Accessibility links

Тұрғындары ұйықтап қалатын ауыл


Тұрғындары белгісіз ұйқы дертіне шалдықты деп хабарланған Ақмола облысындағы Калачи ауылын ұлттық ядролық орталық мамандары тексеріп жатыр. Азаттық тілшісі ауыл тұрғындарының жайын біліп қайтты.

Ақмола облысының Калачи атты шалғай ауылының тұрғындары ұзақ ұйқыға кететін белгісіз дертке шалдыққаны туралы биыл оқтын-оқтын хабарланып келеді. Бұл құбылыстың қыркүйектің 1-і күні тағы қайталанғаны жайлы ақпарат тараған соң Азаттық тілшісі Астанадан 500 шақырым жердегі ауылға сапар шекті.

Мектептегі салтанатты жиыннан оралған бетте бастары айналып, ұйқыға кеткен калачилік 8 оқушы баланың екеуі – ағайынды Андрей және Павел Кухталар. Бесінші сынып оқушысы Андрей Кухта тоғыз жастағы інісі Павелмен бірге білім күніне арналған мектептегі жиынға қатысқан. Мектептен соң үйіне қайтып келген ағайынды балалар көшеде ойнаған. Түскі сағат 14.00 шамасында тамақ ішу үшін үйіне кірген Андрей басы айналып, тізесі дірілдегенін айтады.

Андрей Кухта (оң жақта) досымен бірге. Калачи ауылы, Ақмола облысы. 7 қыркүйек 2014 жыл.

Андрей Кухта (оң жақта) досымен бірге. Калачи ауылы, Ақмола облысы. 7 қыркүйек 2014 жыл.

«Тамақ ішу үшін үйге кіргенмін. Басым айналып, жүрегім айныды. Тізем дірілдеп кетті. Анам мені төсекке жатқызды. Ал менен кейін үйге кірген Паша да ауырып тұрды. Сосын мен ұйықтап қалдым. Бір күннен кейін ауруханада ояндым. Төрт күннен кейін Есілдегі ауруханадан бір-ақ шықтым» дейді Андрей.

Бірінші рет ұйқы дертіне шалдыққан оның сөзінше, інісі Павел екі тәулік ұйықтаған. Андрей мен Павелдің анасы Елена Кухта бұл дерттің себебін тексеру тым ұзаққа созылғанына наразы. Жергілікті билік пен БАҚ-қа хабар беруден де ешқандай көмек жоқ деп санайтын ол суретке түсуден қашқақтады. Бірақ Азаттық тілшісіне сөзін жазып алып пайдалануға рұқсат етті.

«ЖЫЛ САЙЫН АСҚЫНЫП КЕЛЕДІ»

Еленаның сөзінше, белгісіз ауру жыл сайын асқынып келеді. Бұрын адамдар тек ұйықтап ояна салатын болса, қазір дертке шалдыққандардың көзіне елес көрініп (галлюцинация), балалар ашушаң болып кеткен. Ашушаңдыққа қатысты Елена екінші ұлы Павелді тыныштандыру үшін аурухана мамандары керуетке таңып байлап тастағанын мысалға келтірді. Елена Кухта ауылдан көшкісі барын, бірақ оған қаражат жоқтығын да айтты. Көкшетау қаласындағы ауруханада жатқан екінші ұлын алып кету үшін қаражат таппай отырғанын жеткізді. Төрт балалы Елена – жұмыссыз, күйеуі ара-тұра егін ору басталғанда маусымдық жұмыстарға шығады.

Калачи тұрғыны Эльза Рерих. 7 қыркүйек 2014 жыл.

Калачи тұрғыны Эльза Рерих. 7 қыркүйек 2014 жыл.

Былтыр жаңа жыл мерекесінен кейін ұйқы дертіне шалдыққан осы ауылдың 82 жастағы тұрғыны Эльза Рерих те Еленаның сөзін растайды. Ол бұл аурудың салдарынан «екі рет ұйықтап тұрып, есте сақтау қабілетінен айырылғанын» айтып шағынады. Калачиде 45 жылдан бері тұратын қария «ауыл тұрғындары әдетте қатерлі ісік ауруынан көз жұмады» дейді. Былтыр тамыз айында өзінің күйеуі де осы аурудан қайтыс болыпты.

Зейнеткердің үйі Елена Кухтаның үйімен бір көшеде тұр. Әжейдің қолында 16 жастағы Рудольф атты немересі бар. Былтыр немересі де бір мәрте белгісіз дерт әсерінен ұйықтап қалған. Қазір екеуі ұзақтау ұйықтап қалудан қорқады. Тіпті бұған дейін жатқан төсектерін өзгертіп, басқа бөлмеге ауысқан.

«Мен ұйықтап кеткен соң бірден тұрдым. Ал немерем Рудольф 9 тәулік ұйықтады. Оны реанимация бөлімінде керуетке таңып тастады. Қатты айқайлап жатты. Қазір біз ұйықтап кетуден қорқып, бір-бірімізді аңдып жүреміз» дейді Эльза Рерих.

КАЛАЧИДЕГІ САРАПШЫЛАР ТОБЫ

Калачи ауылында ұйқы дертінің себебін анықтау үшін медицина қызметкерлері мен Курчатов қаласында орналасқан ұлттық ядролық орталық мамандары жұмыс істеп жатыр. Орталық мамандары бұған дейін дертке радиацияның қатысы бар-жоғын тексерген. Бірақ ауа құрамынан радиация таппаған.

Ұлттық ядролық орталық маманы Виталий Романенко. Калачи ауылы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Ұлттық ядролық орталық маманы Виталий Романенко. Калачи ауылы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Қыркүйектің 4-інен бастап ауылда жұмыс істеп жатқан орталық маманы Виталий Романенконың айтуынша, сарапшылар ұйқы ауруына не себеп болғанын анықтау үшін топырақ, су, ауа құрамын және өсімдіктерді зерттеп жатыр.

Жергілікті аурухана өкілдері мен Калачиге Астана, Алматы, Қарағанды мен Семейден арнайы келген 12 дәрігер (психиатр, невропатолог, токсиколог, радиациялық экология мамандары) аурудың симптомдары туралы ашылып пікір айтпайды. Азаттық тілшісі Семейдегі радиациялық медицина мен экология ғылыми-зерттеу институтының маманы Татьяна Белихинадан ауырған адамдардың қаны бірнеше зертханаға тексеруге жіберілгенін, алғашқы қорытынды қыркүйектің 15-інен кейін ғана шығатынын анықтады.

Ұйқы дерті алғаш тіркелген 2011 жылдан бері ауылдың 60-тан астам тұрғыны күтпеген жерден ұйықтап кеткен. Олардың ең кішісі 2,5 жаста болса, ең үлкені 82 жаста. Калачи ауылы Астана қаласынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан, Ақмола облысы Есіл ауданына қарайтын 600 тұрғыны бар елді мекен. 1960-1990 жылдар аралығында уран өндірілген кеніш ауылдан 5 шақырымдай жерде ғана орналасыпты. Уран кеніші 1992 жылы жабылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG