Accessibility links

Сот «Иегово куәгерін» елден шығаруға үкім етті


Қазақстандағы христиандық діни азшылық топтың уағызы. Көрнекі сурет

Қазақстандағы христиандық діни азшылық топтың уағызы. Көрнекі сурет

Дін еркіндігіне қатысты жиі сыналатын Қазақстанда сот қаулысы бойынша тағы бір діни азшылық өкілі елден шығарылады. Дәстүрлі емес діни топтар тексерістен көз ашпайтынын айтады.

Сәуірдің 15-сі күні Алматы қалалық соты жергілікті «Иегово куәгерлері» діни қауымының дін қызметкері Юрий Топоровқа қатысты әкімшілік істі қарап, Алматы қаласының ауданаралық арнайы әкімшілік соты шығарған қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Наурыз айының басында әкімшілік сот Топоровты «елде заңсыз миссионерлік әрекетпен айналысқаны үшін» 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 1 мың АҚШ доллары) айыппұл төлетіп, елден кетіру туралы қаулы шығарған еді.

Сәуірдің 15-інен бастап күшіне енген қаулыға сәйкес, жауапкер бір ай уақыт ішінде айыппұл төлеп, Қазақстаннан кетуге тиіс. Сот шешімімен келіспей отырған жауапкер жақ соңғы мүмкіндік – бас прокуратураға шағым түсіретінін айтады.

«МИССИОНЕРЛІК ӘРЕКЕТ»

Дін істері агенттігі Алматы қалалық бөлімшесінің «Иегово куәгерлері» діни қауымының (дәстүрлі емес христиандық ағым – ред.) дін қызметкері Юрий Топоровтың үстінен түсірген шағымына оның 2013 жылы қараша айында осы қауымға тиесілі шіркеуде айтқан уағыз-насихаты негіз болған.

Топоровтың сөзінше, осы әрекетін белгісіз біреулер видеоға түсіріп алып, кейіннен дін істері агенттігінің Алматы қалалық бөлімшесі «елде миссионерлік әрекетпен заңсыз айналысты» деп айыптап, оның үстінен сотқа арыз берген.
2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, елде шетел азаматтары миссионерлік әрекетпен айналысуы үшін қайта тіркеуден өтуге тиіс. Бірақ Юрий Топоровтың айтуынша, заңмен рұқсат етілген орында көптің алдында сөйлеу – миссионерлік емес (сырттан адамдар тарту – ред.), бұрыннан сол сенімдегі адамдарға уағыз айту (проповедь – ред.). "Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшелері Інжіл оқып тұр

"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшелері Інжіл оқып тұр



«Мысалы, ислам дінінде молдалар қандай да бір мешітте уағыз-насихат жүргізу үшін миссионер ретінде тіркелмейді ғой. Ендеше бір дінге талап басқа да, екіншісіне талап неліктен басқа болуы керек? Бұл – кемсіту ғой. Бірақ сот келтірген барлық аргументтерімізді жоққа шығарды» деді Юрий Топоров Азаттық тілшісіне.

«Иегово куәгері» діни тобының мүшесі Қазақстанда 2003 жылдан бері тұрып жатқанын, әйелінің Қазақстан азаматы екенін де айта кетті.

Сотқа қатысқан құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, дін агенттігінің өкілдері келтірген негізгі дәйектердің бірі – «егер діни әрекетпен айналысатын кез-келген адам Қазақстан азаматы болмаса, онда автоматты түрде миссионер қатарына жатады». Құқық қорғаушы айыптаушылар келтірген бұл уәж заңда көрсетілмеген деп санайды. Сондықтан Топоровтың әрекетін «миссионерлік әрекет» деп бағалауға болмайды деп біледі.

«Дін істері агенттігі өкілдері келтірген тағы бір уәж – «уағыз-насихат тыңдағандардың арасында жаңадан келген бірнеше адамның болуы». Олар құқық қорғау органдарына берген түсініктемесінде шіркеуге «қызығып келгендерін» айтқан. Бірақ уағыз-насихат айтқан діни қызметкер сол үшін кінәлі емес қой?! Шіркеуге келген барлық адамдарды тексеріп жатпайды ғой» дейді Ерлан Қалиев.

Осылайша құқық қорғаушы жауапкерге тағылған айыпты негізсіз санайды. Ал шағым иесі – дін істері агенттігінің Алматы қалалық бөлімшесінің мамандарынан комментарий алу мүмкін болмады.

«ТЕКСЕРІСТЕН КӨЗ АШПАУ»

Қазақстанда діни азшылық саналатын «Иегово куәгерлері» діни қауымының өкілдері алғаш рет сотқа тартылып тұрған жоқ. Қауым өкілі Юрий Топоровтың айтуынша, дін туралы жаңа заңнан кейін жергілікті билік орындарының тексерулері жиілеп, әкімшілік іс қозғау көбейген.

«Қазір қауым мүшелеріне қатысты қозғалған 60 шақты әкімшілік іс бар. Олардың 21-і БҰҰ адам құқығы комитетінде қарауда жатыр. Бұл істер барлық инстанциядан өткен. Діни қауым өкілдері тексерістерден көз ашпай келеді. Тексереді, айыппұл салады, құлшылық шарасын тоқтатып қойып, барлығынан түсініктеме талап етеді» дейді Юрий Топоров.

Қазақстанда «Иегово куәгері» діни қауымының 60 бөлімшесі бар. Олардың барлығы дін туралы жаңа заңдағы талапқа сәйкес, қайта тіркеуден өткен.
Елде 2013 жылы қайта тіркеуден өтпеген 500-ге тарта діни ұйым мен бірлестіктің қызметі сот шешімімен тоқтатылған еді.

2011 жылдың соңында қабылданған діни ұйымдарды қайта тіркеу туралы заң бойынша Қазақстандағы барлық діни ұйымдар қайта тіркеуден өтуі тиіс болған. Ресми дерек бойынша, қайта тіркеу процесі аяқталған соң Қазақстандағы діни ұйымдар саны 4551-ден 3088-ге дейін, ал діни конфессиялар саны 46-дан 17-ге дейін азайған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG