Accessibility links

Маусымның 28-і - қазақстандық журналистердің төл мерекелері


Біз журналист қауымын мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілей отырып, қазіргі Қазақстандағы журналистиканың жай-күйі жайында әріптестердің пікірін білген едік.

Республикалық “Жас Алаш” газетінің Астанадағы тілшісі Руслан Ерболұлының пікірі.

- Егер салыстырмалы түрде айтсақ, қазіргі қазақ журналистикасының аяқ алысын, қапаста әділетті тарихи құқына жете алмай жүрген Палестинаның жағдайына теңер едім. Неге десеңіз, себебі, біріншіден, биліктің ең төменгі сатысынан ең жоғарғы сатысына дейін, қазақ тілінде ақпарат алу мүмкін емес. Алдаушылықпен бір-екі шенеунік бастапқы сөздерін қазақша бастайды да, сосын әрі қарай орыс тілінде кетеді. Ал шұғыл түрде беретін ақпараттарды орысшадан қазақшаға аударып отыруың керек. Егер журналист шебер болса, журналист ізденімпаз болса, журналист білімді болса, ол жерде қалмайды. Ал 5-10 журналист ізденімпаз болғанымен өнімін дұрыстап тарата алмаса, менің ойымша қазақ журналистерінің еңбегі желге кетіп жатқандай болады.

Ал “Хабар” агенттігінің тілшісі Бейсен Құранбек Қазақстанда сөз бостандығы бар деп есептейді:

- Мен журналистикада он жыл істеп жүрген маман ретінде айтатын болсам, қазақ журналистикасының деңгейі ешкімдікінен кем емес. Қазақ журналистикасы жайында айтқан кезде ұлт мәселесін, мемлекет мәселесін ойлап жазамыз. Басқа тілді журналистерге қарағанда, біздің артықшылығымыз да осында деп ойлаймын. Бірақ қазақ журналистикасына деген жоғары жақта, Парламент болсын, Үкімет болсын сондағы ағаларымыздың тіл білмеуінен шығар, салқын көзқарас бар. Бірақ бұл да түзеледі деп ойлаймын. Ал сөз бостандығына келетін болсақ, сөз бостандығы Америкада бар дейді, бірақ соңғы Ирақтағы жағдай басқаша көрсетті. Сөз бостандығы болу керек, бірақ журналистикалық этика да болу керек. Қазақстанда сөз бостандығы бар. Айтылатын нәрсе айтылады. Мысалы “Хабар” айтпаған жаңалықты 31 канал айтады. Болмаса “Азаттық” радиосы айтады. Егер бізде сөз бостандығы болмаса, “Азаттық” радиосы да болмас еді.

Журналистер күніне орай Қазақстан Президентінің арнайы сыйлығын “Рудный Алтай” газеті мен республикалық Ана тілі газетінің бас редакторлары Анатолий Акаве мен Мереке Құлкенов алды. Ал Президенттің арнайы степендиясын "Қазақстан" телеарнасының “Бар мен Жоқ” хабарының жүргізуші Иманбай Жұбаев және “Вечерняя Астана” мен “Время” газетінің журналистері иеленді.
XS
SM
MD
LG