Accessibility links

Бұрынғы тергеуші сотты жазалатқысы келеді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Талдықорған қаласының ішкі істер басқармасы бұрынғы тергеушісі Ақзат Ниязбеков.

Талдықорған қаласының ішкі істер басқармасы бұрынғы тергеушісі Ақзат Ниязбеков.

Алматы облысында бұрынғы полицей өзін төрт жылға соттаған судьяны жауапқа тартқызуға тырысып жүр. Облыстық сот этикасы комиссиясы «судьяның үкіміне емес, мінез-құлқына ғана баға бере аламыз» дейді.

28 жастағы Ақзат Ниязбеков Талдықорған қаласы ішкі істер басқармасында тергеуші болып жұмыс істеген. Наурыз айында Талдықорған қалалық соты оны «құжаттарды бұрмалады» деген айыппен төрт жылға соттаған.

Ақзат Ниязбековтің айтуынша, ол үш миллион теңге ақшаны ұрлауға қатысты қозғалған қылмыстық істі басшылықтың бұйрығымен аса ауыр дәрежедегі қылмыстан орташа дәрежедегі қылмысқа ауыстырған. Бұрынғы тергеуші «ойланбай істеген бұл әрекетімнің кесірінен бас еркімнен, беделім мен қызметімнен айырылдым» дейді.

Оның адвокаттары сот үкімінен заң талаптарын өрескелдікпен бұзу фактілерін анықтағандарын мәлімдеді.

Талдықорған қалалық соты судьясы Жасамұрат Сағымбеков.

Талдықорған қалалық соты судьясы Жасамұрат Сағымбеков.

- Талдықорған қалалық сотының судьясы Жасамұрат Сағымбеков процессуалды заңды өрескел бұзған. Ол сот тыңдауларын өткізбей, отырыс хаттамаларын қолдан жасаған әрі оларды бүкіл ел демалып жатқан наурыздың 8-і және 9-ы күндері өтті деп көрсеткен. Оның үстіне, сотталушыны соңғы сөзін айтудан айырған. Біз енді оны қылмыстық жауапқа тартуды талап етпекпіз, - дейді адвокат Талғат Дауриев.

Тамыз айында Алматы облыстық сотының аппеляциялық алқасы судья Жасамұрат Сағымбеков шығарған үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. Жаңа сот құрамы Ақзат Ниязбековті бір жылға шартты жазаға кескен. Бұл үкім кыркүйектің басында заңды күшіне енген.

«СЫРТҚЫ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ»

Енді Ақзат Ниязбеков және оның адвокаттары Талдықорған қалалық сотының судьясы Жасамұрат Сағымбековті қылмыстық және тәртіптік жауапқа тартуға тырысып жүр. Олар бас прокуратура мен жоғарғы сотқа он шақты шағым жолдаған. Олардың көбі «қаралсын» деген белгі соғылып, Алматы облыстық сотының сот этикасы жөніндегі комиссиясына түскен.

Комиссия төрағасы Азаттыққа берген сұхбатында «судья Жасамұрат Сағымбековтің кәсіби қызметіне баға беруге өзі басқаратын қоғамдық құрылымның құзыреті жетпейтінін» айтады.

Алматы облыстық сотының сот этикасы жөніндегі комиссия төрағасы Болатбек Зәкиев.

Алматы облыстық сотының сот этикасы жөніндегі комиссия төрағасы Болатбек Зәкиев.

- Судья Сағымбековтің қатесін апелляциялық инстанция түзетіп қойды. Біз оның үкімдеріне қатысты әлдебір шешім шығара ламаймыз. Біздің міндетіміз – судьяның сыртқы мінез-құлқын, процесте өзін қалай ұстайтынын, сөйлеу мәдениетін ғана тексеру. Судья Сағымбеков жүргізген сот отырыстарынан түсірілген видеоларды қарап шықтық, ол өзін өте сыпайы және талапқа сай ұстайды, - дейді Алматы облыстық сотының сот этикасы жөніндегі комиссия төрағасы Болатбек Зәкиев.

Ал судья Жасамұрат Сағымбеков сот құжаттарындағы заң бұзушылықтар техникалық себептерге байланысты кеткенін, ешқандай бұрмалаушылыққа жол бермегенін айтады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан облысы университетінің қылмыстық құқық кафедрасы меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин «бұл істі мұқият тексеру керек» дейді.

Заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин.

Заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин.

- Сот жүйесі үшін бұл - үлкен заң бұзушылық. Сот ісінде жалған құжат жасалған, бұл - коррупциялық қылмыс. Судья қылмыстық жазаға тартылуы тиіс. Ал техникалық қателік кетсе, тәртіптік жауапқа тарту керек. Бұл іспен әуелі Қазақстан судьялары одағы айналысуы тиіс, - дейді Қуат Рахымбердин.

Қазақстанда судьялар біліктілік емтиханын тапсыру немесе Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына қарасты сот төрелігі институтындағы оқу нәтижелері бойынша іріктеледі. Кейін олардың кандидатуралары төрағасын, хатшысын және өзге мүшелерін президент тағайындайтын жоғарғы сот кеңесінде қаралады. Тәуелсіз әрі әділ сот жүйесін қалыптастыру үшін судьяларды сайлау қажет деп санайтын құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер бұл практиканы сынайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG