Accessibility links

Анатолий Тимощук: «Донбастағы жағдай украина футболына да әсер етті»


"Қайрат" командасының украиналық ойыншысы Анатолий Тимощук. Алматы. 15 шілде 2015

"Қайрат" командасының украиналық ойыншысы Анатолий Тимощук. Алматы. 15 шілде 2015

2013 жылғы УЕФА чемпиондар лигасының жеңімпазы украиналық футболшы Анатолий Тимощук Азаттыққа сұхбатында алматылық «Қайрат» клубын таңдау себебін және Украинаның шығысындағы оқиғаның сол елдегі футболға әсері жайлы айтты.

Алматының «Қайрат» командасы Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчын шілденің 16-сы күні өз алаңында армениялық «Алашкерт» командасымен өткізіп, 3:0 есебімен ұтты. Қарымта матч шілденің 23-і күні Ереванда өтпек. Қос матчтың нәтижесі бойынша басым шыққан команда футболдан Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шығады. Ал төрт кезеңнің барлығында жеңіске жеткен команда Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.

Алматыдағы матчта «Қайраттың» негізгі құрамында украиналық легионер Анатолий Тимощук те алаңға шығып, 90 минут бойы ойнады. Бұл украиналық легионердің жаңа команда сапында өткізген екінші ойыны еді.

36 жастағы Анатолий Тимощук – биылғы маусымда Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын ең танымал футболшы. Ол Украина құрамасы сапында 2006 жылы әлем чемпионатына, 2012 жылы – Еуропа чемпионатына қатысқан. Тимощук Украина құрамасы қатарында ең көп – 140 матч өткізген.

Украиналық футболшы Анатолий Тимощук (ортада) «Қайрат» командасы қатарында ойын алаңына келе жатыр. Алматы, 12 шілде 2015 жыл. (Сурет «Қайрат» клубы баспасөз қызметінен алынды.)

Украиналық футболшы Анатолий Тимощук (ортада) «Қайрат» командасы қатарында ойын алаңына келе жатыр. Алматы, 12 шілде 2015 жыл. (Сурет «Қайрат» клубы баспасөз қызметінен алынды.)

Ол Мюнхеннің «Бавария» командасы сапында 2010 және 2013 жылдары Германия чемпионатының, ал 2013 жылы – Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған. Украинаның Донецк қаласының «Шахтер» командасы құрамында үш рет Украина чемпионатын, сол сияқты, Санкт-Петербургтің «Зенит» командасы сапында екі рет Ресей чемпионатын ұтқан.

Азаттық: – «Бавария», «Зенит» сияқты танымал командаларда ойнаған футболшының орта деңгейлі «Қайратқа» ауысуына не себеп болды?

Анатолий Тимощук: – Бұл менің карьерамдағы маңызды қадамдардың бірі. Алматыға келіп, команданың инфрақұрылымымен таныстым. Алға қойған мақсаты бар мұндай командада ойнаудан қашпаймын. Осыған дейін жинаған тәжірибем арқылы «Қайратқа» көмектесуге тырысамын.

Азаттық: – Ресейлік «Зенит» командасы сізбен келісім-шартты үзген соң «Қайраттан» басқа клубтардан ұсыныс түсті ме?

Анатолий Тимощук: – Ресейлік бірнеше команда ойыншы ретінде өздеріне шақырды. Кейбіреулері басқарушылық қызметтерді де ұсынды. Бірақ таңдауым «Қайратқа» түсті.

Азаттық: – «Қайрат» клубы қазір Еуропа лигасының іріктеуінің екінші кезеңінде ойнап жатыр. «Қайраттың» топтық кезеңге шығу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

Анатолий Тимощук: – 2006 жылы Алматының орталық стадионында Украина құрамасы сапында Қазақстан командасымен өткен ойынға қатысқан едім. Сол жолғы матч бізге оңайға түспеген (Украина 2:1 есебімен жеңген – ред.). Араға тоғыз жыл салып Алматы стадионына қайта оралып отырмын. Қазір «Қайраттың» алға қойған басты мақсаты – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу. Осы мақсатқа жетуге клубтың мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

«Қайрат» футболшылары «Алашкерт» командасымен ойыннан кейін. («Қайраттың» ресми сайтындағы сурет.)

«Қайрат» футболшылары «Алашкерт» командасымен ойыннан кейін. («Қайраттың» ресми сайтындағы сурет.)

Азаттық: – Сіз он жылдай Донецкілік «Шахтер» командасында ойнадыңыз. Украинаның шығысындағы қазіргі саяси жағдай Донецк футболына, ел футболына қалай әсер етіп жатыр?

Анатолий Тимощук: – Елдегі саяси жағдайдың Украина футболының дамуына әсері байқалып отыр. Көп футболшылардың жаттығу өткізуі, командалардың матч ұйымдастыруы қиындап кетті. Футболшылардың ішкі чемпионат пен Еуропа турнирлеріне дайындалуы да қиындаған. Саяси жағдай ойыншылардың көңіл-күйіне де әсер етті. Біз Украинадағы жағдайдың қандай қиын екенін түсінеміз. Соған қарамастан футболшылар нәтиже көрсетуге тырысып жүр. Дегенмен, саяси жағдайларға қарамастан жанкүйерлердің қолдауы жоғары.

Азаттық: – Украина құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуінде алты ойын өткізіп, екеуінде жеңіліп қалды. Команданың Еуропа біріншілігіне жолдама алу мүмкіндігі қалай бағалар едіңіз?

Анатолий Тимощук: – Украина құрамасының 2016 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алу мүмкіндігі мол. Біздің алдымызда Словакия мен Испания тұр. Осы екі командадан ғана жеңілдік. Алдағы үш ойында жеңілмей, екінші орын мен тікелей жолдама алуға тырысамыз. Болмаса үшінші орынмен қосымша іріктеуге қатысып, лицензия алуға да мүмкіндік бар.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG