Accessibility links

Ахметов ісі сотында жалған куәлік ету сөз болды


Басты куәгер Қадырбек Әбдіров жауап беріп тұр. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Басты куәгер Қадырбек Әбдіров жауап беріп тұр. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

​Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталушылар мен адвокаттары Қарағандыда өтіп жатқан сот процесінде «тергеу бастауға арызданған негізгі куәгер жалған куәлік етті» деп мәлімдеді.

Экс-премьер Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы және облысының бұрынғы топ-шенеуніктерінің үстінен жемқорлық айыбымен қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан процесте негізгі куәгерлердің бірінен жауап алынды. 21 адамды сот алдына апарып, жұртты шулатқан бұл іске қатысты тергеу амалдары «Горсвет» кәсіпорны директоры, қалалық мәслихат депутаты Қадырбек Әбдіровтің мәлімдемесінен басталған еді.

НЕГІЗГІ КУӘГЕРДЕН ЖАУАП АЛУ

Қадырбек Әбдіров Серік Ахметов пен оның туыстарын үш компания – «СтальЦинк» фирмасы, «СтальЦинк» сауда үйі және «Гордорсервис-Астана» кәсіпорнына қатысы бар деп айыптаған. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті ол компаниялардың мүддесін қорғады, ал Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты, қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков пен қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкеновті осы кәсіпорындардың өнімдерін сатып алуға «мәжбүрледі» деп айыптаған.

– «СтальЦинк» сауда үйі қосалқы мердігер болғанын принципті түрде қаламадым. Бірақ Адамбеков маған бұл әкім Әбдішевтің қалауы екенін айтты. Бұған қалай қарсы тұра аламын? Ол кезде біз үшін әкімдік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының сөзі заң болатын. Әбдішевке бағындық, – деп мәлімдеді сотта куәгер Қадірбек Әбдірев.

Сотталушы Бауыржан Әбдішевтің «Алғашқы берген жауабыңызда айтқандай, менің тарапымнан қысым болды ма?» деген сұрағына куәгер Әбдірев «Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Әбдішевтің тарапынан мұқият бақылауда» болғанын айтты.

Қойылған сұрақтарға анық жауап бере алмайды, бұл – жауаптан жалтарудың амалы. Жала жапқаны және жалған сөз тасығаны үшін жауапқа тартуды өтінемін.

– Бұл куәгердің жауаптан жалтарғанына соттың назар аударуын сұраймын. Қойылған сұрақтарға анық жауап бере алмайды, бұл – жауаптан жалтарудың амалы. Жала жапқаны және жалған сөз тасығаны үшін жауапқа тартуды өтінемін. Ол тергеушілер алдын-ала дайындап, қол қойғызып алған жауаптарды айтып тұрған болуы мүмкін, – деген Бауыржан Әбдішев оның ақыл-есі дұрыстығына күмән келтірді.

Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкеновтің адвокаты Мейрам Шаймерденов куәгер Қадырбек Әбдіровті психологиялық-психиатриялық тексеруден өткізуді сұрап мәлімдеме жасады. Бірақ судья Исламхан Есенбаев адвокаттың бұл өтінішін қанағаттандырмады әрі сотталушы Бауыржан Әбдішевке алдағы уақытта куәгер мен процеске қатысушылардың «намысына тиетін» сөздер айтпауды ескертті.

«БІРЕУДІҢ КЕҢЕСІМЕН» ЖАЗЫЛҒАН АРЫЗ

Сот отырысы кезінде сотталушылардың адвокаттары куәгер Қадырбек Әбдіревтің «бұл іске бұрынғы премьердің ағасы Берік Ахметовтің қатысы бар» деген бастапқы жауаптарына күдік келтірді. Бұдан еретеректе куәгер «Серік Ахметовтің ағасы жұмысыма келді» деген еді. Бірақ сотта Қадырбек Әбдірев «қателесіп қалыппын» деді. Айтпақшы, сот залында болған Берік Ахметовтен куәгер ретінде жауап алынды. Оған бұрынғы топ-шенеуніктерге тағылған айыптың бірі «бағасы асыра көрсетіліп сатып алынған» жарық бағандарының техникалық детальдарына қатысты сұрақтар қойылды.

Серік Ахметовтің соты. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Серік Ахметовтің соты. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Адвокаттар Әбдіревтен «Әуелі облыс әкімдігіне шағымданбай, неліктен арызды бірден мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдадыңыз?» деп сұрады. Ол өзі басқаратын кәсіпорынға тексеру келген кезде «біреулер агенттікке арыз жазуға кеңес берді» деп жауап берді. Бірақ нақты кімнің кеңес бергенін куәгер ашып айтпады.

Ал сотталушы Ахметов пен Әбдішевтің адвокаттары «жалған түсінік бергені үшін» куәгер Қадырбек Әбдіревті жауапқа тарту туралы өтініш берді. Адвокаттар өзге куәгерлер түсінігіне қатысты бұрын да күдік келтірген. Олар тағы бір куәгер – кезінде Қарағанды қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде жұмыс істеген, ал қазір мемлекеттік істер агенттігінде кеңесші қызметін атқаратын Қайрат Кемелжановтың жауабына шүбәланған.

Серік Ахметов сотта жауап беріп тұр. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

Серік Ахметов сотта жауап беріп тұр. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

Сотталушылардың адвокаттарының айтуынша, Кемелжанов «жарық бағандары құнын асырып көрсетуге» (сотталушыларға тағылған айыптың бір тармағы) қатысты қайшы түсінік берген, ол «көбі есімде қалмапты» деген уәжге жиі жүгінген. Адвокаттар белгілі бір фирмалардың Әбдішевке қатысы барын қайдан білетінін Кемелжановтың түсіндіре алмағанына соттың назар аударуын сұрайды. Оның үстіне, адвокаттар тағы екі куәгердің – кейбір ұйым қызметкерлерінің жалған түсінік бергені туралы мәселе қозғады. Судья бұл өтініштердің бәрін қараусыз қалдырды. Сот отырысында дүйсенбіге дейін үзіліс жарияланды.

Экс премьер-министр Серік Ахметов пен Қарағанды облысы әкімдігінің бұрынғы басшы қызметкерлері «ауыр коррупциялық қылмыстар жасады» деп айыпталады. Серік Ахметов бұрын Қарағанды облысы әкімі болған, сондықтан оны соңғы жұмыс орны – қорғаныс министрі қызметінен босатып, үй қамағына алған кезде сот Қарағанды қаласында өтеді деп белгіленген. Серік Ахметов пен Қарағанды қаласындағы бір топ басшы-шенеуніктер мен бизнесменнің ісі билік «антикоррупциялық» деп атайтын үлкен науқанның бір бөлігіне айналған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG