Accessibility links

Қанат Ислам Робсон Ассисті нокаутпен жеңді


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам жекпе-жек кезінде. (Сурет боксшы командасының баспасөз қызметінен алынды.)
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам жекпе-жек кезінде. (Сурет боксшы командасының баспасөз қызметінен алынды.)

Қазақстандық Қанат Ислам кәсіпқой рингтегі 23-кездесуінде бразилиялық Робсон Ассистен басым түсті. АҚШ-тың Уилмингтон қаласында өткен жекпе-жек бірінші раундтың соңына жетпей аяқталды.

Жұма күні кешке (Қазақстанда 18 ақпанда таңертең) АҚШ-тың Уилмингтон қаласында қазақстандық Қанат Ислам мен бразилиялық Робсон Ассис арасында кәсіпқой бокстан бірінші орта салмақ (70 келіге дейін) дәрежесінде кездесу өтті.

Жекпе-жектің бірінші раундында рингтегі қарсыластардың бастары түйісіп қалып, Қанат Исламның қабағы жырылып кетті. Дәрігерлер қарағаннан кейін Исламға кездесуді жалғастыруға рұқсат берді. Раунд соңына қарай Исламнан қатарынан бірнеше соққы алған бразилиялық боксшы рингте жатып қалды. Робсон Ассис өз-өзіне келе алмай біраз уақыт жатқан соң төреші кездесуді тоқтатып, сайыстың аяқталғаны туралы белгі берді. Қанат Исламның жеңісімен біткен жекпе-жек екі минуттан сәл астам ғана уақытқа созылды.

Кездесуден кейін Қанат Ислам бапкеріне, еліне алғысын білдірді.

«Көп жаттықтым. Енді үлкен кездесулерге дайынмын. Менің уақытым келе жатыр» деді ол.

Исламның бапкері Нельсон Лопес боксшының дайындығына көңілі толатынын айтты.

«Қанат келе жатыр. Біз кіммен болса да, тіпті Флойд Мэйвезердің өзіме шығуға да дайынбыз» деді ол кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген америкалық боксшының атын атап.

Қанат Ислам жаттығу кезінде. (Сурет боксшы командасының баспасөз қызметінен алынды.)
Қанат Ислам жаттығу кезінде. (Сурет боксшы командасының баспасөз қызметінен алынды.)

32 жастағы Қанат Ислам кәсіпқой рингте 23 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол осымен 19 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен ұтты.

Kazakh (Қанат Исламның лақап аты) бүгінгі жеңісінен кейін WBA Fedelatin және WBO Intercontinental чемпионы атақтарын қорғап қалды. Ислам АҚШ-та осымен төрт рет жекпе-жек өткізді. Сонымен бірге ол Қазақстан, Колумбия, Эквадор мен Доминикан елдерінде де кәсіпқой рингке шығып, жеңіске жеткен.

Қазір Қанат Ислам WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) рейтингінде бірінші орта салмақта 6-орында тұр. Ол WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) рейтингінде 4-орында келеді.

38 жастағы бразилиялық Робсон Ассис кәсіби бокста 20 кездесу өткізіп, осымен төртінші рет жеңіліп қалды. Бұған дейін өз елінде өткен 16 кездесуде қарсыласын жеңген Ассис ешқандай бокс ұйымдарының рейтингіне енбеген.

Қанат Ислам осыған дейін 2016 жылы қазанның 29-ы күні Алматыда ганалық Патрик Аллотеймен рингте кездескен еді. 12 раундқа жалғасқан жекпе-жек қорытындысында төрешілер шешімімен жеңіс Исламға берілген. Аллотей төрешілер шешімімен келіспей, Исламның жеңісін мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG