Accessibility links

Қоғамдық белсенді, журналист Әлима Әбдірова ақталып шықты


Әлима Әбдірова, құқық қорғаушы, журналист. Ақтөбе, 31 тамыз 2011 жыл.
Әлима Әбдірова, құқық қорғаушы, журналист. Ақтөбе, 31 тамыз 2011 жыл.

Ақтөбе соты «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, құқық қорғаушы Әлима Әбдіроваға тағылған айыпты негізсіз деп тауып, оны толықтай ақтау туралы үкім шығарды. Сот үкімі шығар алдында куәлардың бірі соққыға жығылды.


Бұл турасында Азаттық радиосына құқық қорғаушының өзі хабарлады.

- Сот Домбровскаяның дәлелдерін негізсіз деп тауып, мені толығымен ақтады, - деді «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлима Әбдірова сәрсенбі күні.

«ІСТІ АЯҒЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗЕМ»

Ол сонымен бірге қоғамдық ұйымның Жайсаң интернатында болып жатқан заңсыз әрекеттермен күресті әрі қарай да жалғастыра беретінін айтты.

- Ондағы заң бұзушылықтарды балалардың өздері растайды. Неге екені белгісіз, балалардың құқығын қорғауы тиіс прокуратура да, полиция да, балалар құқығын қорғау комитеті те, облыстық білім департаменті де бұған көз жұма қарап отыр, - дейді ол.

Әлима Әбдірованың айтуынша, Ақтөбе облысы, Мартөк ауданы Жайсаң ауылында орналасқан психикалық дамуы баяу балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрибеленушілерінен әлі күнге дейін қоғамдық ұйымға шағым түсіп жатыр. Ол алдағы уақытта осы жаңа фактілерге байланысты құқық қорғау органдарына кезекті шағым түсіретінін де айта кетті.

Бұл күні құқық қорғаушыны «өзі мен жақындары туралы жалған ақпарат таратты» деп айыптаған шағым беруші Жайсаң мектеп-интернатының бұрынғы директоры, қазіргі оқытушысы Ирина Домбровскаядан жауап алудың сәті түспеді.

ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова сәрсенбі күні сот үкімі шығардан бір күн бұрын (тамыздың 29-ы күні) «Жайсаң» интернатына қатысты істегі куәлардың бірі, бұрындары осы интернатта тәрбиеленген 22 жастағы Антон Петров пен оның інісін белгісіз біреулердің ұрып кеткенін хабарлады.

Оның айтуынша, Антон Петров пен оның інісі әпкелерін аялдамаға дейін шығарып салып, қайтып келе жатқан кезде көшеде белгісіз біреулер оларға тиісіп, ақырында соққыға жығып кеткен.
Солдан оңға: Алма Құрманбаева, куәгер; оның қызы Нұргүл, Әлима Әбдірова және Жайсаң интернатының тәрбиеленушісі Антон Петров. Ақтөбе, 27 тамыз 2011 жыл.

- Қазір ол (Антон Петров) үйде жатыр. Оң қолы ісіп кеткен. Бүгін дәрігерге барып, күтіп-күтіп ақыры келмегеннен кейін кетіп қалған. Қажетті дәрі-дәрмектерді алып, қазір үйде емделіп жатыр, - дейді Әлима Әбдірова.

Бұл оқиғаны Жайсаң интернатына қатысты іспен байланыстырып отырған Әлима Әбдірова осы уақыт бойы белгісіз біреулердің оны сотта куәлік бермеуге айнытуға тырысқанын, телефон арқылы оған қоқан-лоққы жасағанын айтады.

- Менің ойымша, мұның барлығы бір-бірімен байланысты, - дейді ол.
Өткен аптада Әлима Әбдірова басты куәлардың бірі Антон Петровқа соттың Жайсаң интернатындағы зорлық-зомбылық туралы айтуына мүмкіндік бермегенін де айтқан болатын.
Былтырдан бері Әлима Әбдірова осы интернатта балалардың құқығы өрескел түрде бұзылып, олардың зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын дәлелдеуге тырысып келеді.

Бұл оқиғаға қатысты жергілікті полицияның іс ашқан-ашпағаны белгісіз.
Сәрсенбі күні Ақтөбе облыстық ішкі істер полициясына хабарласқан кезде баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев ақпараттың жоқтығына байланысты бұл іске қатысты әзірге, ештеңе айта алмайтынын айтты. «Ертең хабарласып көріңіз» деді ол.

Өткен айдың аяғында Ақтөбе соты психикалық дамуы баяу балаларға арналған Жайсаң мектеп-интернатының бұрынғы директоры Ирина Домбровскаяның шағымы бойынша «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлима Әбдірованың үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.

Әңгіме осы интернатқа қатысты туған даудан шығып отыр. Былтырдан бері Әлима Әбдірова осы интернатта балалардың құқығы өрескел түрде бұзылып, олардың зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын дәлелдеуге тырысып келеді.

Ал шағым иесі Ирина Домбровская Әлима Әбдірованы «интернат басшылығына қатысты жалған ақпарат таратып, өзім мен отбасы мүшелерімнің ар-намысына, беделіне нұқсан келтірді» деп айыптаған еді.

2009 жылдың шілдесінен бері осы аймақтағы Азаттық радиосының тілшісі ретінде де қызмет атқарып жүрген Әлима Әбдірова оқырмандарымызға соңғы бірнеше айда Ақтөбе облысында болып жатқан оқиғалар туралы жазған репортаждары арқылы жақсы таныс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG