Accessibility links

Шеберхана мүгедек балаларды еңбекке баулиды


Мүмкіндігі шектеулі балалар отбасылық шығармашылық шеберханасында сабақта отыр. Қарағанды, 4 мамыр 2013 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі балалар отбасылық шығармашылық шеберханасында сабақта отыр. Қарағанды, 4 мамыр 2013 жыл.

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шығармашылық шеберхана жұмыс істейді. Ата-аналары мұнда перзенттері өзін кемтар сезінбей, тұлға ретінде танытуға дағдыланатынын айтады.

Мүмкіндігі шектеулі 14 бала Қарағандыдағы шығармашылық шеберханада оқиды. Мұнда оларды емдемейді, бірақ тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Жобаны «Қазақгейттің» Швейцария банкінде жатқан ақшасын игеру үшін құрылған «Бота» қайырымдылық қоры қаржыландырады.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Шеберханаға алғаш келген қарағандылық 15 жасар Марина Саликова бірден жаңа достар тапты. Туған кезден бастап «психикалық кемістік» деген диагноз қойылған бұл жасөспірім қыз - бірінші топтағы мүгедек.

Марина дені сау балалар сияқты алаңсыз тіршілік ете алмайды. Көп уақытын үйде өткізетін оны кейде анасы реабилитациялық орталыққа ем-дом қабылдауға апарып келеді. Маринаға мемлекет бөлген әлеуметтік педагог та көмектеседі. Маринаның өзі дұрыс сөйлей алмағандықтан, анасы оған тәржімашы болады.

– Алфавитті, цифрларды жаттап, оқуды үйреніп жүрмін. Сурет салғанды, үйдің ішін жинағанды жақсы көремін. Мына үйірмеге мені анам пен мұғалімім әкелді. Мұнда дос таптым, - дейді Марина.

Әріп пен санды енді ғана біліп, қоршаған әлеммен танысып,
Бұл шеберхананың ашылғанына, мұнда келгенімізге қуаныштымыз. Марина енді өз-өзімен тұйықталмай, пайдалы іспен шұғылданатын болды.
бойындағы қабілетін таныта бастаған жасөспірім қыз өмір сүруді де жаңадан үйреніп жатыр. Балабақша мен мектеп табалдырығын аттап көрмеген оның келешекте бір жерде оқып, білім алуы да неғайбіл. Ақыл-ойы кеміс жандарға Қазақстанда жұмыс табу мүмкін емес. Бірақ өмірден түңіліп кетпесін деп, айналасындағылар мұны Маринаның көзінше айтпайды.

Қыздың анасы Елена Саликова бұл шығармашылық шеберханасы перзенті өзін кемтар сезінбей тұлға ретінде таныта алатын, басқа балалармен ойнап-күліп, араласатын Қарағандыдағы жалғыз орын екенін айтады.

– Өкінішке қарай, біздің қалада мұндай үйірмелер жоқ. Жұрт мұндай балалармен араласуға әлі әзір болмағандықтан, олар көбінесе үйде қамалып отыруға мәжбүр. Онымен бірге мен де үйде отыруға мәжбүрмін. Оған белгілі бір күтім керек, үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Сондықтан жұмыс істей алмаймын. Әйтеуір бір жақсысы, аптасына екі рет әлеуметтік педагог келіп, оны дәрігерге, басқа жерлерге апарады, оқытады. Сөйтіп өз шаруаммен айналысуға маған да мұрсат береді. Бұл шеберхананың ашылғанына, мұнда келгенімізге қуаныштымыз. Марина енді өз-өзімен тұйықталмай, пайдалы іспен шұғылданатын болды, - дейді Елена Саликова Азаттық тілшісіне.

Қызының көңілін аулайтын басқа ойын-сауыққа ақша жетпейді. Мемлекеттен айына 40 мың теңге (шамамен 260 доллар) жәрдемақы алады. Маринаның анасы «жәрдемақы өссе, қызымның бетін қайтармай, қалағанын сатып әперер едім» деп армандайды.

ЕҢБЕК ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА БАУЛУ

«Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» қоғамдық ұйымының кеңсесінде орналасқан шығармашылық шеберханасында сабақ өтіп жатқанына бірнеше ай болды.

Педагог пен қамқорлыққа мұқтаж шәкірт шығармашылық шеберханасындағы сабақта. Қарағанды, 4 мамыр 2013 жыл.

Педагог пен қамқорлыққа мұқтаж шәкірт шығармашылық шеберханасындағы сабақта. Қарағанды, 4 мамыр 2013 жыл.

Қазір шеберханада ерекше қамқорлыққа мұқтаж 14 бала мен жасөспірім тәлім алады. Мұнда өткізілетін сабақтардың барлығы бейнетаспаға жазылады. Шеберхана педагогтары сабақтан кейін осы жазбаларды қарап шығып, келесі сабақта назар аударылуы тиіс жайттарды талдап, талқылайды.

Шеберхана педагогтары баланың диагнозына емес, оның жан-дүниесіне жақын нәрселерге ғана назар аударып, баламен осы бағытта жұмыс істеуге тырысады. Балаларды сабаққа туыстары немесе әлеуметтік педагогтар әкеледі.

Қарағанды қаласындағы үйде әлеуметтік көмек көрсету мемлекеттік бөлімінің қызметкері Татьяна Волынованың айтуынша, балаларды еңбекке баулып, өз бойындағы қабілетін тануды үйрететін осындай отбасылық шеберханалар көп болса, ерекше қамқорлыққа мұқтаж мұндай балалар үйде қамалып отырмас еді.

– Оларға өзін танытып, айналасындағы жұртпен араласуға мүмкіндік беру керек. Өздері өте жасық келеді. Бойында дарыны барын аңғарғанда өздері де таң қалады. Мұндай баланы еңбекке баулыса, кейін есейгенде әдемі бұйымдар жасап, сатып күн көруіне болады ғой. Жалпы бізде айрықша қамқорлыққа мұқтаж мұндай балаларға көңіл бөлінбейді. Ертең есейгенде олар кім болып шығады? Бұл мәселе назардан тыс қалған, - дейді Татьяна Волынова.

Шығармашылық шеберханасында балалар мен ересектер қалаған ісімен еркін шұғылданып, бір-бірімен араласуды үйренеді. Қосалқы құралдар ретінде саз, пластилин, киіз, жіп, түрлі-түсті құм, қорапша, құты сияқты заттар пайдаланылады.

Шеберханада жұмыс істейтін педагогтар балалардың қабілеті жететін іспен шұғылданып, айналадағы дүниені тануына, сөйтіп олардың өзін толыққанды тұлға ретінде сезінуіне көмектесуге тырысады.

Шеберханаға келіп жүргеніне бірнеше ай болған тоғыз жасар Мәлікке мұнда өтетін сабақтардың пайдасы тиіпті. Шеберхана қызметкерлері баланың мінез-құлқы жақсарып, бойында шығармашылық қабілеті ашылғанын байқаған.

Басында Мәліктің анасы бұл істен әлдебір нәтиже шығатынына күмәнданыпты. Ол шеберхана қызметкерлеріне ұлының бір орында тыныш отыра алмайтынын, көзіне түскен затқа жармасып, бірдеңе қолынан келмесе долданып жылайтынын ескерткен екен.

Отбасылық шығармашылық шеберхана жетекшісі Галина Цой. Қарағанды, 4 мамыр 2013 жыл.

Отбасылық шығармашылық шеберхана жетекшісі Галина Цой. Қарағанды, 4 мамыр 2013 жыл.

Шығармашылық шеберханасының жетекшісі, «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» ұйымының білім жобалары менеджері Галина Цой «Басында расында да солай болды» дейді.

– Бірақ Мәлікті сыртынан бақылап, сабақ үстінде түсірілген бейнежазбаны қарап отырып, оның әрекеттерін түсінуге тырыстық. Сөйтіп онымен заттар арқылы қарым-қатынас орната бастадық. Нәтижесінде баласының мінезінен оң өзгерістерді байқаған анасы да үйде оны өз бетінше әрекет етуге жетелей бастады. Жақында Мәлік қолына қылқалам ұстап, қағаз бетін шимайлады. Ал соңғы сабақта кейбір заттарды ұстап көріп, жаңа дыбыстарды айта бастады, - дейді Галина Цой.

Келешекте балалардың қолынан шыққан тәуір заттарды көрмеге қойып, тіпті сатуға шығару мүмкіндігі де жоспарда бар. Бірақ Қарағандыдағы отбасылық шығармашылық шеберхананың келешегі қаржыландыруға тәуелді. Егер қаржыландыру тоқтаса, мүгедек балалар қайтадан үйде отыруға мәжбүр болады.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG