Accessibility links

Сел бұзған ауыл үйлері әлі салынбай тұр


Тасқыннан кейінгі салынуы тиіс үйдің іргетасы қасында жүрген адам. Садовое ауылы, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл. Сурет ауыл тұрғындарынан алынды.

Тасқыннан кейінгі салынуы тиіс үйдің іргетасы қасында жүрген адам. Садовое ауылы, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл. Сурет ауыл тұрғындарынан алынды.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Садовое ауылында көктемгі су тасқынынан кейін тұруға жарамсыз деп танылған 39 тұрғын үй құлатылған. Зардап шеккендер әлі үйсіз.

Биыл көктемде болған су тасқыны кезінде үйі бүлінген Садовое ауылы тұрғындарының бірі – Қуанбек. Ол екі баласы мен келіншегіне Теміртау қаласынан айына 40 мың теңге төлеп пәтер жалдағанын айтады. Әзірге қаладағы пәтерақысын төлеуді аудан әкімдігі мойнына алған. Ал Қуанбек малын қарау үшін амалсыз ауылда қалыпты.

«Комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған 39 үй күреліп тасталған болатын. Оның 35-ін қайта салуды үш компания мойындарына алған. Ал қалған төрт үйді кім салатыны белгісіз. Сол салыну-салынбауы белгісіз төрт үйдің бірі – менікі» дейді Қуанбек Азаттық тілшісіне.

Мектеп жасындағы үш баласының жайын ойлағанда Қуанбек тіпті күйзеліп кетеді.

«Екі айдан кейін күн суыта бастайды. Оған қоса бір айдың ар жақ, бер жағында сабақ басталады. Сонда мен бала-шағаммен қайда барып паналаймын» деп уайымдайды ол.

Ауыл тұрғындарының Азаттыққа айтуынша, екі жарым ай бұрын аудан әкімдігі үйі құлатылғандарға Теміртау қаласынан жалға алу ақысы айына 40 мың теңгеге дейін уақытша пәтер табуларын сұрап, пәтерақысы бюджеттен төленетінін айтқан. Үйін тасқын су талқандаған тұрғындардың бір бөлігі қаладан пәтер тауып уақытша көшкен. Бірақ «әкімдік уақытында ақшасын аудармағасын» кейбіреулерін қожайындары пәтерден шығарып жіберген.

Жаздық ас бөлмеде тұрып жатқан отбасы. Садовое ауылы, Бұқар жырау ауаны, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл.

Жаздық ас бөлмеде тұрып жатқан отбасы. Садовое ауылы, Бұқар жырау ауаны, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл.

«Қалаға көшкендердің біразы ауылға қайтып, жаздық үйлері мен гараждарын баспана қылып отыр» дейді Қуанбек.

Отбасын Теміртауға жіберіп өзі ауылда қалған және бір Садовое тұрғыны Алтынхан Азаттыққа «жаздық үйді паналап жүргенін» айтты.

«Міне, он күннен асты. [Құрылыс басында] жұмыс істеп жатқан адам да жоқ. «Ақша бөлінбеген, жалақы жоқ» деп [үй салатын] жұмысшылардың бәрі кетіп қалды. Тек ара-арасында ауыл әкімі келіп кетеді. Ол кісінің қолында тұрған не бар? «Шыдаңыздар, ақша бөлінеді» деп жұбатқаннан басқа» дейді ол.

Тасқын судан соң ауылды тексерген комиссия тұруға жарамсыз деп тапқан Алтынханның да үйі екі жарым ай бұрын құлатылған. Ол жаңа үйінің әлі іргетесы да қаланбағанын айтып қапа болады.

Тұрғындар күздің таяу екенін, жем-шөп жинау науқаны басталып та кеткенін айтып алаңдай береді. Олардың кейбірі жамырай сөйлеп Азаттық тілшісіне: «Бізді қыркүйек айына дейін баспаналы етеміз деген. Екі жарым айдан бері іргетасы салынбаған үйді енді қай уақытта тұрғызып бітеді? Тіпті күрелген үйлердің кейбірінің үйіндісі әлі тазаланбаған» десіп жатты.

Садовое ауылындағы үй іргестасы ретінде қойылған цемент блоктар. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл.

Садовое ауылындағы үй іргестасы ретінде қойылған цемент блоктар. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл.

Садовое ауылында негізінен Моңғолиядан қоныс аударған оралмандар тұрады.

Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асқат Сағадиұлы Азаттыққа Садовое ауылы тұрғындарының қаупін сейілте сөйледі.

«Ешкім де далада қалмайды. Қаражат көзінің шешілмеуіне байланысты сәл кешігіп жатқан жағдайы бар. Салынатын үйлердің барлығы белгіленген. Жобалары жасалынған. Құжаттарының бәрі облыс әкімдігіне, министрлікке тапсырылды. Соған қарамастан біраз құрылыс салушылармен келісіп, олар жұмысты алды ала бастап, қазір фундаменті құйылмаған 10 үй ғана қалды. Кейбіреулерінің қабырғасын көтеріп жатыр» деді ол.

Құрылыс жұмыстарының нақты қашан бітетіні, үйлердің қай уақытта пайдалануға берілетіні туралы сауалға аудан әкімінің орынбасары сырғақтай жауап берді.

Садовое ауылында көктемгі тасқыннан соң сүрілген үйлердің бірінің орны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл.

Садовое ауылында көктемгі тасқыннан соң сүрілген үйлердің бірінің орны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 20 шілде 2015 жыл.

«Жауапкершілікті өзіме ала алмаймын. Өйткені бұл қаражаттың бөлінуіне де байланысты болып жатыр. Ал қаражаттың қашан берілетіні белгісіз» деді ол.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Гагарин ауылдық округіне қарасты Садовое ауылын Нұра өзенінен тасыған су сәуірдің 12-сі күні басып қалған еді. 353 тұрғыны бар бұл ауылда тасқынға дейін 72 үй болған. Қазір оның 40-қа жуығы тұруға жарамсыз деп танылған. Бұған дейін ауыл тұрғындары шығын көлемін есептеу мен өтемақы белгілеуге қатысты да билік орындарының шешіміне наразылықтарын білдірген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG