өзінің инаугурациясын өткізген еді. Осыдан соң елдегі жағдай шиеленісіп кетті.

Лоран Гбагбомен (сол) кездескен Сьерра-Леоне президенті Эрнест Корома (ортада) және Бенин президенті Бони Яи (оң). Абиджан, 28 желтоқсан 2010 жыл.
Кот-д'Ивуарда жанжал-қақтығыс өршіп, түрлі зорлық-зомбылықтан 170-тен астам кісі қаза тапты, мыңдаған адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Кот-д’Ивуар мемлекетінде қайтадан азаматтық соғыс басталып кету қаупі барын мәлімдеп, халықаралық қауымдастықты осы елде соғыс отының тұтануына жол бермеуге шақырды.

Ұзақ уақыт бойы Францияның батыс Африкадағы отары болған Кот-д’Ивуар елі өз тәуелсіздігін 1960 жылы тамыздың 7-і күні алды. Елдің тұңғыш президенті Феликс Уфуэ-Буаньи мемлекетті ақтық демі біткенше – 33 жыл бойы үздіксіз басқарды.

2000 жылы тамызда Кот-д’Ивуар президенті болып сайланған Лоран Гбагбо бұл қызметке оппозициядан келген болатын.

Ел Конституциясы бойынша, мемлекетті ел азаматтарының тікелей дауыс беру арқылы бес жылға сайланатын президент басқарады. Бір адам президент болып екі мерзім ғана сайлана алады. Кот-д’Ивуар президентінің кең өкілеті бар: оған атқарушы билік толық бағынады, президент премьер-министрді тағайындайды және қызметтен босатады, сонымен бірге, елдің бір палаталы парламенті сияқты президент де заң шығару бастамасына ие.


ҚАЗАҚ САЯСАТКЕРІ ӨЗ ЕЛІН КОТ-Д’ИВУАРМЕН САЛЫСТЫРДЫ

Алыстағы Африкада сайлау нәтижесіне байланысты қалыптасып отырған күрделі жағдай Қазақстанда таяуда басталған жаңа саяси науқан кезінде жергілікті кейбір саясаткерлердің
«Әділет» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов. Астана, 28 желтоқсан 2010 жыл.
сөзіне ілік болды.

Атап айтқанда, «Әділет» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов Қазақстанда ел президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу жоспары мен Кот-д’Ивуардағы қазіргі ахуалды қатарластыра салыстырды.

– Қоғамды өркендету, демократияны дамыту үшін адамзат тарихындағы ең үздік процесс – сайлау. Әйтсе де, референдум – биліктің тағдырын шешудің бір варианты, – дей келе Серік Әбдірахманов Африкадағы Кот-д’Ивуар елінде сайлауда жеңіске жеткен оппозициялық кандидаттың ел тұрғындарын көшеге шығып наразылық білдіруге шақырған үндеуі қоғамнан қолдау таппағанын мысалға келтіріп, «олар да Қазақстандағыдай бейбіт өмір мен тұрақтылықты қалайтын шығар» деген пікір айтты.

Сонымен бірге ол «президент төңірегіндегі» әлдекімдер бұл референдумды өз пайдасына бұрып жібермей ме деген қаупімен бөлісті. Бірақ өзі тұспалдап отырғандардың аты-жөнін ашып айтпаған Серік Әбдірахманов билік елде парламент және жергілікті өкілді органдарға әділ сайлау өткізуі тиіс деген ойын жеткізді.



Желтоқсанның 29-ы күні Қазақстан парламент мәжілісінің кезекті отырысында депутаттар президент Назарбаевтың атына үндеу жолдады. Үндеуде Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдауды сұраған.

Өткен бейсенбіде Өскеменде Қазақстан аймақтары өкілдерінің жиынында 7 адамнан тұратын бастамашыл топ Қазақстан президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

Арада үш күн өткенде Орталық сайлау комиссиясы тіркеген соң Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет өкілеттілігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топ азаматтардан қол жинауға қызу кірісіп кетті.

Биыл жазда 70 жасқа толған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Ол соңғы рет 2005 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті болып жеті жылға қайта сайланған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG