Accessibility links

«Адам алуды ғана емес, беруді де білуі тиіс»


Қазақстанның бас раввині Ешая Коген. Алматы, 4 наурыз 2015 жыл.

Қазақстанның бас раввині Ешая Коген. Алматы, 4 наурыз 2015 жыл.

Қазақстанның бас раввині Ешая Коген Наурыз мейрамы қарсаңында өткен еврейлердің Пурим мерекесіне орай Азаттыққа сұхбат беруге келісті. Әңгіме Қазақстан еврейлерінің өткені мен бүгінгі жағдайы туралы өрбіді.

Азаттық: - Раввин мырза, Париж бен Копенгагендегі террористік әрекеттерден кейін Еуропа жұрты антисемиттік көңіл-күй күшейеді деп қауіптенеді. Ал Израиль билігі Еуропада тұратын еврейлерді тарихи отанына қайтуға шақырып отыр. Кейбір қайраткерлер Ресейде антисемитизм күшейіп бара жатқанын, мемлекеттік үгіт-насихат еврейлерге деген өшпенділікті қоздыратынын айтып жүр. Ал билік «берекесі мен бірлігі жарасқан, ұлтаралық келісім орнаған ел» деп мәлімдейтін Қазақстандағы еврейлердің жағдайы қалай?

Раввин Ешая Коген: - Қазақстанда 1994 жылдан бері тұрамын, осы 20 жылдатүрлі ұлт өкілдерімен көп араластым. Меніңше, мұнда тұратын 100-ден аса ұлт өкілдерінің бәрі қазақ халқының ерекше қасиеттерінің бірі - қонақжайлылығы деп санайды. Ал қазір бұл қасиет дәстүрлі тәлім-тәрбиемен нығайып қана қоймай, мемлекеттік деңгейде қолдау тапқанын, ұлтаралық толеранттылық пен өзге дінге деген құрметке ұласқанын көріп отырмыз.

Қазақстандықтар тыныштықты қалайды, ұлтаралық дау-жанжалсыз өмір сүргісі келеді. Кейде сырттан іріткі салғысы келетіндердің пиғылдары байқалып қалады. Бірақ Құдайға шүкір, мұндай әрекеттерге тойтарыс беруге мемлекеттің қауқары жетеді.

Біз Талмуд кітабында жазылғандай, «Жаратқан жар болып тыныштық болса екен» деп дұға етеміз. Яғни тыныштықты сақтауға тырысқан адамдарды Жаратқан ием де шапағатына бөлейді. Құдай жар болып елімізде береке, бірлік пен достық пейіл орнады. Біздің қауым Ұлы Отан соғысы зұлматы кезінде босқынға айналып, Сталиннің тұсында өзге халықтармен бірге жер аударылып, көшіп келген ата-бабаларымызға дәм-тұзын бөліп беріп, пана болған қазақ халқының көмегін жоғары бағалайды.

Пурим мерекесі кезіндегі жиын. Алматы, 4 наурыз 2015 жыл.

Пурим мерекесі кезіндегі жиын. Алматы, 4 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан – бұрынғы СССР елдерінің ішіндегі ұлтаралық қақтығыстан аман келе жатқан санаулы елдердің бірі. Мемлекетіміздің өркендеп жатқаны да осыдан шығар. Құдай Қазақстанды жақсы көреді.

Ал антисемитизмге келсек, Қазақстанда тұрған жылдары өз басым ондай әрекеттерді ұшырастырмадым.

Азаттық: - Раввин мырза, Совет одағы күйрегеннен кейін, яғни 1992 жылдың басында және қазір Қазақстанда қанша еврей тұратыны туралы қолыңызда деректер бар ма?

Раввин Ешая Коген: - Жаратқан ием арғы бабамыз Авраамға «сенің ұрпақтарың аспан көгіндегі жұлдыз сияқты болады» деп уәде еткен екен. Кейбір себептерге байланысты еврей қауымының қанша екенін санау өте қиын. Тек көптеген еврейлер кезінде мүмкіндікті пайдаланып, өзге ұлт өкілдері сияқты бұрынғы СССР елдерінен кетіп қалғанына қарамастан, қауым қатары жылдан жылға өсіп келе жатқанын ғана айта аламын.

Еврейлердің елден кетуінің бір себебі - мыңдаған жылдық дәстүрлерімізді сақтауға мүмкіндік болмады. Бірақ қазір Қазақстаннан кетуге мұндай себеп жоқ, сондықтан синагогаға күн сайын жаңа адамдар келіп жатыр. Синагогаға келгенге дейін өзінің еврей екенін білмейтіндер бар. Ал кейбіреулер ұлттық-діни тақырыптарға әңгімелесуден әлі қорқады, олардың жүрегінде Совет Одағынан қалған қорқыныш бар.

Азаттық: - Қазақстаннан қанша еврей және негізінен қай елдерге кетті?

Раввин Ешая Коген: - Одақ күйреп, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ауыр кезең болды. Кейбіреулер дамыған елдерге кетіп, тұрмысын түзеуге тырысты. Бірақ біраз жылдан кейін Қазақстанның өркендей бастағанын, қоғамда тұрақтылық орнағанын көріп, адамдар қайта оралып жатыр. Қазақстаннан кеткен көптеген эмигранттармен араласып тұрамын, олардың ішінде елден кеткеніне өкінетіндер көп.

Өзге ұлт өкілдері сияқты еврей эмигранттары да көбінесе Израиль, Еуропа, АҚШ, Австралияға кетті. Мен танитындардың бәрі Қазақстанды жылы сөзбен еске алады, достық қарым-қатынастарын үзбеуге тырысады.

Ақшалай көмектесе алмасаң да, жылы сөзің мен кеңесіңді, достық пейіліңді аяма. Адам баласы алуды ғана емес, беруді де білуі тиіс.

Азаттық: - Православие және мұсылман мерекелері тұсында храмдар мен мешіттердің маңайында қайыр-садақа сұраған адамдар отырады. Ал синагога жанында тіпті Пурим мерекесі күні де мұндай жандар көрінбейді. Мұның себебі неде?

Раввин Ешая Коген: - Біздің қауымымыз онша үлкен қауым емес. Ал қайыр-садақа сұрайтын адамдар көбінесе халық көп жиналатын діни немесе өзге көпшілік орындарды жағалайды ғой. Ал біздің қауымда адам онша көп емес қой. Адам баласы бір-біріне бауырмалдық танытуға тырысуы тиіс. Бұл - дініміздің негізгі қағидасы. Ақшалай көмектесе алмасаң да, жылы сөзің мен кеңесіңді, достық пейіліңді аяма. Адам баласы алуды ғана емес, беруді де білуі тиіс. Адамдар бір-біріне көмектессе ғана мына әлемде тыныштық пен береке орнайды, қылмыс пен ғаріп жандар азая түседі.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG