Accessibility links

Заңгер Қаймақов Жириновскийді соттауды талап етеді


Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский мейрамханалардың бірінде өткен "Ресей импортсыз да күн көреді" акциясында. Мәскеу, 25 тамыз 2014 жыл.

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский мейрамханалардың бірінде өткен "Ресей импортсыз да күн көреді" акциясында. Мәскеу, 25 тамыз 2014 жыл.

Ресей мемлекеттік думасы Жириновскийдің Қазақстан жайлы сөзі тексерілетінін хабарлады. Саясаткердің пікіріне наразы заңгер бұл істің әдейі созбаққа салынып келе жатқанын айтады.

Ресей мемлекеттік думасының депутаттық этика комиссиясы төрағасы әріптестері – дума депутаты және ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің Қазақстанға қатысты сөзін тексеретінін хабарлаған. Tengrinews.kz сайтының жазуынша, тексеруге қазақстандық заңгер Асқар Қаймақовтың шағымы себеп болған.

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийдің былтыр Қазақстан тәуелсіздігіне күмән келтіретін бірнеше пікір айтқаны дау туғызып, оның ақыры Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдауына ұласқан.

Владимир Жириновскийдің сол пікірлеріне наразы азаматтардың бірі – қазақстандық заңгер Асқар Қаймақов Азаттыққа берген сұхбатында ресейлік саясаткерге қатаң жаза қолдану керегін айтады.

Азаттық: – Ресей мемлекеттік думасының депутаты Владимир Жириновскийдің дәл қай сөзіне қатысты арыздандыңыз?

Асқар Қаймақов: – Жириновский 2014 жылы Ресейде Отан қорғаушы күніне арналған митинг кезінде: «Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен шайқасқан – тек орыс солдаттары, ал өзгелері ұлт өкілдері тылда болған» деп мәлімдеді. Бұл – екі бірдей атам соғысқа қатысып, шайқаста қаза болған мен үшін намысқа тиетін сөздер.

Полиция Жириновскийдің сөзіне байланысты Ресей елшілігі алдында наразылық танытқан азамат Мұратбек Арғынбековті әкетіп бара жатыр. Астана, 14 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция Жириновскийдің сөзіне байланысты Ресей елшілігі алдында наразылық танытқан азамат Мұратбек Арғынбековті әкетіп бара жатыр. Астана, 14 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сондай-ақ Владимир Жириновскийдің «Орта Азияда ешқандай республика болмау керек, Ортаазиялық федералдық округі болуы тиіс» деген мәлімдемесі – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қауіп. Олай дейтінім осы мәлімдемені таратқан мақалаларға жазылған комментарийлерді мониторинг жасасаңыз, Ресей азаматтарының көпшілігі Жириновскийдің пікірін құптаған. Осы мәлімдемеден кейін мен арыз жаздым.

Азаттық: – Владимир Жириновскийдің жауапқа тарту туралы арызды қашан және кімге жолдап едіңіз?

Асқар Қаймақов: – 2014 жылдың көктемінде Ресейдің бас прокурорының атына арнайы арыз-хат жібердім. Өткен жылдан бері әлі шара қолданылмай отыр. Меніңше, бұл іс жасанды созылып келеді. Азаматтардың арыздары мен шағымдарын қарап, шара қолданатын белгілі бір мерзімдер бар. Ресей заңнамасы бойынша алдымен үш күн, кейін оны ұзартып бір ай қарауы мүмкін. Ал менің арызым бойынша ешқандай процессуалдық шара қолданылмай жатқанына жарты жылдан асты.

Азаттық: – Владимир Жириновскийге қатысты нақты қандай шара қолдануды талап етесіз?

Асқар Қаймақов: – Жириновскийдің Ресей қылмыстық кодексі бойынша жазаға тартылуын, яғни бас бостандығынан айырылуын талап етемін. Жириновский өзінің мәлімдемесі үшін Ресей федерациясы қылмыстық кодексінің үш бабы – «Жеккөрінішті немесе жауласуды туғызу және адамның ар-ожданын қорлау», «Көпшілікті экстремистік әрекетке шақыру» және «Көпшілікті басқыншылық соғысты өршітуге шақыру» баптары бойынша жауап беруі керек.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG