Accessibility links

Тасқыннан зардап шеккендер үкіметтен көмек күтеді


Азаттық тілшілері Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында болып, тасқын су басқан Садовое және Ғабиден Мұстафин ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Екі ауыл да тасқыннан қатты зардап шеккен.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Гагарин ауылында қызыл су бір жарым шақырымдай жетпей тұрып қалған. Дәл сол жерден үш шақырым жердегі Садовое ауылы суда қалды. Жергілікті адамдар 12 сәуірде қызылсу келген кезде ауылдың 29 тұрғыны малды айдап, арғы қырға өтіп кеткенін айтады. Ал, Садовое ауылынан Гагарин ауылына эвакуцияланған тұрғындар қырдың басында қалғандармен әзірге тек телефон арқылы байланысып отыр.

Жергілікті әкімдіктің дерегінше, Садовое ауылында 72 үй, 353 тұрғын бар. Сел кезінде екі адам ауылдан көшуден бас тартып, үйлерінде қалған. 17 сәуір күні бұл адамдардың қаза тапқаны туралы хабарланды. Ал шамасы келгендер Қарағанды мен Теміртаудағы туыстарына кеткен. Өзгелері Гагарин ауылындағы үйлерге бөлініп орналасқан. Ондаған адам клубта жатыр.

– 24 ер адам, 6 әйел, қалғандары бала – барлығы қырықтай адам. Үш уақыт тамақ дайындап беріп жатырмыз. Азық-түлікпен әкімдік қамтамасыз етіп жатыр шамасы келгенше. Ауыл халқы көмектесіп жатыр, - дейді Гагарин ауылының Ғалия есімді тұрғыны.

Клубтың ортасы кезекпен тамақ ішетін асханаға, ал төрдегі сахна жататын орынға айналған. Төсек жоқ. Көрпе-жастықты Гагарин ауылының тұрғындары берген.

Еркек, әйел, бала-шаға бәрі осы сахнада түнейді. Соңғы күндері бұл ауылда электр жарығы жиі өшетін болған. Тұрғындар оған Теміртаудағы су тасқыны себеп дейді. Теледидар жоқ болғандықтан, су басқан аймақтар туралы жаңалықтан тұрғындар бейхабар. Клубтың бір бұрышында кезектен тыс президенттік сайлауы кандидаттарының суреттері ілінген. Жолдау мәтіні жазылған газеттердің топтамасы да бар. Клубқа уақытша қоныстанушылар қазіргі жағдайларына қанағат етіп отыр.

Гагарин ауылындағы су тасқыны құрбандары. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, 16 cәуір 2015 жыл.

Гагарин ауылындағы су тасқыны құрбандары. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, 16 cәуір 2015 жыл.

– Қазір халық көмектесіп, әркім жәрдем беріп жатыр. Келешекте қалай болады? Су қашан кетеді? Ана үйімізге бару мүмкін емес. Осы мәселе алаңдатады бізді, - дейді Садовое ауылының тұрғыны Күрішхан Әбдірәсіл.

Садовое ауылына апаратын тас жолды қазір су басып жатыр – ұзындығы үш шақырымға жетеді. Ауылға ешкім кіріп шыға алмайды. Жергілікті әкімшіліктің айтуынша, 12 сәуір күні Садовое ауылына 1500 текше метр су кірген. Қазіргі көлемі 800 текше метр. Нұрадағы су деңгейі төмендегенімен қосымша Баймырза мен Шоқай өзендерінен су келіп жатыр.

Арғы беттегі ауылдарына өте алмай жүргендер шығындарын сырттай санап жатыр. Олар өздеріне үкімет көмектеспесе баспанасыз далада қалатындарын айтады.

– Жалпы су басқалы бес күнге айналды. Ол жердегі дүние-мүлік түгел қалды. Жеке кәсіпкермін, дүкенім бар. Үй салғам, соның бәрі қалды, - дейді Садовое ауылының тұрғыны Кенжебай Қамысбай.

Тасқын қаупі туралы хабарлама бұл ауылда алдын ала айтылғанын тұрғындар растайды. Бірақ ешкім осыншалықты мол су келеді деп ойламаған. Гагарин ауылдық округінің әкімі Алтын Сайдалдина Садовое елдімекенінен су кеткен соң шығын есептейтін комиссия құрылатынын айтады.

– Қазір аудан әкімдігі барлық ақпаратты сұратып жатыр. Ертең комиссия шешеді. Мұндай жағдай бұрын да болған. Сонда ақшалай көмек алған, - дейді ауыл әкімі.

Теміртау қаласынан жиырма шақырым жердегі су алған Садовое ауылына тұрғындар жете алмай жатса, қаладан 40 шақырымдағы Ғабиден Мұстафин ауылына ел қайта орала бастаған. Қызыл су бұл ауылға сәуірдің 11-і кірген. Ауылдан төрт мың адам көшірілген. Елдімекендегі 900 үйдің 700-ін су басқан. Ауылға қайта оралғандар құлаған үйлер мен өлген малды көрді. Виктор Өмірбаевтың бес ірі қарасы сел кезінде қорадан шыға алмай қалған.

Үй жуатын техникалық су керек. Дәретхананың суы сыртқа шығып, үй ішін басып қалған, соны сорып берсе. Баратын дәретхана жоқ. Биотуалет қоймаса, әйелдерге қиын болды.

Ауылда құлаған үйлер, шатыр төбесінде қараусыз қалған иттер жиі көзге шалынады. Тұрғындардың айтуынша, 1950-жылдары бой көтерген үйлер суда езіліп кететін саман кірпіштен салынған. Дегенмен, қабырғасы қызыл кірпіштен қаланған, селге шыдап берген үйлерге де биіктігі бір метрдей су кіріп, дүние-мүліктер бүлінген.

Үйіне оралған ауыл тұрғыны Кенжетай Баймолдинов үш мәселеден қиыншылық көріп отырғанын айтады.

– Ауыз су керек жоқ, оны онсыз да туыстарымыз алып келіп жатыр. Үй жуатын техникалық су керек. Екінші, дәретхананың суы сыртқа шығып, үй ішін басып қалған, соны сорып берсе. Үшінші, баратын дәретхана жоқ. Биотуалет қоймаса, әйелдерге қиын болды, - дейді ол.

Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары, жедел штаб мүшесі Ерлан Бейсенбаев тұрғын сұрап отырған мәселесі бірінші кезектегі шаруа емес дейді.

– Ең өзекті мәселе – тұрғындарды көшіру, орналастыру, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз ету болды, қалған мәселе ретімен шешіледі, - дейді Бейсенбаев.

Егер сайлауға шақырғандай әр үйге кіріп, айтып түсіндірсе, онда халық қозғалар еді. Әйтпесе, ешкім сенбеді.

16 сәуір күні Ғабиден Мұстафин ауылына вице-премьер Бақытжан Сағынтаев пен ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко келді. Селден кейінгі ауылды аралап көрген олар зейнеткер Нұрлан Жабаевтың шаңырағына да бас сұққан. Жабаев «үкімет мүшелерінің осы жолғы көмектесеміз деген уәдесіне оптимист ретінде сенбеске амалымыз жоқ» дейді. Ол ауыл тұрғындарына сел қаупі туралы ақпарат сайлау үгіті сияқты жүргізілгенде мұндай жағдай болмас еді деп санайды.

– Машинамен жүріп ескертті. Өтірік айтып не қыламыз? Көшеде айтып жүрді. Егер сайлауға шақырғандай әр үйге кіріп, айтып түсіндірсе, онда халық қозғалар еді. Әйтпесе, ешкім сенбеді, - дейді Нұрлан Жабаев.

Гагарин ауылдық округі әкімінің Азаттыққа айтуынша, 26 сәуірдегі президенттік сайлауды өткізуге ауылда ешқандай қиындық жоқ. Ал, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Бейсенбаевтың сөзінше, Мұстафин ауылынан қалаға уақытша көшірілгендер дауыстарын сол жерлерде беруі мүмкін. Ал, ауылға оралғандар мектептегі сайлау учаскесінде дауыс береді.

Қауіпсіздік шаралары үшін Мұстафин ауылында жарықты толық сөндіріп тастаған. Ұрлық болмас үшін көшелерге кезекші қойылған. Ауыл сыртында ашылған жедел штабта тұрғындарды тіркеп, сырттан келген жәрдемдерді қабылдап жатыр. Ауылдан су қайтқан соң шығын көлемін арнайы мамандар есептеп анықтамақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG