Accessibility links

Рысқұлбековтың қазасын бірлі-жарым мамандар ғана зерттеп жүр


1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан төртеу (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан төртеу (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековтың «өзіне қол жұмсағанына» оны таныған адамдар мен өлімін зерттеушілер әлі күнге дейін күмән келтіреді.


Азаттыққа пікір білдірген кейбір Қайраттың өмірі мен өлімін зерттеушілер 21 жастағы жігіттің асылып өлмегендігі анық деп санайды.

ТҮРМЕДЕГІ ҚАЗА

Қайрат Рысқұлбеков 1987 жылы ату жазасына кесіліп, артынан үкімі 20 жыл бойы түрмеде отыруға өзгертілді. Бұл өзгеріске, Чехословакиядағы “Адам құқығын қорғау жөнiндегi Хартер-77” тобының бірнеше мәрте жазған үндеуі сынды халықаралық қауымдастықтың мәлімдемелері себеп болды. Алайда, 21 жастағы Қайрат темір тордан аман шыға алмады.

Соттың үкімінен кейін Қайрат Рысқұлбеков сол кездегі ауыр қылмыс бойынша жазасын өтеушілерге арналған түрме орналасқан Свердловскіге бет алады. Алайда ол орта жолда Семейдің түрмесіне жеткізілген. Қайраттың онда қалайша қаза болғаны туралы әлі күнге дейін ешкім түсіндіріп айта алмайды.

Совет тергеушілерінің болжамы бойынша, Қайрат үшін 20 жыл түрмеде отыру деген ату жазасымен пара-пар боп көрініп, ол өзімен камералас кәнігі қылмыскердің жейдесіне асылып өлген. Бірақ кейін Қайраттың заттарының арасынан оның таза жейдесі табылған.

КҮДІК

Қайрат Рысқұлбековтың өмірі мен өлімін зерттеушілердің бірі – Жамбыл облысындағы Киров атындағы мектептің ұстазы Сейіткерім Қожаназар. Ол «Қайрат Киров мектебіне 8-шы сыныпқа келді. Аласа ғана, қара бала болатын. Өте шымыр, жылдам еді. Ал оның ішкі жан дүниесін оның хаттарынан байқауға болушы» еді деп еске алады.

- Оның түрмеден жазған хаттары алдымен менің қолыма түсетін. Оның әпкесі – Гүлнәр, менің көршім әрі мектепте жұмыс істейтін. Сол алып келіп беретін. Хатта «төбелескеніміз рас. Бір қазақ қызды қазақ милиционер шашынан ұстап, еңбектетіп сүйретіп жүргендігіне шыдамай барып, жабылып ұрдық. Ал орыс туралы хабарым жоқ. Ол Савицкийді бізден бір квартал бөлек жерде ұрған, уайымдамаңдар. Маған келіп-кетері жоқ» деп жазған. Біз де «жәй төбелес» шығар деп жүрдік. Кейін «ату жазасын алды» дегенде қатты толғандық., - дейді сұқбаттасымыз.
Қайрат Рысқұлбеков, 6 сыныпта. 1978 жыл.

Қайрат Рысқұлбеков, 6 сыныпта. 1978 жыл.


Сейіткерім Қожаназар Қайратқа қылмысын қалайша мойындатып, оны қалайша өлім жазасына кескеніне әлі күнге дейін таң қалатынын айтады. Қайраттың өлімін үлкен құпия деп санайды. Себебі «асылып өлді» деген ресми түсініктемеге қайшы келетін жайттар бар.

- Камерада өліп жатқан баланы ең алғашқы көрген – милиционер. Камераның есігінде кішкентай терезеше болады. Сол терезешеден қарағанда Қайрат бүк түсіп жатыр екен. Ал адам асылатын болса ол қатып қалады, серейіп. Ал ол бала екі тізесін құшақтап, бүрісіп жатыр деген еді. Ал енді сол адам сол кездегі сөзінен айнып қалды, - дейді ол.

Біраз жылдар зерттеу жасаған Сейіткерім Қожаназар қазіргі Қайрат жерленген жерде, Семей қаласының маңындағы зиратта шынымен де оның мүрдесі жатқанына күмәні бар екенін айтады.

- Қайраттың нақты жерленген жері беймәлім. «Мынау жерде жерленді» деп айтылды, көрсетілді, қазір сол жерге ескерткіш орнатылып жатыр. Ал іс жүзінде ол бір жылдан кейін айтылған нәрсе. Дәл сол кезде біз комиссия құрып, «денесін аламыз» дегенде бізге рұқсат етпей қойды. Егер дәл сол кезде рұқсат бергенде, денесін қазып алып, зерттеуге болушы еді. Сараптама жүргізгенде баланың өлген себебін айдан анық ашуға болатын еді. Көп нәрсе сол кезде шығатын еді. Оған сұмдық көп адамдар қарсы болды, - дейді ол.

«Желтоқсан» көтерілісін зерттеуші, Қайрат Рысқұлбеков атындағы қоғамдық қордың төрағасы Мәкен Уақтегі, «Қайратқа қастандық жасалғандығын анықтадым» деп мәлімдеді.
Қайрат Рысқұлбеков, желтоқсан оқиғаларының белсендісі.

Қайрат Рысқұлбеков, желтоқсан оқиғаларының белсендісі.


- Қайраттың денесін алғаш көргендердің бірі, дәрігер – сарапшы Болат Шалағановпен бірге, Қайрат қайтыс болған 21-ші түрменің 21-ші камерасына кірдік. Ол маған мәйіттің қалай жатқандығын көрсетті. Шалағанов ашып айта алмады, бірақ айтуы бойынша, «Қайрат аяғын бауырына алып, бүк түсіп жатқан, тамағында болар-болмас із болған» дейді. Соған қарағанда таңға жуық тәтті ұйқысын пайдаланып жанындағылар тамағына қол салған болуы керек. «Буындырған, дем жетпей өлген секілді» дейді. Бұл Болат Шалағановтың айтқаны, - деді Азаттық тілшісіне сұқбат берген Мәкен Уақтегі.


«ОНЫҢ ӘРУАҒЫН ҚОЗҒАУ ДҰРЫС ЕМЕС»

Желтоқсан оқиғасынан кейін Қайратпен бірге Мырзақұл Әбдіқұлов та өлім жазасына кесілген еді. Алайда ол жазасын 345 күн күтіп, ақырында 20 жылға сотталды. Оның 7 жылын толығымен отырып шыққан. Айтуынша, кейін өзі отырған түрмеге Қайрат та келуі керек еді.

- Наурыздың аяғында мені Новосибирск, Свердловск арқылы Сібірдегі қатаң режимдегі түрмеге алып кетті. Маршрут біреу. Бұл жолмен Қайрат та артымнан келуі керек-тін. Бірақ оны неге Сеймейдің түрмесіне алып келгендігін мен білмеймін, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Айтуынша, ол Қайратты Сібірдің түрмесінде бір жылдай күткен.

- Мен отырған түрменің санитарлық қалашығына екі орыстың баласы келді, Алматыдан. Солар маған айтты, «ол Семейдің түрмесінде қайтыс болды» деп, - деп еске алады Мырзақұл Әбдіқұлов.

Ол Алматыдағы Сейфуллин көшесінің бойындағы тергеу изоляторында Қайрат Рысқұлбековпен екі айға жуық отырған. «Өзара әңгімелестік те сырластық, дегенмен мен ол күндер туралы ешнәрсе айтпаймын» дейді Мырзақұл Әбдіқұлов.

- Өлген адамның әруағын қозғаудың не керегі бар? Сүйегін сырқыратып айтқанды жек көремін, - дейді сұқбаттасымыз.

"ШЫНДЫҚҚА ҚАРСЫЛАР ӘЛІ АРАМЫЗДА ЖҮР"

Публицист Қайым-Мұнар Табеев – Желтоқсан оқиғасы жайында ең алғашқы болып басылым беттеріне мақала жариялаған журналистердің бірі. Қайрат Рысқұлбековтің өлімін зерттеген ол, «Қайрат өлімі кісі қолынан болды, бұл туралы Власенконың өзі айтқан еді» деп мәлімдеді.

- 1993 жылы бізге Власенкодан хат келді. Ол адвокаты арқылы Мұхтар Шахановтың өзіне жазған. Абақтының тілінде оны «малява» дейді, бір бет қағазға айбақ-сайбақ жазылған. Сосын ол хат «Семей таңы» деген газеттің бір тілшісі арқылы Мұхтар Шахановтың қолына тиді. Сол арқылы біз Власенкомен сөйлестік, - деп еске алады ол желтоқсанның 15-і күні Азаттық тілшісіне берген сұқбатында.
Семейдегі Қайрат Рысқұлбековтың зиратына қойылған құлпытас.

Семейдегі Қайрат Рысқұлбековтың зиратына қойылған құлпытас.


Айтуынша, хатта «Қайраттың кісі қолынан қаза тапқанын мен білемін. Бірақ ол туралы өзіңізбен кездескен кезде айтамын.Сол күні біздің камераға «Цыган» дегенді орналастырды. Ол бірнеше рет тергеушілердің алдына барып-қайтты. Екінші рет келгенде, қолында бір бөлке нан, жарты келідей сало бар болатын. Сол кезде ол тапсырма алып келген болар деп сезіктенемін. Ал таңғы сағата 4-те дабыр-дұбырдан оянып кетсем, Цыган жоқ, ал Қайрат асулы тұр» деп жазылған екен.

- Кейін білгеніміздей олардың камерасына сол күні «Цыган» деген лақап аты бар кісі өлтірген, 7 рет сотталған, атақты баукеспе, рецедивист Кузнецов отырғызылған екен, - дейді ол.

«Бұл хаттың түпнұсқасы Мұхтар Шахановта, ал көшірмесі - өзімде» деген сұқбаттасымыз:

- Мұхтар Шаханов екеуіміз түрмеге Власенкоға барып, оның айтқанын бейнекамераға жазып алдық. Ол «мен сіздерге шындықты айтамын, Қайратты өлтірген және тапсырма берген кімдер екенін айтамын. Бірақ мына жерде тұрған офицер мен солдат шығып кетсін» деді. Бірақ олар шықпай қойды. Яғни, тапсырма берген сол органның адамдары болып тұр ғой. Сосын ол бейнекамераға жылап тұрып, Қайрат Рысқұлбековтың әкесінен кешірім сұрады. «Менің бұл қылмысқа қатысым жоқ, сіз соны түсініңіз» деумен ғана шектелді, - дейді.

Қайым-Мұнар Табеев бұл айтылғандарға қатысты газет бетіне мақала шыққанын, кейін прокуратура ол бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлағанын, уақыт өте бұл істің аяқсыз қалғанын айтады.

"МӘСКЕУГЕ «ҚҰРБАН» ШАЛУ КЕРЕК БОЛДЫ"

Қайым-Мұнар Табеев сол кездегі совет басшылығы үшін әйтеуір «құрбан шалу» қажет болғандығын айтады.

- Мәскеуге өзгелерге сабақ болуы үшін қалайда Қайрат пен Мырзақұлды аман шағармау керек еді. Мырзақұлдың да тарихы өте аянышты. Оны да әрең дегенде аман алып қалғанбыз. Қазір ол арамызда жүр деген аты ғана болмаса, мүгедек екені белгілі. Бұл, бірақ, бөлек әңгіме. Мәскеу үшін осы екеуі болмағанда, басқаларды құрбандыққа шалатын еді. Олардың негізгі саясаты сол еді. Себебі Желтоқсан көтерілісі Мәскеудің бүкіл халықты қорлап, намысына тиіп жатқанын көрсетті. Сондықтан осы іске араласқандарды жазалау керек еді, - дейді ол.
Яғни сол кездегі ұлтшылдықты туғызған бір ғана нәрсе – ұлы орыстық шовинизм. Мәскеудің де, бүкіл коммунистік жүйенің де қорыққаны осы еді.

«Желтоқсан оқиғасы - Совет Одағында басталған демократиялық қозғалыстың көшбасында тұрған ұлы көтеріліс» деп бағалайтын сұқбаттасымыз «Қайрат сол кездегі жұрт айта алмай жүрген шындықты айтып, жүйені қатты қорқытып алды» деп санайды.

- Қайрат өзінің ақтық сөзінде: «Сөйлесем, даусым жетпейтін кез болдық мынау заманға. Шовинизм еді ғой, басты себеп жанжалға» деген еді. Яғни сол кездегі ұлтшылдықты туғызған бір ғана нәрсе – ұлы орыстық шовинизм. Мәскеудің де, бүкіл коммунистік жүйенің де қорыққаны осы еді. Шырқырап айтқан осы сөздері шетелдік телеарналар арқылы бүкіл әлемге тарап кетті. Осы үшін оны түрмеде өлтіріді, - дейді Қайым-Мұнар Табеев.

«Қайраттың бұл сөздері тарихта қалады, себебінің оның 25 жыл бұрын айтқандары қазір де маңыздылығын жоғалтқан жоқ» деген пікір айтқан Қайым-Мұнар Табеев:

- Шовинизмнің шоғы әлі күнге дейін өршіп тұр. Дәл қазіргі күнде Мәскеудің алаңында қаншама мың жастар жүр. Бір кезде Алматыда да дәл осындай болған. Екеуінің қазір мен айырмашылығын көріп тұрған жоқпын. Қазір мен тек Мәскеудің озбырлығын көріп тұрмын. Қазір өз жастарын аямай жатқан Мәскеудің саясаткерлері қазақтың жастарын аяйды деп ойламаймын, - деді Азаттық радиосына.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG