Accessibility links

Тәуелсіз журналистер қауымдастығы Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Мәмиге қайрылды


Журналист Рамазан Есіргепов баспасөз- мәслихатында. Алматы, 24 желтоқсан, 2008 жыл.
Журналист Рамазан Есіргепов баспасөз- мәслихатында. Алматы, 24 желтоқсан, 2008 жыл.

Шілденің 29-ында Алматыда мемлекеттік емес журналистер ұйымдары ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің атына ашық хат жолдап, жуық арада шешімі шығуы тиіс Рамазан Есіргеповтің ісін жіті бақылауға алып, назарда ұстауды сұрады.

ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТЕР ЕСІРГЕПОВКЕ АРАША СҰРАЙДЫ

Естеріңізде болса, Тараз қаласындағы №2 сотта жабық жағдайда өтіп жатқан процесте өткен жұма күні прокурор судьядан журналист Рамазан Есіргеповті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

ҚР бас прокуроры Қайрат Мәмиге жолданған ашық хатта «журналист Рамазан Есіргеповтің қоғамдық маңызы бар ақпаратты жариялау арқылы өзінің азаматтық және кәсіби парызын орындағандығы айтылған. Оның Жамбыл облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен қызметтік байланысы жоқ, сондықтан тәуелсіз басылымның басшысы ретінде мекеменің құпия ақпараттарын жарияламау туралы міндеттеме алған емес, сол себепті аталмыш қызметтің жекелеген қызметкерлерінің салғырттығына жауап бере алмайды» делінген.

Жабық жағдайда өтіп жатқан процесте прокурор судьядан айыпталып отырған 4 адамды кінәлі деп тауып, оларға түрлі дәрежеде жаза белгілеуді, атап айтқанда «БМ» компаниясының директоры Сұлтан Махмадовқа 10 жыл, күзетші Ерлан Сандыбаевқа 11 жыл жаза беруді сұрады.

Соңғысы 2008 жылы 28 қарашада полицияға қарулы қарсылық көрсеткен дегенді атап көрсеткен прокурорлар, Сандыбаевқа «билікке қарсылық жасаған» деген айыппен жаза мерзімін ұлғайту керек деп отыр.

Ең бастысы прокурорлар судьядан айыпталып отырған журналист Рамазан Есіргеповті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал төртінші адам - күзетші Владимир Синявскийге 3 жыл жаза өтеу мерзімін белгілеуді ұсынып отыр. Бұл туралы біздің радиомызға Сұлтан Махмадовтың адвокаты Мұсатай Бектасов мәлімдеген болатын.

Рамазан Есіргеповтің зайыбы Раушан Азаттық радиосына берген сұхбатында, ҰҚК қызметкерлерінің «қызу» жұмысының арқасында жарты жыл ішінде шыншыл әрі әділ Рамазан Есіргепов аса қауіпті қылмыскер болып шыға келді дейді.

- Жамбыл облыстық ҰҚК департаментінің аға тергеушісі өзінің айыптау сөзінде, Рамазан Есіргепов 2008 жылдың наурыз бен қараша айлары кезінде «Алма Ата Инфо» газетінің бас редакторы бола тұра, мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы аса қауіпті қылмыс жасады деп атап өтті. Осылай дей тұра мемлекет қауіпсіздігіне нақты қандай нұқсан келтіргендігі дәлелденбеді. Газет бетіне мақала өткен жылдың қараша айында шыққандығын ескерер болсақ, осы 8 ай ішінде Рамазанға осыншама қатаң жаза қолданатындай мемлекетімізге қандай қауіп-қатер төнді?-дейді Рамазан Есіргеповтің әйелі Раушан.


"МЕМЛЕКЕТТІК ҚАУІПСІЗДІККЕ ЕМЕС, ҰҚК-нің ИМИДЖІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРІЛГЕН"

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Есіргеповтің бұл мақаласында мемлекеттік қауіпсіздікке емес ҰҚК –нің имиджіне нұқсан келтірілген. Өйткені, онда осы мекеменің салғырттығы сөз болған. Жалпы журналист, соңғы кездері ҰҚК -нің өткен ғасырдың 37 жылдарында қызмет еткен «конторамен» теңеліп жүргендігін айтады. Оның өз себептері де жоқ емес дейді Сергей Дуванов.

- Соңғы уақыттары «контора» жалтақтамай, шешімді әрекеттерге баруда жұмыс істеуде. Біз әрине оның тек ел президентіне ғана бағынышты екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да олардың шектен шығуы түсінікті. Оған дәлел, ҰҚК-нің «сыбайлас жемқорлықпен күрес» атты желеумен жүргізіп жатқан «Қазатомпромның» ісі, Рамазанның ісі. Әрине күресу қажет. Дегенмен, адамның құқы қай жерде болсын қорғалуы тиіс, ал біздің жағдайымызда азаматтың құқын көп ретте ҰҚК-нің өзі бұзып отыр,- дейді Сергей Дуванов.

Алайда ҰҚК – нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров бұл айыптауларды жоққа шығарады. Оның пікірінше, тергеу жұмыстары заңды жүргізілген, сондықтан бұл істегі соңғы нүктені сот қоймақ.

Айта кету керек, бұл сот процесі мемлекеттік құпия деректерге қатысты делініп жабық түрде өтіп жатыр. Оған айыпталушылардың қоғамдық қорғаушылары мен туған-туыстары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмайды. Адвокат Мұсатай Бектасовтың айтуынша, шілденің 29 ында сотта тараптардың жақтаушылары сөз алды.

Рамазан Есіргепов биылғы қаңтар айының 5-і күні Алматыдағы ауруханада емделіп жатқан жерінен тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды. ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаментінің оған қарсы қылмыстық іс қозғауына былтырғы жылғы 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде жарияланған Рамазан Есіргеповтың «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласы себеп болды.

Даулы мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы кәсіпкер Сұлтан Махмадов Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.

Елдегі баспасөзді қорғаушы ұйымдар мен оппозициялық күштер билік орындары журналист Рамазан Есіргеповті оның кәсіби қызметіне бола қуғын-сүргінге салды деп санайды. Биылғы жылы қаңтардың 14-і күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти ресми Ақорданы абақтыға жабылған журналист Рамазан Есіргеповті босатуға шақырған мәлімдеме жасаған-ды.
XS
SM
MD
LG