Accessibility links

«Экстремист» ретінде сотталғандар жасарып бара ма?


«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының маманы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. Алматы, 27 ақпан 2015 жыл.

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының маманы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. Алматы, 27 ақпан 2015 жыл.

Қазақстанда діни экстремизммен күрес шаралары күшейген сайын сотталушылардың қатарында жасөспірімдердің пайда бола бастағаны байқалады. Азаттық осы құбылысты зерттеп жүрген маманмен сұхбаттасты.

Ақпанның соңында Атырау облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «экстремизмді насихаттау» айыбы бойынша екі жас азаматты бес жылға соттады. Олардың бірі 16 жасқа, екіншісі 19 жасқа енді толғаны белгілі болды.

Соңғы жылдары «радикалдық діни топтарға қосылғаны» үшін жауапқа тартылғандардың саны ғана көбеймей, жасы да жасарып келе жатқаны байқалады. Бұл құбылыстың себебі туралы Азаттық тілшісі радикалдық діни топтар қатарында сотталған жастар туралы зерттеулер жасап жүрген Алматыдағы «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығының маманы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен сұхбаттасты.

Азаттық: - Радикалдық діни топтарға қосылуға бейім жасөспірімдердің әлеуметтік-психологиялық портреті қандай?

Серік Бейсембаев: - Біздің зерттеу бойынша, радикалдық діни топтарға қосылғандардың дені - 18 бен 25 жастағы аралығындағы азаматтар. Радикалдық ұстанымдарға бой алдырмас бұрын олар өзінің әлеуметтік ортасынан ажырағандар, яғни бір жерден екінші жерге көшіп барғандар, немесе оқуға түсіп, жаңа ортаға бейімделу барысында радикалдық діни ағымдардың ықпалына түсіп қалғандар. Яғни бұл - әлі де өз ортасын таппаған, жаңа ортаға бейімделу барысында пайда болатын психологиялық дағдарыс кезі.

"Терроризм" айыбы тағылған сегіз адамның соты. Атырау, 5 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Терроризм" айыбы тағылған сегіз адамның соты. Атырау, 5 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Діни радикализмге бой ұрған жастарды үш санатқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – саяси идеологиялық ағым ретіндегі діни ықпалға түскен жастар. Олар террористік немесе экстремистік іс-әрекетке баруға әлі дайын емес, бірақ көңіл-күйі соларды қолдауға жақын. Экстремизм бабы бойынша жауапқа тартылған жастардың көбіне «радикалдық топтарға ақша берген, қаржыландырған» деген айып тағылған. Екіншісі - діни радикалдық топтардың белсенді мүшелері. Олар радикалдық ұстанымды қабылдап қана қоймай, «құндылықты» қорғау үшін белгілі бір әрекеттерге баруға дайын. Бірақ оның ішінде нақты әрекетке барғандар да, бармағандар да бар. Ал үшінші топ – осы радикалдық діни топтардың жетекшілері. Оның ішінде радикалдық топқа кірмес бұрын қылмыстық әлемнің белсенді мүшесі ретінде өмір сүрген, яғни әртүрлі қылмыс жасағандар кездеседі. Постсоветтік елдерде діни радикализм менен қылмыстық әлемнің сабақтасуы осылайша байқалады.

Азаттық: - Жақында, Қазақстан дін істері агенттігі «кей өңірлерде орта мектеп оқушылар сабаққа бармай жұма намазға кетіп қалатыны» туралы ақпарат таратты. Сіздіңше оқушылар мектеп қабырғасыда жүріп те радикалдық діни топтарға бауыр басуы мүмкін бе?

Серік Бейсембаев: - 16-17 жаста жасөспірімдердің ересек өмірге қадам басатыны және өзін-өзі іздейтіні, соның ішінде дінге де қызығушылық білдіруі - табиғи жайт. Радикалдық топтар мұндай кезеңді пайдалануға тырысады. Ол үшін уағыздаушылар арнайы технологияны да пайдаланды. Олар бұрынғыдай мектеп, мешіт алдында жасөспірімдерді қарауылдап тұрмайды. Есесіне қалалық жердегі ықшам аудандардың аулалық топтарын анықтайды. Соның ішіндегі ең белсенді, беделдісін таңдап, қайда баратынын, не істейтінін біледі. Сөйтіп біртіндеп тілін табуға тырысады. Содан кейін өздері ұстанатын жолдың артықшылықтары туралы, жасөспірімге қызықты тағы да басқа тақырыптарда әңгімелесіп, қатарына тарта бастайды. Бұл ағымды бойына сіңірген жасөспірім әлгі топтың көзқарасын жанында жүрген басқа жасөспірімдерге оңай таратады. Оған қосымша, әртүрлі видеолар мен кітаптары тағы бар.

Азаттық: - Қазір көпшілік жұрт діни уағыздың интернет арқылы таралатынын айтады.

Сирияда соғысып жүрген Қазақстандық "жиһадшылар" деп, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Сирияда соғысып жүрген Қазақстандық "жиһадшылар" деп, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Серік Бейсембаев: - Иә, бұл радикалды ілімнің таралу ошағы қазір интернет, соның ішінде әлеуметтік желілер. Мектеп жасындағы балалар көп уақытын осы интернетте өткізеді. Жасөспірімдерге арнайы жасалған видеолар оларға тез әсер етіп, жетектеп әкетеді. Мәселен, жиһад жасауды батырлық, ерлік ретінде насихаттап, ашық дәріптейді. Оның үстіне уағызшылар өзінің электрондық поштасы немесе әлеуметтік желі парақшасы арқылы жасөспірімдермен ашық және еркін сөйлесуге дайын. Ол уағызшылар міндетті түрде шетел азаматы деген сөз емес. Олар осы постсоветтік кеңістіктен, мүмкін өзіміздің елден де шыққан болуы мүмкін, бірақ қазіргі уақытта шетелде, мұсылман мемлекеттерінің бірінде отырып, сол жерден уағыз жүргізе береді. Көбіне орыс тілінде сөйлейді. Қазақ тілінде сөйлетіндері де бар. Сондықтан тілдік кедергі жоқ.

Азаттық: - Жасөспірімдерді радикалдық діни ағымдардан қалай сақтандыру керек? Ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?

Серік Бейсембаев: - Ата-аналар баласының әлеуметтік желіде қандай мақсатпен отырғанын және қандай топтарға мүше екенін білуі тиіс. Ата-аналардың көбінің интернетке қызығушылығы жоқ. Әсіресе ауылдарда әлеуметтік желінің не екенін білмейтін ата-аналар көп.

Азаттық: - Сіз зерттеу жасау кезінде «діни экстремизм» бабы бойынша сотталған бірқатар жасөспірімдермен түрмеге барып сөйлесіпсіз. Қандай ой түйдіңіз? Олардың барлығы радикалдық көзқарасы үшін әділ жазаланды деуге келе ме? «Экстремизммен күрес» науқанына негізсіз ілінгендер байқалды ма?

Серік Бейсембаев: - Олардың ішінде мұндай іске балалықпен барғанын айтып өкінгендер көп. Бірақ заңды білмей түскендері де жеткілікті. Мәселен, діни радикалдық топтардың бірінің мүшесіне интернетте жеке парақша ашып бергені үшін ғана сотталғандар бар. Жеке парақшаны не үшін, қандай мақсатта ашқызғанын білмедім деген уәж айтады. Бірақ мұндай әрекеті заң бойынша «діни экстремизмге ақпараттық қолдау көрсету» болып шығатынын білмеген.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG