Accessibility links

Түрмеде отырған журналист Есіргепов 55 жасқа толды


«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Қазақстандық және шетелдік журналистер, баспасөзді қорғау ұйымдары түрмеде отырған тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповке құттықтау хат жолдады.

Тараз қаласында түрмеде отырған тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов сәуірдің 30-ы күні 55 жасқа толуына байланысты ондаған құттықтау түсті. Бұл шараны баспасөзді қорғаушы «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымы ұйымдастырған болатын.

«БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫН КҮТЕМІЗ»

– «Біз оның бостандыққа шығуын асыға күтеміз» – құттықтау хаттағы негізгі мағына осы! Рамазанға жіберіліп жатқан хаттардағы маңыздысы осы, демеу беру. Жетіп жатқан хаттардың қайдан келгендігін білгені оған үлкен дем береді деп ойлаймын, – дейді ұйым жетекшісі Розлана Таукина.

Оның сөзінше, қазір Қырғызстан, Ресей, Украина, Франция, Америка және Польша сында алыс-жақын елдерден құттықтаулар жібердік деген хабарлар
«Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина. Алматы, 11 қаңтар 2011 жыл.
келіп түскен. Елдегі бірқатар партия мен азаматтық қоғам өкілдері де өздерінің құттықтауларымен қолдайтындықтарын білдіріп, хат жіберген. Бірақ журналист құттықтауларды дәл туған күні – сәуірдің 30-ында алмауы да мүмкін дейді Розлана Таукина.

– Колония тәртібі бойынша кез-келген хат келгенде алдымен оның мазмұнымен танысады, кейін біраз уақыт өткеннен кейін сотталған азаматқа береді. Сондықтан кей хаттар туған күннен кейін де түсуі мүмкін, – дейді Таукина.

Дегенмен шараны ұйымдастырушылар «маңыздысы – қамауда жатқан әріптесімізді демеп, оны ешкімнің ұмытпағандығын және асыға күтіп жүргендігін сездіру» дегенді айтады.

КОЛОНИЯНЫҢ «ЖЫРЫ»

2009 жылы 8 тамызда Тараз қаласының №2 сотының үкімімен «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сондай-ақ, оған екі жыл мерзімге баспагерлік және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Оған «мемлекеттік құпияны заңсыз жинау және тарату», «қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» баптары бойынша айып тағылды. Қазір журналист Тараз қаласының жалпы тәртіптегі УЖД 158/2 колониясында жазасын өтеп жатыр. Журналистің әйелі Раушан Есіргепованың
Раушан Есіргепова Алматы облыстық соты қақпасының алдында. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.

айтуынша, осы күнге дейін Рамазанның мерзімінен бұрын босауына бір емес, үш мүмкіндік болған. Оның барлығында да теріс шешім шыққан.

Бұған қоса екі рет қоныстану колониясына көшіру туралы мәселе көтерілген. Екеуінде де «жоқ» деген жауап келген.

Қоғамдық ұйым өкілдері Рамазан Есіргепов биыл Қазақстанда қарастырылып жатқан амнистицияға ілігіп, бостандыққа шығатын болар үміттенеді. Раушан Есіргепова амнистияның да қитұрқы тұстары бар екендігін атап өтті.

– Рамазан сотталған бап аса ауыр болмағандықтан амнистияға ілінуі де мүмкін. Бірақ амнистия желтоқсан айында жүргізілетін болса, оның Рамазанға қажеті шамалы. Себебі оның мерзімі келесі жылдың 6 қаңтарында аяқталады. Ал жазда өтсе, онда жағдай басқа. Бұдан бөлек, елде 2006 жылы өткен амнистияда «сотталған азамат өз кінәсін толығымен мойындап» барып, босатылып жатты. Егер осындай пункт осы жолы да болса, онда Рамазан амнистияға ілінбейтіндігі анық. Себебі Рамазан өзін ешқашан кінәлі деп есептемеген, есептемейді де, – дейді радиомызға Раушан Есіргепова.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG