Accessibility links

«Журналистерге жасалған қастандық – таза теракт»


Журналист Лұқпан Ахмедьяров жазушы Алпамыс Бектұрғановқа байланысты сотта отыр. Орал, 6 қазан 2009 жыл.
Журналист Лұқпан Ахмедьяров жазушы Алпамыс Бектұрғановқа байланысты сотта отыр. Орал, 6 қазан 2009 жыл.

Жуырда қарулы қастандықтың құрбаны болған журналист Лұқпан Ахмедьяров бір-екі күнде ауруханадан үйге шығамын деп үміттеніп отыр. Ол кез-келген журналиске жасалған қастандықты теракт деп санайды және биліктің мұндай қылмыстарды ашуға еш құлқы жоқ екенін айтады.

3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңында, ауруханада жатқан оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров Азаттыққа шағын сұхбат берді.

- Көбіне система алып жатырмын. Тігістердің көбін алды. Енді ішімде үлкен кесілген жер бар, соның тігісін алса, бір-екі күнде үйге шығамын ба деген үмітім бар. Жалпы халім - қалпақтай! - деді Лұқпан Ахмедьяров мамырдың 1-і күні Азаттық тілшісіне.

Ол журналистің күнделікті «жүгірісімен» үйінде жиналып қалған кітаптарды оқуға уақыт таппай жүргенде мынадай халге ұшырағанын айтып:

- Көптен бері бірінші рет кітап оқитын, ойланатын уақыт пайда болды. Соңғы екі жыл мүлдем дем алмаппын, - деді.

«ЕСКЕРТУ ҮШІН ЕМЕС, ӨЛТІРУ ҮШІН КЕЛДІ»

Лұқпан өзіне қатысты қастандықтың кәсіби қызметіне тікелей қатысы бар деп ойлайды. Оның сөзінше, бұл – жай ғана ескерту емес.

- Бұл – қорқыту емес. [Олар] өлтіру мақсатында келді. Өйткені қорқытуға келсе, мені сабап жатқанда бірдеме айтады ғой. Ал мыналар бір сөз де айтқан жоқ. Бірден келе салып тапаншамен атып, соғып, пышақтап кетті, - деді журналист.
Лұқпан Ахмедьяров қастандық жасалған түні жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкелінді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.
Лұқпан Ахмедьяров қастандық жасалған түні жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкелінді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.

Ол Қазақстанда журналистерге жасалған қастандықты тексеру ісі әдетте аяқсыз қалатынын айтады.

- Жалпы журналистерге жасалған шабуыл – таза теракт. Өйткені екеуінің мақсаты бір – қоғамды қорқыту. Ал күш құрылымдары ондай әрекеттің үстінен әдетте «бұзақылық», «қасақана адам өлтіруге оқталу» сынды баптармен іс қозғайды. Ал «журналисттің кәсіби қызметіне кедергі келтіру мақсатында жасалған қастандық» деген айыппен әлі күнге дейін бірде-бір іс қозғалған емес, - деді журналист.

4 АЙДА - 11 ҚАСТАНДЫҚ

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяровқа белгісіз адамдар сәуірдің 19-ы кешкі уақытта қастандық жасап, жарақаттап кеткен еді. Журналиске жасалған шабуыл жергілікті және халықаралық адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғау ұйымдарының наразылығын тудырған.

Қазақстанда сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының мәліметі бойынша 2012 жылдың алғашқы төрт айының өзінде Ахмедьяровты қосқанда 11 журналиске қастандық жасалып, тағы екеуіне қоқан-лоққы көрсетілген.

Осы уақыт ішінде 93 веб-сайтқа шектеу қою фактісі тіркелген, 15 мәрте журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасалған. Сонымен бірге 27 журналиске қатысты іс сотта қаралып, 79 мәрте БАҚ өкілдері қоғамдық маңызы бар ақпаратты тиесілі мемлекеттік орындардан ала алмаған.

Сұхбаттың толық нұсқасын тыңдаңыз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG