Accessibility links

Наразы зейнеткердің балконына шабуыл

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Зейнеткер Зоя Юртаеваның пәтері орналасқан көпқабатты үйдің алдына келген сатысы бар көліктің жанында тұрған медициналық маска киген жас жігіт. Қарабұлақ кенті, Алматы облысы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Зейнеткер Зоя Юртаеваның пәтері орналасқан көпқабатты үйдің алдына келген сатысы бар көліктің жанында тұрған медициналық маска киген жас жігіт. Қарабұлақ кенті, Алматы облысы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Алматы облысы Қарабұлақ кентінде тұратын 70 жастағы зейнеткер әйел пәтерінің балконында билікке наразылығын білдірген соң жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды. Оның балконына маска киген жас жігіттер шабуыл жасаған.

Алматы облысы Қарабұлақ кентіндегі көп қабатты үйдің екінші қабатында тұратын Зоя Юртаева 18 желтоқсанда пәтерінің балконынан Ескелді ауданы әкімі Нұрлан Қылышбаевты айыптаған сөздер жазылған үш плакат іліп қойған.

Аудан басшысын «тұрғын үй қорынан баспана бөлу кезінде заңды бұзды» деп айыптаған зейнеткер бұл жайлы талай рет шағым жазғанын айтады.

Балконда плакат пайда болған соң арада бір сағат өтпей бет-жүздеріне медициналық маска тағып алған он шақты жас жігіт сатысы бар арнайы көлікпен Зоя Юртаеваның үйіне келген. Олардың кейбірі сатымен өрмелеп балконға шығып, плакаттарды жұла бастаған. Зейнеткердің оларды еден жуатын таяқпен соғып қуғанын жергілікті журналистер де көрген.

Зейнеткер Зоя Юртаева пәтерінің балконында наразылық акциясын өткізіп тұр. Қарабұлақ кенті, Алматы облысы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Зейнеткер Зоя Юртаева пәтерінің балконында наразылық акциясын өткізіп тұр. Қарабұлақ кенті, Алматы облысы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

– Жергілікті шенеуніктер Зояның үйіне жас жігіттерді, тіпті мектеп оқушыларын да жіберіпті. Олар зейнеткердің пәтерінің терезесіне тас лақтырған. Ал ересектеулері балконға сатымен өрмелеп шығып, әлгі плакаттарды жұлған. Олардың бұлай істеуге қандай қақысы бар? Бұл іске жастар мен мектеп оқушыларын неге араластырады? Әлгі адамдардың үстінен полицияға шағым жаздық, - дейді Ескелді ауданындағы қоғамдық палата мүшесі Владимир Наточий.

Медициналық маска киген белгісіз адамдармен қақтығыстан кейін Зоя Юртаеваның жүрегі ұстап, туыстары жедел жәрдем шақырған. Қазір қарт әйел аудандық ауруханада жатыр.

Қарабұлақ кенті әкімдігі шенеуніктері: «Ол жерде маска киген ешқандай жігіттер болған жоқ. Зейнеткердің көзіне елестеген ғой. Әлгі жерде ресми тұлғалар да болып, наразылық шарасын білдірген азаматшамен түсіндіру жұмысын жүргізді», - дейді.

Зейнеткер Зоя Юртаеваның пәтері балконына арнайы көліктің сатысымен өрмелеп шығып, билікке наразылық жазылған плакаттарды жұлып жатқан жас жігіт. Қарабұлақ кенті, Алматы облысы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Зейнеткер Зоя Юртаеваның пәтері балконына арнайы көліктің сатысымен өрмелеп шығып, билікке наразылық жазылған плакаттарды жұлып жатқан жас жігіт. Қарабұлақ кенті, Алматы облысы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

– Үйіне барып едік, бізді пәтеріне кіргізбей қойды. Сондықтан оған жиын, пикет өткізу ережелері туралы заң талаптарын есік сыртынан оқуымызға тура келді. Ол кісіге бұл әрекеті заңсыз екенін түсіндіріп, балкондағы плакаттарды алып тастауын өтіндік, - дейді Қарабұлақ кенті әкімі міндетін атқарушы Еліздер Серікбаев.

Алайда Ескелді аудандық прокуратурасының пікірі өзгеше. Қадағалаушы орган Зоя Юртаеваның өз пікірін білдіруге құқы бар деп санайды.

– Ол кісі плакаттарды өз пәтерінің балконына ілген. Мұндай әрекеттер наразылық акциясы болып саналмайды. Сондықтан ол әйелге ешқандай шара қолданбаймыз, - деді Ескелді ауданы прокурорының орынбасары Айдар Шабдаров.

Прокуратура қызметкерлері зейнеткер Зоя Юртаеваның аудан әкімін айыптаған арызын алғанын, енді тексеру жүргізілетінін айтады.

«Сізді айыптаған зейнеткер Зоя Юртаеваны сотқа бересіз бе?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына Ескелді ауданы әкімі Нұрлан Қылышбаев жауап беруден бас тартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG