Accessibility links

Шекарашы Челахтың «15 адамды өлтіргеніне» сенетіндер де, сенбейтіндер де бар


"31" телеарнасының журналисі Владислав Длиннов. Сурет журналиcтің Twitter-аккаунтынан алынды. Алматы, 7 маусым 2012 жыл.

"31" телеарнасының журналисі Владислав Длиннов. Сурет журналиcтің Twitter-аккаунтынан алынды. Алматы, 7 маусым 2012 жыл.

Әлеуметті желілердегі қолданушылардың көбі Арқанкерген постында аман қалған сарбаз, 19 жастағы Владислав Челах жалғыз өзі 14 шекарашы мен бір қорықшы – барлығы 15 азаматты өлтіргеніне сенбейтінін жазады. Ал кейбір оқырмандар «бәрі де мүмкін» дейді.

Шекарашының «қылмысты мойындауы» туралы жаңалықты Facebook әлеуметтік желісіндегі оқырмандар көп талқылады.

«15 АЗАМАТ КЕЗЕГІМ ҚАШАН КЕЛЕДІ ДЕП КҮТІП ОТЫРМАҒАН ШЫҒАР?!»

Жұлдыз Әбділда есімді интернет-тұтынушы «Арқанкергендегі қанды оқиғаға кінәліні тез таба қойғанына» қайран қалады.

– Қандай мықты болса да, бір жігіттің (оның өзі жиырмаға да толмаған жап-жас жігіт) он бес адамды қырып тастауы ақылға сыймайды. Ұйықтап жатқанда тарпа бас салыпты деген күннің өзінде де атылған оқтың даусынан шекара күзетіндегі қырағы сарбаздардың біреуі болмаса біреуі оянбауы қалай? Он бес азамат «Менің кезегім қашан келеді екен?» деп күтіп отырмаған шығар. Бір қайрат көрсетсе керек еді. Олар көшеде жүрген біреулер емес, қауіпсіздік комитетінің шекара күзетіндегі сарбаздар емес пе! Және, егер расымен де сол жігіт бәрін қырып салған болса, ол ең алдымен тапаншаның көзін құртар еді, – дейді Жұлдыз Әбділда.

Ол «Заманбек Нұрқаділовтің өзін-өзі үш рет атып, жата қалғанына «сенгенін, «Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін Өтембаев бір газетте жыл жарым уақыт бұрын өз атына айтылған сынға бола өлтіртіп тастады дегенге де «сенгенін» айта келе:

– Енді мынадай масқараға қалай сенуге болады? Және, қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ол жігіттің отбасына қысым жасауына кім құқық берді? – деп жазады.

Ал Ержан Абдраман есімді азамат деректердің қарама-қайшылығын жазыпты:

– Кеше – «Өлген шекарашылардың қанынан алкоголь табылған жоқ», бүгін - «Алкоголь ғана емес, есірткі де бар сияқты». Кеше – «Тірі қалған шекарашы өзі келді», бүгін – «Ол ұсталды». Кеше – «Бізде дедовщина жоқ», бүгін – «Бұл ішкі қақтығыс». Кеше – «Неден өлгендері белгісіз», бүгін – «Бәрін атып өлтірген».

Александр Журавлёв есімді әлеуметтік желі қолданушысы да Владислав Челахтың «14 адамды өлтіргеніне» сенбейді.

– Ол әлі бала ғой! Одан қандай Рэмбо шықпақ? Бүкіл заставаны бір өзі қалайша Шекарашы Владислав Челах. (Жеке мұрағат суреті)

Шекарашы Владислав Челах. (Жеке мұрағат суреті)

жер жастандыра алады? Мәйіттердің казармада табылғаны естеріңізде ме? Сонда ол казармаға кіріп, бәрін кезек-кезек өлтіре берген бе? Ал басқалары ше? Кезектерін күтіп отырды дейсіздер ме? Өтірік! Немесе оған қызметтік аттар көмектесті дейсіз бе? Біздің арнайы қызмет әбден титықтап кетті... Тіпті лайықты болжам ойлап табуға да қиялдары жетпейді. Жалғыз аман қалған адам – қылмыскер! – деп жазады Александр Журавлёв.

«СОВЕТ КЕЗІНДЕ МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАР БОЛЫП ТҰРҒАН»

Ал журналист Ярослав Красиенко әлеуметтік желілерге жазған пікірінде шекарашы «Владислав Челах серіктерін өлтірді» деген болжамды қолдайтынын айтады. Ол «Челахтың 15 адамды өлтіру ақылға қонымсыз» деген оқырмандарға қарсы уәж айтады.

– Брейвик жалғыз өзі 70 адамды жайратып салғаны ақылға қона ма? Менің ақылым жетпейді. Бірақ суреті бар. Жуықта Қарағандыда жеті адамды 10 минутта бауыздап Журналист Ярослав Красиенко. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.

Журналист Ярослав Красиенко. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.

кеткені ақылға қона ма? Мен иланбаймын. Жаяу адамды қағып кетіп, көлігініне мініп кетіп қалатын адамның ісі ақылға қона ма? Мен сенбеймін. Қарулы жиырма ваххаб түрмеден шығып, бір апта бойы арнайы жасақтан далада қашып жүргені ақылға қонымды ма? Барлық қылмыстың 80 пайызы – ақылға қонымсыз... Не біреудің өзін-өзі басынан үш рет атып өле қалғаны да ақылға сыйымсыз. Есепке жүгінсек, адам өзі атылып өлген оқиғаның көбінде бірнеше оқ жұмсалады, – деп жазады Ярослав Красиенко.

Әскер саласының маманы Айболат Құрманбаев та «мұндай оқиға болуы мүмкін» екенін айтады.

– Әйтсе де ол «өлтіргенімді мойындаймын» деп толық өз-өзіне келе алмаған күйде де айтуы мүмкін ғой. Сондықтан бұл жағдайды соңына дейін анықтау керек. Кімнің кінәлі екенін сот шешеді, - дейді Айболат Құрманбаев.

Ол Совет Одағы кезінде де сақшылардың күзет құрамын тұтас қырып тастағанын, бейбіт азаматтарды атқанын, ұшақты басып алуға тырысқанын, бірақ ол туралы ресми басылымдарда жазылмағанын айта келе, «бәрі де мүмкін» деген ой түйді.

«ДЛИННОВТЫҢ ЖҰМЫСТАН КЕТУІНІҢ ШЕКАРАШЫҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

«ИА Новости-Казахстан» агенттігі маусымның 7-сі күні қазақстандық «31» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі Владислав Длиннов «шекарашы Владислав Челах Арқанкерген постында қаруластарын өлтіргенін мойындады» деген жаңалықты оқудан бас тартты деп хабарлады. Агенттіктің жазуынша, журналист «31» телеарнасындағы қызметінен кеткен.

Азаттық тілшісі мән-жайды білмек болып Владислав Длинновқа хабарласты. Журналист кеше арыз жазып, «31» телеарнасынан кеткенін растады.

Оның айтуынша, жұмыстан кетуінің көптеген себептері бар. «Арнадан кетуіңіздің Челах туралы ақпаратпен байланысы бар ма?» деген сұраққа нақты жауап бермей, басқа мәселеге бұрып әкетті.
Кеше мен эфирге шыққан жоқпын. Яғни эфирден бас тартуым да мүмкін емес.

- Кеше мен эфирге шыққан жоқпын. Яғни эфирден бас тартуым да мүмкін емес. Мен тек сондай ақпарат таратып жатқан жүргізушілердің орнында болғым келмегені туралы (Тwitter-де – ред.) айтқанмын, - деді журналист.

Ал «31» телеарнасының бас директоры Бағдат Қожахметов КазТАГ агенттігіне «Информбюро» бағдарламасының жүргізушісі Владислав Длиннов шекарашының серіктерін өлтіргенін мойындағаны туралы ақпаратты эфирден оқудан бас тартқаннан кейін жұмыстан шығарылды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп сұқбат берген.

– Ол (Владислав Длиннов – ред.) өзі таратқан ақпаратын өзі жоққа шығаратын болар деп үміттеміз. Өйткені шын мәнінде олай болған жоқ. Егер ақпараттарын теріске шығармаса, біз Қазақстан заңдары аясында әрекет етеміз. Ол жұмыстан кету туралы арызын өз еркімен жазған, – дейді телеарна басшысы.

Кеше кешке (Арқанкерген постында аман қалған жалғыз сарбаз - 19 жастағы Владислав Челахтың қарулас серіктерін «өлтіргенін мойындағаны» туралы ақпарат тараған соң) журналист Длиннов өзінің Тwitter-дегі аккаунтында:
Мен эфирден өтірік айтып, шекарашы өзінің серіктерін өлтіргенін "мойындады" деген сандырақты хабарлаудан бас тартамын.

– Журналист пен дикторлар осындай жаңалықты эфир кезінде шынайы кейіппен қалай оқиды? Бұл - масқара! Мен эфирден өтірік айтып, шекарашы өзінің серіктерін өлтіргенін "мойындады" деген сандырақты хабарлаудан бас тартамын, – деген еді.

Владислав Длиннов бүгін, Алматы уақытымен сағат 14.40 кезінде Тwitter-дегі аккаунтында:

- Достар және әріптестер, тағы да айтамын: жұмыстан кету туралы арызды күндіз, шекара заставасы туралы жаңалықтан бұрын жазғанмын. Бірақ кешке ол ісім дұрыс екенін түсіндім. Болды, - деп жазды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG