Accessibility links

Журналист Садықованы сырттай соттауы мүмкін


Наталья Садықова. Киев, 24 наурыз 2014 жыл. Сурет жеке архивінен алынды.

Наталья Садықова. Киев, 24 наурыз 2014 жыл. Сурет жеке архивінен алынды.

Ақтөбе қалалық соты іздеу жариялаған оппозициялық журналист Наталья Садықова Украинада екенін жасырмайды. Қазақстанда оны бұрынғы депутаттың "ар-намысына тиді" деп айыптайды.

Наурыз айының ортасында Ақтөбе қалалық соты қамауға алу туралы сырттай шешім шығарып, іздеу жариялаған оппозициялық журналист Наталья Садықова Украина астанасында екенін және журналистік қызметін сол қалада жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Сот журналистің пәтеріне қамау салу, кейін өзін тұтқындау туралы шешімдерді парламенттің бұрынғы депутатының талап-арызы негізінде шығарған. Ол талап-арызында оппозициялық газетте Бақыт Ілиясова есімді автор жазған мақалалардың біріндегі жайттардан «моральдық зардап шектім» деп көрсеткен.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖӘНЕ ПӘТЕРГЕ ҚАМАУ САЛУ

Наурыздың 17-сі күні Ақтөбе қалалық соты Наталья Садықоваға іздеу жариялау туралы қаулы шығарып, жергілікті полицияға журналисті тапқан бетте бірден тұтқындап, «сотқа дереу хабарлауы тиіс» деген міндет жүктеді.

Азаттық тілшісімен Киев қаласынан сөйлескен Наталья Садықованың айтуынша, ол наурыздың 17-сі күні сотқа келуі тиіс екенін білмеген. Наурыздың 9-ы күні Қазақстаннан отбасымен жолға шығып кеткен Наталья қазір Украина астанасында тұрып жатқанын жасырмайды.
Наталья Садықова мен қызы Шарлиз. Сурет Садықовтардың жеке мұрағатынан алынды.

Наталья Садықова мен қызы Шарлиз. Сурет Садықовтардың жеке мұрағатынан алынды.

«Қазір отбасыммен Киевтемін. Мұны жасырмаймын. "Республика" газеті мен "16/12" арнасы үшін сюжет түсіріп, мақала жазамыз. Сот қаулысы шығып, бірден тергеу абақтысына қамалатындықтан, елге оралуым екіталай. Ал мұнда тіпті ауаның өзінен еркіндіктің иісі сезіледі» дейді Наталья Садықова Азаттық тілшісіне.

Бірақ туған жері – Қазақстанға келсе, Наталья кем дегенде үш жыл бойы түрме ауасымен тыныстауы мүмкін. Наурыз айының басында Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Марал Итеғұлов Ақтөбе қалалық сотына Наталья Садықованың жеке басына қарсы шағымданып, талап-арыз түсірген. Былтыр желтоқсанның 23-і күні «Республика» оппозициялық сайтында Бақыт Ілиясова деген адамның «Ақтөбеде тендер жұрттың бәріне бірдей жетпейді» деген мақаласы жарияланды.

Марал Итеғұловің айтуынша, жала жабу мақсатында жазылған мақалада бұрынғы депутаттың «ар-намысын қорлайтын көрінеу жалған деректер келтірілген». Ол «Бақыт Ілиясова – Ақтөбе қаласында тұратын белгілі оппозициялық журналист Наталья Садықованың лақап есімі» дейді.

«ІЗДЕП, ТАУЫП, ТҰТҚЫНДАП, ҚАМАП, БАЯНДАСЫН»

Итеғұлов соттан қылмыстық кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша Садықованы жауапқа таруды сұрайды. Бұл бапта үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Наурыздың 12-сі күні Садықоваға қарсы азаматтық талап-арыз берген Итеғұлов соттан «моральдық зардап келтіргені үшін» журналистен өтемақы ретінде 10 миллион теңге (55 мың долларға жуық) өндіріп беруді талап еткен. Сот Наталья Садықованың Ақтөбе қаласындағы пәтеріне қамау салу туралы қаулы шығарды.

Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис журналист Наталья Садықованы қылмыстық қудалауға қатысты жағдайға былай баға береді:

"Әлгі мақаланы Наталья Садықова жазған күннің өзінде, оны қылмыстық бап бойынша қудалап отырған мемлекетті, жұмсартып айтқанда, демократиялық мемлекет ретінде сипаттауға болмайды".

Құқық қорғаушы «жала жабу бабынан қылмыстық жазалауды алып тастаймыз деп, Астана бүкіл әлемге баяғыда жар салғанымен, құқықтық ахуалды, керісінше ушықтырып жіберді» дейді. Евгений Жовтистің айтуынша, елде жала жабу бабы бойынша осымен екінші журналист қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
Азаматтық белсенді Айдос Садықов сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

Азаматтық белсенді Айдос Садықов сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

​Жовтис егер Қазақстан билігі Садықованы экстрадициялауға тырысса, Еуропаның бір мемлекеті де бұған келіспейді деп есептейді.

Журналист Наталья Садықованың есімі жұртқа оппозициялық басылымдарда билікті сынап жазған мақалаларымен ғана емес, қылмыстық қудалауға ұшыраған оппозициялық журналист, әрі белсенді Айдос Садықовтың әйелі ретінде де таныс.

«Полицейлерге қарсылық көрсетті» деген айыппен сотталған ері түрмеде отырған кезде Наталья күйеуін қорғау құқығын пайдаланып, түрмеге жиі ас-су апарып тұрды. Кішкентай қызын бағып-қағып, бүкіл ауыртпалықтың өзіне түскеніне қарамастан журналистік қызметін де тастамаған. Ал күйеуі түрмеден босап келген соң көп ұзамай бұл шаңырақта ұл дүниеге келді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG