Accessibility links

Тұтқындарды Алматы орталығынан қала шетіне көшірмек


СИ-1 тергеу абақтысы аумағына кіретін есік. Алматы, 4 қазан 2016 жыл.
СИ-1 тергеу абақтысы аумағына кіретін есік. Алматы, 4 қазан 2016 жыл.

Алматы орталығындағы ескі тергеу абақтысын бұзу жоспарланған. Оны бұзу мерзімі белгіленбеген, бірақ түрме билігі қала шетіндегі жаңа СИЗО-да тұтқындардың «жағдайы жақсы болатыны» жайлы қазірден айтады.

Бас жоспар бойынша, Алматы қаласының орталығындағы СИ-1 (ЛА-155/1 мекемесі) деп аталатын ескі тергеу абақтысы орнына тұрғын үйлер салу көзделген. Құзырындағы СИ-1 сияқты мекемелерді жойып, қайта құрылатыны жайлы айтқанымен, түрме билігі нақты мерзімін хабарламайды.

Алматыдағы СИЗО-ны бұзу жоспарланған
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:55 0:00
Жүктеп алу

Түрме билігі жаңа тергеу абақтысында (Алматы шетінде орналасқан СИ-8 мекемесі) тергеудегі тұтқындар үшін жақсы жағдайлар жасалғанын айтқанымен, СИ-1 абақтысының жай-күйін еске алмайды. Ол жерде отырып шыққан құқық қорғаушылар «ескі СИЗО-ның адамға лық толы камераларына қамаудың өзі тұтқындардың құқығын бұзу» деп санайды.

«ИНВЕСТОР ІЗДЕП ЖАТЫРМЫЗ»

Көліктің астын арнайы айнамен тексеріп жатқан күзетші. Алматы, 4 қазан 2016 жыл.
Көліктің астын арнайы айнамен тексеріп жатқан күзетші. Алматы, 4 қазан 2016 жыл.

Алматы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы өкілдері Азаттықтың ескі абақтыны бұзу мерзіміне қатысты сұрағына «Бүкіл жұмысты жүргізуге қажет қаражат беретін инвестор әзірше табылмай жатыр» деп жауап берді.

Алматы қаласы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы полковник Манас Тұяқбаевтан тергеу абақтысы жабылатынын растайтын ресми құжаттар түскен жоқ деген жауап келді. Бірақ ол қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) ішінде СИ-1 абақтысы да бар түзету мекемелерін оңтайландыру мақсатында оларды кезең-кезеңмен жойып, қайта құру жөніндегі ұйымдастырушылық шаралар жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі кезде ЛА-155/1 мекемесіне тергеу үшін тұтқындалғандар қабылданбайды. Тергеудегі тұтқындардың бәрін 2015 жылы екінші кешені пайдалануға берілген ЛА-155/18 абақтысы қабылдап жатыр» дейді Манас Тұяқбаев.

КЕЗЕКПЕН ҰЙЫҚТАУ

Тергеу абақтысының ескілігі соншалық, оның сыртқы келбеті Алматының қазіргі ғимараттарының жанында шынымен оғаш көрінеді. Мекеменің орталық қақпасы алдына орнатылған істік тістері бар, көтергіш құрылғымен жабдықталған темір қоршаудың ғана жаңартылғаны байқалады.

Ескі тергеу абақтысында 2002 жылдың күзінен 2003 жылдың басына дейін отырған журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов Алматының ортасында тұрған ғимаратты баяғыда бұзу керек еді деп санайды.

Камера адамға лық толы болып шықты, 18 адамға шамамен 10 темір төсек қана қойылған, сондықтан кезекпен ұйықтадық.
Александр Харламов

- Оның сұмдық жер екенін өз тәжірибемнен айта аламын. Қазіргі заман талабы тұрғысынан алғанда, әлгі ғимарат тұтқындарды қамауға мүлде қолайсыз әрі ыңғайландырылмаған. Құдай ақы, бұзатын болса, тезірек бұзса екен, - дейді Дуванов.

Дуванов «мен қамауда отырған кезде ескі СИЗО-да камералардың үш түрі – ішінде тоңазытқышы, теледидары бар төрт кісілік «жайлы» камералар; төрт, алты және одан сәл көбірек адамға арналған «дені дұрыстау» жалпы камералар және орын жетпегендіктен, тұтқындардың кезекпен ұйықтауына тура келетін адамға лық толы камералар болған» деп еске алады. Журналист камералардың үшінші түрі туралы түгендеу кезінде дәлізде немесе сотқа апарар кезде тұтқындарды жинайтын бөлмеде жолықтырған өзге тұтқындардан естіген.

Кезінде Алматының ескі абақтысындағы адамға лық толы камерада Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын 63 жастағы құқық қорғаушы Александр Харламов та отырған. «Діни араздықты қоздырды» деген айыппен қозғалған қылмыстық іс аясында психиатриялық сараптамадан өткізу үшін 2013 жылы оны Өскеменнен Алматыға этаппен әкелген. Харламов психиатрия орталығынан СИЗО-ға кері қайтарған кезде адамға толы камераға тап болғанын айтқан.

Тергеу абақтысының негізгі қақпасын көліктен қорғау үшін қойылған темір. Алматы, 4 қазан 2016 жыл.
Тергеу абақтысының негізгі қақпасын көліктен қорғау үшін қойылған темір. Алматы, 4 қазан 2016 жыл.

- Камера адамға лық толы болып шықты, 18 адамға шамамен 10 темір төсек қана қойылған, сондықтан кезекпен ұйықтадық. Бірақ маған тиіспеді. Камераның дөкейі «Милентьич, сенің кім екеніңді естідік, сондықтан қанша қаласаң, сонша ұйықтай беруіңе болады деді», - деп еске алады Александр Харламов.

Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, ескі тергеу абақтысында қазір пайдаланылмай тұрған ату жазасы орындалатын бөлме бар. Әлгі бөлмені бұзбаған, сол бұрынғы қалпында тұр.

Полковник Манас Тұяқбаев Азаттықтың «советтің ең жексұрын әрі әбден жетілген символы» саналатын ату жазасы орындалатын бөлмені видео немесе фотоға түсіру туралы өтінішін орындаудан бас тартты.

ДУШ КАБИНАСЫ БАР

Азаттық бұған қатысты сұрақтар қоймағанымен, Алматы қаласы ҚАЖД бастығы Манас Тұяқбаев хатында тергеудегі тұтқындардың жаңа тергеу абақтысында жай-күйі қандай болатыны жайлы жазыпты.

Алматыдағы ескі тергеу абақтысының қоршауы. 4 қазан 2016 жыл.
Алматыдағы ескі тергеу абақтысының қоршауы. 4 қазан 2016 жыл.

«ЛА-155/18 мекемесінде қамауда отырғандарды ұстаудың халықаралық стандарттары барынша ескерілген. Оларды бөлек-бөлек камераға қамау қарастырылған, әр камерада душ кабинасы қойылған, тұрғын аумағы көлемі тергеудегі бір тұтқынға есептеп шаққанда, қарастырылған нормадан көбірек (Қылмыстық-атқару кодексінің 115 бабына сәйкес – 2,5 м2 болуы тиіс, ал іс жүзінде – 4м2)» деп жазады Тұяқбаев.

Полковник Тұяқбаев тергеудегі тұтқындарды ескі СИЗО-да қамауда ұстау жағдайы туралы ештеңе жазбаған. Ал бұл абақты мен оның әкімшілігінің ендігі болашағына келсек, жақында бір топ қызметкерлерін зейнет демалысына шығарып салу рәсімі өткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG