Accessibility links

Сарапшы «ролик бұғаттау» науқанындағы асыра сілтеуді айтты


«Әділ сөз» қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калеева.

«Әділ сөз» қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калеева.

Қазақстан бас прокуратурасы «Сириядағы «жиһадшы» балалар» видеосын таратуға тыйым салды. Ал сарапшы бұғатталған материалдар ішінде роликті жарияламаған, «оқырманға дұрыс бағыт беретін материалдар да кетіп жатқанын» айтады.

Қарашаның 24-і күні Қазақстан бас прокуратурасы Сириядағы «жиһадшы» балалар туралы интернетте жарияланған (қарашаның 22-сінде) видео жайлы ескерту жасады.

Бас прокуратура «Сирия территориясында жүрген және сондағы террористік ұйымдар жағында әскери қимылдарға қатысып жатқан Қазақстан азаматтары түсірілген» роликтің мазмұны «терроризмді насихаттау және ақтау деп танылғанын» мәлімдеген. Арнайы орган роликті және оның жекелеген эпизодтарын Қазақстан территориясында таратудан бас тартуды ұсынған.

Мәлімдемеде Қазақстанның инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне «роликке кіруді оқшаулау, оны таратуға тыйым салу жөнінде шаралар қабылдау туралы ұйғарым енгізілгені» жазылған.

Бас прокуратура мәлімдемесінен кейін Қазақстандағы кей сайтта осындай роликтің тарағаны туралы ақпараттық материалдар да ашылмай қалды. Азаттық осыған байланысты сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калееваның пікірін сұрады.

Азаттық: – Бас прокуратураның кешегі мәлімдемесіне қатысты не айтар едіңіз?

Тамара Калеева: – Бұл тәрізді алдын ала түсініктеме жүргізіп, ескерту айту – прокуратураның құқығы. Бұл дұрыс та шығар. Алдымен не үшін, қандай заң бұзылатындығын түсіндіріп, кейін оны орындамағандарды жауапқа тарту дұрыс.

Ал бұл мәлімдемелердің қаншалықты нәтиже беретіндігі – басқа мәселе. Мұндай мәлімдемелерді басқа шаралармен қатар жасаған жөн. Мәселен, «Алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?», «Террористік, экстремистік материалдар қалай анықталып, жабылып жатыр?» деген сауалдар тұщымды жауаптарды талап етеді. Алайда оған ешкім жауап бермей отыр. Бұл ретте Adam bol журналына қатысты жағдайды мысалға алуға да болады. Мен оны мұқият оқып шықтым. Айдос Садықов ешқандай терроризмге, зорлық-зомбылыққа шақырып отырған жоқ. Бірақ журнал жабылып, ертең соты өтпек. Меніңше, терроризм мен экстремизм секілді ауыр қылмыстардың алдындағы қорқыныш құзырлы органдардың жағдайды объективті бағалауына мұрша бермей отыр. Сондықтан осыған қатысты кез келген сөз бен пікір байқалса, бірден жазаланып жатыр.

Азаттық: – Азаттық сайтында қарашаның 23-і күні жарияланған ИМ-нің «жиһадшы қазақ балалар» туралы видео таратқаны жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі материалдар Қазақстан аумағында ашылмай тұр. Ол мақалада ешқандай видео жарияланбаған, сілтемесі көрсетілмеген. Бұл сіз айтып отырған қорқыныштың әсері ме?

Шенеуніктер «әйтеуір мен таяқ жемесем болды, жұмысымнан айырылып қалмасам болды» деген оймен барлығын жауып, бұғаттап жатыр. Ал оның ішінде өркениетті шеңберде жазылып, оқырманға дұрыс бағыт беретін материалдар да кетіп жатады.

Тамара Калеева: – Әрине. Бұл шаралар терроризммен күрес идеясына нұқсан келтіреді. Біздің техниктер, байқауымша, «нүктелі бұғаттауды» жақсы меңгерген секілді. Олар сайтты тұтас жауып тастамайды, жекелеген мақалаларды бұғаттайды. Біздің сайтта да Adam bol журналына қатысты материал ашылмай тұрғанын айтайын. Тақырыбы тұр, ал мақаланың өзі ашылмайды. Меніңше бұл – біліктіліктің жетіспеушілігі мен күні бұрын сақтану. Шенеуніктер «әйтеуір мен таяқ жемесем болды, жұмысымнан айырылып қалмасам болды» деген оймен барлығын жауып, бұғаттап, күні бұрын сақтанып отыр. Ал оның ішінде өркениетті шеңберде жазылып, оқырманға дұрыс бағыт беретін материалдар да кетіп жатады.

Азаттық: – «Оқырмандарға дұрыс бағыт беретін» материалдарды да бұғаттау сөз бостандығына нұқсан келтірмей ме?

Тамара Калеева: – Сөз бостандығының қайда екенін бас прокуратурадан сұраңыз. Мен жауап берер едім, бірақ оны мәдениетті тілде айта алмаймын. Сондықтан айыпқа бұйырмаңыз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG