Accessibility links

Қазақ тілшінің Украинаға баруы таңдандырды


"Таң" телеарнасының журналисі Қасым Аманжолұлы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл

"Таң" телеарнасының журналисі Қасым Аманжолұлы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл

Украина оқиғаларын қазақстандық БАҚ-тың біржақты, я тым қысқа сипаттауы жиі талқыланатын тақырып. Таяуда белгілі тележурналистің Украинаға барып, арнайы хабар түсіргенінің өзі оқиғаға айналды.

Қасым Аманжол – қазақтілді телеаудиторияға «Қазақстан» арнасындағы «Шынның жүзі», «К+» арнасындағы «Тәуелсіз» атты өткір саяси-әлеуметтік мәселелер қозғалған жобалар арқылы таныс болған белгілі журналист. Оның биыл жергілікті жекеменшік «Таң» телеарнасының ақпарат қызметіне жұмысқа тұруы біршама жұртты таң қалдырған. Соңғы он шақты жылдың ішінде Қазақстанда болған ақпараттық алаңды тазарту науқаны кезінде бірді-екілі жекеменшік телеарналар аман қалса да, тәуелсіз телеарналардың қалмағаны белгілі. Осындай жағдайда «Таң» телеарнасының күтпеген жерден Украинадағы оқиғаларды жаңалықтарында жан-жақты көрсете бастағанына біраз жұрт қайран қалған. Өткен айда іссапармен Майдан оқиғалары болған елге барып қайтқан 38 жастағы журналистің осы апта көрсетілген арнайы репортажы – қазақ тілінде эфирге шыққан украиналық белсенділер мен ұлтшылдардың пікірі қамтылған алғашқы телехабарға айналды.

Қазақстандық журналист Қасым Аманжолұлы Украинада телехабар әзірлеу кезінде. Әлеуметтік желіден алынған сурет.

Қазақстандық журналист Қасым Аманжолұлы Украинада телехабар әзірлеу кезінде. Әлеуметтік желіден алынған сурет.

Ұзақтығы 34 минуттық репортаждан гөрі телехабарға келіңкірейтін видеоматериалда журналист жүргізуші ретінде Киев пен Славянск сияқты қалаларда стэндаптар жасайды, Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Джемилевтен және тағы бірнеше украиналық ерікті-белсенділерден, әскерилер мен тұрғындардан, сол елде тұрып жатқан қазақстандық журналист Айдос Садықовтан комментарий алады. Ресейшіл тараптың уәждеріне орын табылмаған телехабардың YouTube-ке қойылған нұсқасын санаулы күннің ішінде бірнеше мың адам көріп, жүздеген адам әлеуметтік желі арқылы бөлісіп үлгерген. Журналисті «қазақтың Познеріне» теңеушілер де, «Ресей мен Қазақстанның арасына сына қағушы» деп айыптаушылар да табылды. Қазақ тіліндегі Украина туралы бейнематериалының жергілікті аудитория үшін елеулі оқиға ретінде қабылдануын Қасым Аманжолұлы екі себептен көреді.

«ТАҢҒА» БЕРІЛГЕН «ЕРЕКШЕ МҮМКІНДІК»

Журналист Украинадағы Майдан оқиғасы мен Ресейдің Қырымды аннексиялап, Украинаның шығыс облыстардағы сеператистерге қолдау көрсетуі қазақстандық мемлекеттік БАҚ-та ашық айтылмайтынына нұсқайды. Оның үстіне Қазақстанның ақпарат кеңістігіне еніп отырған ресейлік ақпарат құралдарының Украина туралы тек біржақты ақпарат таратып келгеніне назар аудартады.

Қасым Аманжолұлы «қазақстандық бірнеше мемлекеттік БАҚ Украинада тілшілері бола тұра жеткілікті хабар бере алмады» деп санайды. Журналистің Украинаның шығысындағы оқиғалар туралы арнайы хабар түсіру туралы бастамасын «Таң» телеарнасы құптаған.

"Таң" телеарнасының журналисі Қасым Аманжол мен Украинаның Алматыдағы консулы Сергей Бобошко. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

"Таң" телеарнасының журналисі Қасым Аманжол мен Украинаның Алматыдағы консулы Сергей Бобошко. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

«Қазақстандық БАҚ-қа тікелей ықпал ете алатын және Украинадағы жағдайға мейлінше сақтықпен баға беріп келе жатқан билік тарапынан мұндай хабар қолдау көре ме?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол «Таң» жекеменшік телеарна болғандықтан, тілшілер қосынын жіберу мәселесін өзі шешкенін, ал хабар түсіріп келген соң әзірге билік тарапынан реакция болмағанын айтты.

Қасым Аманжолұлы қыркүйектің 18-і күні осы арнайы репортаж туралы баспасөз мәслихатын өткізген кезде «Таң» теларнасының президенті Жұлдыз Кәден де журналистің сөзін қуаттап, «Халыққа шынайы ақпарат беруді ғана көздегендерін, биліктің қандай да бір ықпалы болмағанын» айтты. Қазақстандағы бірнеше медиаресурс иесі, «Таң» телеранасының құрылтайшысы Арманжан Байтасов та таяуда жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында «ақпараттық кеңістікте Қазақстан Ресей БАҚ-тарынан ұтылып келе жатқанын, сол үшін шынайы ақпарат беруге талпынатынын» айтқан еді.

«Таң» теларнасында өткен баспасөз мәслихатына Украинаның Алматыдағы консулы Сергей Бобошко да қатысып, журналистерді шынайы ақпарат таратуға шақырды. Кейбір ақпарат құралдарының «Консулдық Украинаға сапар ұйымдастыра ала ма?» деген сауалына «ол үшін қаржы жоқтығын, тек ақпараттық қолдау көрсетуге мүмкіндіктері бар екенін» айтты.

«ЦЕНЗУРА БАР»

Оппозициялық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай «Таң» телеарнасы түсірген хабар көрермендер үшін әдеттен тыс оқиға ретінде қабылданып отырғанына «қазақстандық телеаудиторияның бұған дейін тек Ресей таратқан біржақты үгіт-насихатты көріп келгені» себеп болғанын айтады.

Рысбек Сәрсенбай, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы

Рысбек Сәрсенбай, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы

- Шындықты жеткізу үшін Қазақстандық ақпарат құралдары Украинада өз тілшілерін ұстағаны дұрыс болар еді. Бірақ қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тар олай жасай алмайды. Өйткені билікке де, қазақстандық орыс тілді ақпарат құралдарының көпшілігіне Кремльдің ықпалы күшті Бізде цензура жоқ деген өтірік, шын мәнінде цензура бар. Сол себепті де «Таң» телернасының хабары цензурадан шығып кеткендей таңсық көрініп отыр, - дейді ол.

Рысбек Сәрсенбайұлы өзі басқаратын «Жас Алаш» газетінің Украинадағы жағдайды жан-жақты жеткізуіне билік тарапынан шектеу қою әрекетінің байқалғанын, газет таратуға тосқауыл жасалғанын айтады.

Қазақстандық ақпарат құралдарының арасында мемлекеттік телеарналар ғана шетелдерде тілшілер ұстай алады. Соның бірі - «Хабар» агенттігі ақпарат бөлімінің жетекшісі Зейін Әліпбектің сөзінше «Украинадағы жағдай «Хабар» арнасынан беріліп жатыр». Дегенмен ол тілшілер желісінің «24 kz» арнасына қарайтынын айтты. Ал «24 kz» телеарнасындағы тілшілер желісінің аты-жөнін айтпауды өтінген аға координаторының сөзінше, «Украинадағы тілшілер қосыны таяуда ғана жабылған».

Тағы бір ірі мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасының аты-жөнін айтпаған өкілі Азаттыққа Түркия, Қытай, Бельгия мен Ресейде тілші ұстайтындарын айтты.

- «Қазақстан» арнасының Украинада тілшісі жоқ. Украинада Майдан оқиғасы басталған кезде тілшілер барған, кейін тоқтатылған. Не себептен тоқтатылғаны белгісіз, - деді ол.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG