Accessibility links

АҚШ-та Диас Қадырбаевты 7 жылға соттауды сұрады


Қазақстандық Диас Қадырбаев (сол жақта) Джохар Царнаевпен бірге. Сурет Қадырбаевтың ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынған.

Қазақстандық Диас Қадырбаев (сол жақта) Джохар Царнаевпен бірге. Сурет Қадырбаевтың ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынған.

Мамырдың 27-сі күні АҚШ прокурорларының "Бостон марафонындағы жарылысты тергеуге кедергі келтірген" қазақстандық Диас Қадырбаевты 7 жылға соттауды сұрағаны жөнінде ақпарат тарады.

Reuters агенттігі "АҚШ федералдық прокурорлары мамырдың 27-сі күні соттан "Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді" деп айыпталған Диас Қадырбаевты жеті жылға соттауды сұрады" деп хабарлады.

2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон марафоны аяқталар тұста болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған еді.

Джохар Царнаев "жарылыстарды ұйымдастырды" деп айыпталып, мамыр айының ортасында өлім жазасына кесілген. Бұл іс бойынша Дартмут университетінде Джохар Царнаевпен бірге оқыған екі қазақстандық - Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа "Царнаевтың жарылысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтарды жоюға тырысты" ​деген айып тағылған. Бостондағы жергілікті басылым "ол екеуіне үкім келесі аптада шығуы тиіс" екенін хабарлады.

Reuters ақпаратына қарағанда, прокурорлар мәлімдемесінде "Қадырбаевтың Царнаевтың марафонда жарылыс жасауды жоспарлағанынан немесе сол террактіде қандай да бір рөл атқарғанынан хабардар екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Соған қарамастан, Қадырбаев Тәжаяқовпен бірге террактіні тергеу ісіне кедергі келтіруге сөз байласқан" деп жазылған.

Ал америкалық Boston Globe басылымы Қадырбаевты жеті жылға соттауды жарылыстан кейін атыста қаза тапқан полицей Син Кольердің әкесі Джозеф Роджерс сұрағанын айтады. Boston Globe мәліметінше, Роджерс сотқа жолдаған хатында "Егер Қадырбаев күдікті террорист жайлы айтудан бұғып қалмай, полицияға хабарлағанда Син Кольердің өлімі, тағы бір полицей Ричард Донохьюдің де қазасы болмайтын ба еді. Ол барлығын жасырып қалды" деп жазған.​

АҚШ тергеу орындары әуелде Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа "жарылыстан кейін Джохар Царнаевтың пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугін оның жатақханадағы бөлмесінен алып шығып, қылмысқа айғақ заттардан құтылған" деген айып таққан.

Өткен жылдың тамызында Диас Қадырбаев өз айыбын мойындап, тергеушілермен келісімге келген еді. Прокуратура өкілі осылайша оған жеті жылдан аспайтын мерзімге жаза қолдануға болатынын айтқан.

XS
SM
MD
LG