Accessibility links

«Амнести Интернэшнл» қырғыз билігін сынады


Қырғызстанның оңтүстігіндегі қақтығыс кезінде қаза болған полицейдің ісіне байланысты сотталушылар. Ош, 29 қазан 2010 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі қақтығыс кезінде қаза болған полицейдің ісіне байланысты сотталушылар. Ош, 29 қазан 2010 жыл.

«Амнести Интернэшнл» ұйымы маусым айындағы қақтығыстарға байланысты Қырғызстанның билік орындарын сынап отыр. Ұйымның жаңа баяндамасында «қырғыз билігі елдің оңтүстігінде 4 күнге жалғасқан қақтығыстарда құқықтары тапталған мыңдаған адам үшін әділеттік орната алмады» делінген.

Бейсенбі күні «Амнести Интернэшнл» ұйымы «Жартылай ақиқат пен іріктелген әділеттік: 2010 маусым оқиғаларының салдары» деп аталатын баяндамасын жариялады. Бұл баяндамада маусым айында Қырғызстандағы толқуларда нақты не болғандығы тексерілген.

Баяндамада «билік орындары Ош пен Жалал-Абадтағы адам өлтіру, кісі тонау және өртеу оқиғаларына қатысы бар күдіктілерге қатысты тергеу ісін жүргізгенде, сот тыңдауларында және оларға қатысты үкім шығарғанда әділетті болмады» делінген.

Осы жылдың маусым айында Қырғызстанның оңтүстігінде болған толқуларда 400-ден астам адам қаза тауып, жүздеген мың адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған еді.

Қырғызстанның оңтүстігінде болған қақтығыс кезіндегі кісі өліміне байланысты сотталушылар. Ош, 8 желтоқсан 2010 жыл.
«Амнести Интернэшнл» ұйымының мәліметінше, зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты 271 адам қамауға алынған. Сотқа тартылғандардың басым бөлігі – этникалық өзбектер. Аталмыш ұйым осыған байланысты алаңдайтындығын айтады.

«Амнести Интернэшнл» ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бағдарламасының директоры Никола Дакуорс Азаттыққа берген сұхбатында былай деп мәлімдеді:

– Қырғызстан билік орындары маусым айындағы зорлық-зомбылықтарға қатысы бар деп айыпталып, ұсталғандардың ұлты туралы статистиканы жарияламай отыр. Бірақ тұтқындалғандардың көбі өзбек азаматтары екенін бізге айтқан болатын. Ал олардың мәліметтері бойынша, сол оқиғаларда қаза болған азаматтардың көбі – өзбектер. Қақтығыстың этникалық жағы болғандықтан, меніңше, халық «қақтығыстағы кісі өліміне жауаптылар – этникалық қырғыздар немесе басқа ұлт өкілдері болуы тиіс» деп ойлайды. Сондықтан этникалық жағынан қарағанда зорлық-зомбылыққа қатысы бар күдіктілерді қамауға алуда сәйкессіздік бар сияқты.

Никола Дакуорстың айтуынша, тергеушілердің этникалық негізде біржақты пікір қалыптастыруы, оқиғаларға байланысты сот жүйесінің әділ түрде тергеу жүргізе алмауы кесірінен қылмыскерлер «жазаланбаймыз» деп ойлауы мүмкін, ал құрбандар «әділдік жоқ» деген ойға келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG