Accessibility links

«Ұйқы дерті» шыққан ауыл тұрғыны Ресейге қашты


Ақмола облысы Калачи ауылының бұрынғы тұрғыны Александр Павлюченко. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ақмола облысы Калачи ауылының бұрынғы тұрғыны Александр Павлюченко. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ақмола облысындағы Калачи ауылының бұрынғы тұрғыны Александр Павлюченконың Ресейде тұрып жатқанына бір жылға таяды. Ол «ұйқы дерті» меңдеген ауылдан бүкіл дүние-мүлкін тастап кетуге мәжбүр болғанын айтады.

Наурыз айының басында Калачи ауылының екі тұрғыны жергілікті аурухана көмегіне жүгінген. Дәрігерлердің пікірінше, ауылда көбінесе көктем, күз мезгілінде қозатын «ұйқы дертінің» тоғызыншы толқыны басталған.

Ақмола облысында кезінде уран өндірілген, кейін қараусыз қалған кеніштің іргесіндегі Калачи ауылында соңғы бірнеше жылдан бері белгісіз дерт белгілері байқалады. Тұрғындар «басымыз айналады, әлсіздік, галлюцинация, бірнеше күнге созылатын ұйқы басады» деп шағымданады. Дәрігерлер «этиологиясы белгісіз энцефалопатия» деген диагноз қойғанымен, дерттің негізгі себептері әлі белгісіз қалып отыр.

Калачи ауылында тұрған Александр Павлюченко былтыр маусым айында әйелі екеуі Челябинск облысының Касли қаласына көшіп кеткен. Калачи ауылында тұрған кезде «ұйқы дертіне» үш рет шалдыққан ол Азаттық тілшісіне «Скайп» арқылы сұхбат берді.

Азаттық: – Александр, «ұйқы дерті» деп аталып жүрген әлгі ауруға қалай шалдықтыңыз?

Александр Павлюченко: – Оның алғашқы белгілері 2014 жылы байқалды деп жүргенімен, мені 2013 жылдың басында бірінші рет «ұйқы басқан». Бірақ, бәрі 2010 жылы басталған болатын. Тек ол кезде бұған ешкім мән бермей, жұрттың бәрі «адамдар микроинсульт алып жатыр» деп ойлады. Бірақ қарттар емес, көбінесе 35-50 жастағы адамдар ұйықтап қалып жатты.

Бірінші рет былай болды. Түстену үшін жұмыстан келдім де, ас ішіп алған соң жұмысқа жиналдым. Үйден шығып, небәрі 100 метрдей жүріппін, оны қалай жүргенім есімде жоқ. Мас адам сияқты тәлтіректегенімді көргендер кейін айтып берді. Жұрттың бәрі «Саня ағай удай мас, мұндайы жоқ еді ғой, аяқ астынан не болды...» деп ойлапты. Ақыл-есім дұрыс, жұмысқа бару керектігін де білемін. Жұмысқа баратын жолда жартасты сай бар. Сол жерден өткен кезде құлап, басымды соғып әрі мойын омыртқамды зақымдап алдым. Бірақ жұмысқа келдім.

Александр Павлюченконың мойнына зақым келген кездегі суреті. 2013 жыл.

Александр Павлюченконың мойнына зақым келген кездегі суреті. 2013 жыл.

Жұмыстағы серіктесім жағдайымды көріп, үйге қайтарып жіберді. Жұмыстан шыққан бетте тағы құлап түсіппін. Сол ұйықтағаннан бес күннен кейін ауруханада бір-ақ ояндым, кім екенімді, не болғанын сонда ғана түсіндім. Мойын омыртқам сынып, төрт айдай жұмыстан қалдым. Есімді жиған кезде, кейбір нәрселерді ұмытып қалғандай болдым. Кейбір жайттар есімде, кейбірі есімде жоқ, бәрін ұмытып қалған сияқтысың.

Бірақ әлгі бес күн өмірімнен сызылып қалғандай, оларды есіме түсіре алмаймын. Кейін Көкшетауға тексерілуге жіберді. Әйелім екеуміз көлік жалдап, Көкшетауға барғанымыз есімде, ал кіммен барғаным есімде жоқ.

Ал екінші рет 2014 жылдың ақпанында ұйықтап қалыппын. Төрт күн тағы сондай күйде жаттым. Теледидар көріп жатқан күйі «ұйықтап кеткен» бізді балалар тауып алған.

Азаттық: – Бұл дерт кәдімгі ұйқы сияқты ма әлде ми мен ой сергек жата ма?

Александр Павлюченко: – Оны түсіндіру қиын. Мұны наркоз салынған адамның күйімен салыстыруға болады. Кейін наркоздың әсері тарай бастағандағы сияқты, есің кіресілі-шығасылы күйде жатасың. Сөйтіп ауруханаға жатқызды. Дәрігердің сұрақтарына жауап беремін. Бірақ құдды есімді жоғалтқандай, оның бірі есімде жоқ.

Ал үшінші рет Ата-аналар күні (Пасха мерекесінен кейінгі екінші аптаның сейсенбісі – авт.) қарсаңында «ұйықтап қалдым». Сол күні зират басына барып, бейіттердің маңайын тазалағанбыз. Үйге келіп, компьютерге отырғаным сол болатын. Әйелім «қарасам, қалғып-шұлғып отыр екенсің, сосын ұйықтап кеттің» дейді.

Мына «ұйқы дертінің» әлі емі жоқ, өйткені дәрігерлер нақты диагнозды білмейді. Көкшетау қаласында тексерген кезде дәрігерлер «ми диффузиясы, ісік бар» деген. Кім білсін, мүмкін ісік бар шығар. Осылай 2-3 мәрте ұйықтап қалсаң, артынан есалаң болып қалуың мүмкін ғой. Сондықтан жиналып, ауылдан кетіп қалдым. Жұрт сияқты «қашан көшіреді» деп күткім келмеді.

Күзде Калачиге қонаққа келген кезде Челябинск облысында тұратын үлкен ұлым да «ұйықтап қалды». Ресейдегі үйіне келген соң да жағдайы түзелмеді. Ақыры ауруханаға жатқызып,тексеріп, «менингит инфекциясы» деген диагноз қойды. Бірнеше күн ауруханада жатып шықты. Қазір аудан орталығы – Есілде (Калачи ауылынан 40 шақырым жерде) тұратын үлкен қызым да талай рет «ұйықтап қалған».

Азаттық: – Көшкен кезде дүние-мүлкіңізді сата алдыңыз ба?

Александр Павлюченко: – Үйімді бүкіл жихазымен, көлігімді – бәрін тастап кеттім. Мұнда жихазы бар пәтер жалдап тұрамын. Жұмысқа орналастым. Балаларым әжесінің қолында қалды, олар Красногорск кентінде (Калачи ауылы іргесінде – авт.) тұрады. Әзірше әйелім екеуіміз ғана көшіп келдік, балаларды алып кетуге мүмкіндік болмады. Оқу жылының ортасында мектеп ауыстырғымыз келмеді. Сабақ біткен соң оларды да, мүмкіндік болса әке-шешемді де алып келеміз.

Қазір жұртты ол жақтан біртіндеп көшіре бастапты, бірақ ешқандай жағдай жасамай көшіріп жатыр. Оларға «дүние-мүліктеріңді тастаңдар, біз айтқан жаққа көшіңдер» дейді екен. Ол жақта сенің дүниеңді кім сатып алады? Бәрі тастап кетіп жатыр. Әлдебір өтемақы төлеп, адамдарға мүмкіндік бермей ме.

Өмір бойы кеніште жұмыс істегенмін, көлік жүргізгенмін, колхозға барғым келмейді. Қостанай облысындағы Рудный қаласына барсам болар еді. Кезінде «Белаз» көлігін жүргізгенмін, карьерде жұмыс істегім келеді. Көңіліме жағатын орын қарастырғым келеді, бірақ олар ешкім тұрғысы келмейтін қиыр шетке көшіргісі келеді. Жұрт не істесін, кейбіреулер амал жоқтан келісіп жатыр.

Азаттық: – Бұл дерттің қандай құбылыс екенін жорамалдай аласыз ба? Жұрт «Тек бір-екі көше тұрғындары ғана ұйықтап қалады, ал қалған тұрғындар ұйықтамайды» деп жүр ғой?

Александр Павлюченко: – Рас, ауылда тұрғындар «ұйықтамайтын» тұстар бар. Мысалы, ауылдың шет жақтары мен 40 шақырым жерде орналасқан Есіл қаласына баратын жақта тұратындар «ұйықтамайды». Ол жақта «ұйқы басу» оқиғалары мүлде тіркелмеген. Ал неліктен олай екенін білмеймін.

Калачи ауылы маңындағы Красногорск кентіндегі бұзылған ғимарат. Александр Павлюченко түсірген сурет.

Калачи ауылы маңындағы Красногорск кентіндегі бұзылған ғимарат. Александр Павлюченко түсірген сурет.

Кейбіреулер «мұның бәрі радонның кесірі» дейді. Ол – төменге қарай шөгетін ауыр газ ғой. Мамандар келіп, жертөленің, үйдің, еденнің астындағы радон деңгейін өлшеп кеткен. Кейбір үйлерде газ концентрациясы көп, кейбірінде аз, тіпті нормадан төмен үйлер бар. Мысалы, менің үйімді өлшеген кезде нормадан аз болып шықты. Норма – бір текше метрге шаққанда 200 Беккерли, ал менің үйімде 90 бірлікті көрсетті. Бірақ нормадан аспаса да, мені «ұйқы басады». Ал енді бір үйлерде радон деңгейі екі мың бірліктен асып кетсе де ешкім ұйықтамайды. Мұны қалай түсінуге болады? Красногорск кентінде бір адам үшінші қабатта тұрады екен. Радон ондай биікке көтерілмеуі тиіс, бірақ әлгі адам ұйықтап қалған.

Енді біреулер «бәрі судан екен» дейді. Бірақ су ішкен адам «ұйықтамайды», ал су ішпеген «ұйықтап қалады». Ал Красногорскіде тұратын әлгі адам біздің суды ішпейді ғой. Ол жақтың суы мүлде бөлек, сүзгіден өткізіп, қайнатып ішсе де, бәрібір ұйықтап қалған.

Біреулер мұны жаппай психозға балап жүр. Жұмыс жоқ болған соң жұртты психоз жайлап барады деп болжайды. Біздің қазақстандық ғалымдар осындай болжам жасапты. Мейлі, мен сияқты ересек адамдар психозға шалдықты делік, ал балалар ше? «Ұйқыға кеткен» екі жасар балада қандай психоз болуы мүмкін? Анасы жуындырып, тамақтандырып отырған, еш алаңсыз жүгіріп жүрген бала емес пе?

Азаттық: – Калачи ауылынан 600 метрдей жерде орналасқан Красногорск кентінде СССР кезінде жеті мыңдай адам тұрған. Қазір 130 адам қалды. 1960-1990 жылдары кенттің іргесінде уран өндіріліпті. 1991-1992 жылдары Совет одағы ыдыраған кезде уран өндіру тоқтатылып, шахталар жабылған. Содан кейін кеніш пен тұрғындардың жағдайы не болды?

Александр Павлюченко: – Мен 1960 жылы туғанмын. Әке-шешем тың көтеруге келіп, кейін әлгі кенішке орналасыпты. Ол жақта ешқашан ешқандай ауру-сырқау болған емес. Армиядан келген соң мен де әлгі кенішке жұмысқа орналастым. Бәрі күйреп жатқан тұста ядролық қаруды қысқарту бағдарламасы басталды. Қазақстан ядролық қаруды қысқарту және бас тарту туралы меморандумға қол қойды. Ол заманда Красногорск кентінде тұратын жұрттың жағдайы жақсы еді. Жұрт бес қабатты үйлерде тұратын, кинотеатр болды, дүкенге бүкіл тауар Мәскеуден келетін, қысы-жазы жеміс-көкөністен, сүт пен еттен тапшылық көрген жоқпыз. Қалаған затыңды сатып алатынсың.

Бәрі күйрей бастаған кезде шахтерлердің шамасы жеткені жан-жаққа көшіп кетті де, көшуге шамасы келмеген кейбір зейнеткерлер қалды. Әуелі жұрт онша қиналған жоқ, кейін электр жарығын қиып тастады, орталық жылу қазандығын жапты. 1990 жылдары жарықты үнемі өшіріп тастайтын. Жылу, жарық жоқ кентте жұрт не істесін. Ақыры бес қабатты үйлерде тұратындар терезе, желдеткіштен мұржа шығарып, отын, көмір түсіріп, пеш орнатып, пеш жаға бастады. Бесінші қабатта тұратындар пешке көмір тасып, күл шығарады.

Қазір де бәрі сол күйі қалды. Тек біреулер Калачиға, біреулер Есілге көшіп, Красногорскіде 130-дай адам қалды. Красногорскіден көшіп келгендерге арнап Калачи ауылында екі пәтерлі алты үй салды. Калачи мен Красногорскіде адамдар шетінен ұйқыға кетіп жатқанда оны не үшін салғанын сол күйі түсінбедім. Қазір бес қабатты үйлер бұзылған, жұрт қабырғасы мен кірпішін тасып әкеткен. Кенттің қазіргі жағдайы осындай.

Азаттық: – Демек, Калачиға оралатын ойыңыз жоқ қой?

Александр Павлюченко: – Қазір Касли қаласында пластик құбыр шығаратын зауытта жұмыс істеймін. Қазақстанмен салыстырғанда жалақысы едәуір көп. Мұнда қалып, азаматтық алуға өтініш беремін.

Калачи ауылындағы зерттеу комиссиясының көлігі. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Калачи ауылындағы зерттеу комиссиясының көлігі. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Мына жақтан шағындау болса да жер үй сатып алғым келеді. Калачиде аздаған болса да өтемақы берсе, реніш болмас еді. Красногорск тұрғындары сияқты Калачи тұрғындарын да «не істесеңдер, оны істеңдер, күндеріңді қалай көрсеңдер, олай көріңдер»деп далаға лақтырып тастады. Ал ауылды көшіруге ақша бөлінгенін естіп жатырмыз.

Қазақстанның қай колхозына көшсең де, тұрмыс ауыр, жұрт әупірімдеп тіршілік етіп жатыр. Электрик болып жұмыс істегенмін. Бір қарағанда, тәп-тәуір жұмыс, жалақысы да жақсы болуы тиіс. Бірақ электрик болып істеп, 40 мың теңге (216 доллар) жалақы алдым. Оны қайда жеткізесің? Бала-шағалы жанға жетпейді ғой. Жарықтың, телефонның, интернеттің ақысын төлеп, дүкенге бір барып келген соң түк қалмайды. Енді қалай күн көреміз деп ойлайсың. Ал әлдебір қағаз керек болса, ауданға, Есіл қаласына бару керек. Автобус жүрмейді. Үш жарым мың теңгеге (19 доллар шамасында) такси жалдауға тура келеді. Есілге екі рет барып-келсең, әлгі 40 мың теңгенің жеті мыңы жоқ болады. Іргесінде өзені бар, тұрған жері жақсы болғанымен, ол жақтағы жұрт осындай күй кешіп жатыр.

Биліктен үміт күту – бекер. Облысы әкімі келіп «ештеңе күтпеңдер, совхоз-совхозға көшіңдер» деп кетті. Ал біздегі совхоздардың, әсіресе Торғай жақтағы совхоздардың жағдайы тіпті мүшкіл. Олар аудан орталығынан 150 шақырым шалғайда орналасқан.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

Ресми ақпарат бойынша, «ұйқы дертінің» алғашқы белгілері тіркелген сәттен бері Калачи ауылының 120 тұрғыны («ұйқы дертіне» қайталап шалдыққандарды қоса есептегенде 152 адам) дәрігерлер көмегіне жүгінген.

Ауыл тұрғындары шалдыққан дерттің нақты себебін құрылып жатқан комиссиялар мен жүргізілген зерттеулер әлі күнге айта алмай отыр. Жергілікті билік тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылдаған. Олардың кейбірі Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысының аудандарына көшірілгені хабарланды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG