Accessibility links

Чернобыль ардагерлері биліктен көмек сұрайды


Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтар. Мұражайдағы сурет.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтар. Мұражайдағы сурет.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан Қарағанды облысының тұрғындары жеңілдіктер жайын сұрау үшін жергілікті билікпен кездесуге мүмкіндік алды. Апаттан соң 30 жыл өткенде Чернобыль ардагерлері өздерін ұмыт қалғандай сезінеді. Күнделікті өмірдің қиындығын тартып келе жатса да, олардың көбі өздері жайлы әңгімеден қашқақтайды, өткенді еске алып, өміріне шағымданғысы келмейді.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан Қарағанды облысының тұрғындары жеңілдіктер жайлы сұрақтарын қою үшін жергілікті билікпен кездесуге мүмкіндік алды. Апаттан соң 30 жыл өткенде Чернобыль ардагерлері өздерін ұмыт қалғандай сезінеді. Күнделікті өмірдің қиындығын тартып келе жатса да, олардың көбі өздері жайлы әңгімеден қашқақтайды, өткенді еске алып, өміріне шағымданғысы келмейді.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жою кезінде денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалған жандарды ашық әңгімеге тарту өте қиын. Араларында денсаулығынан айырылғаннан кейін шаңырақтары шайқалған немесе сол күйі отбасын құра алмағандар да бар, бұған қоса олардың материалдық жағдайы да мәз емес.

27 ЖАСЫНДА МҮГЕДЕК АТАНДЫ

Қарағанды облысындағы Пришахтинск қаласының 48 жастағы тұрғыны Қайрат Елеусізов өз тағдыры мен қазіргі өмірінің қиындықтары жайлы айтып беруге келісті.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан Қайрат Елеусізов. Пришахтинск қаласы, Қарағанды облысы. 26 шілде 2016 жыл.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысқан Қайрат Елеусізов. Пришахтинск қаласы, Қарағанды облысы. 26 шілде 2016 жыл.

Қайрат Елеусізовті 1986 жылы армия қатарына шақырып, Киевтегі химиялық қорғаныс взводына (3217-полк) жіберген. Чернобыль АЭС-інде апат болған кезде Қайрат өзге жігіттермен бірге «тозақтың» тура ортасында қалған. Ол химик-дезактивиатор болған. Жас жігітке атом электр станциясының радиация аймағынан 3-4 километр жердегі өткізу пунктінде қалаға кіретін жүк көліктеріндегі радиация деңгейін өлшеу міндеті жүктелген. Ол «радиация деңгейі шамадан тыс артып кетсе, көліктерді өткізбей, радиоктивті тозаңды шайып тастау үшін кері қайтаратынбыз» деп еске алады. Олар сол маңдағы солдаттардан өзге тірі жан жоқ, қаңырап бос қалған шағын деревнядағы бұрынғы балабақша ғимаратында тұрған.

1987 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қайрат Елеусізовті сол кезге қарай «елес қала» аталып кеткен Припять қаласына жіберген. Ол Припять қаласының қаңыраған көшелерін БРТ-мен аралап, иесіз қалған үйлер мен құрылыс материалдарын, мемлекеттік нысандар мен ғимараттарды ұры-қарының тонауынан қорғаған.

– Ол кезде мен де Чернобыль апаты зардаптарын жоюға аттанған өзге жігіттер сияқты 18-19 жаста болатынмын. Біз парызымызды орындадық. Әрине, бізге қауіпсіздік шаралары туралы нұсқаулар беретін, бірақ біз денсаулығымыздан айырыламыз деп ойламаппыз. Нұсқауға онша мән бермей, радиацияға әбден «бөккен» жігіттердің біреуін комиссия үйіне қайтарғаны есімде. Ол кезде апат зардаптарын жоюға қатысқан «партизандар» ақша тапты, ал бізге – солдаттарға ештеңе төлеген жоқ, - дейді Қайрат Елеусізов Азаттыққа.

Апаттан кейін иен қалған ғимарат ішіндегі СССР коммунистік партиясы басшыларының портреттері. Чернобыль аймағы, Украина. Мұрағаттағы сурет.

Апаттан кейін иен қалған ғимарат ішіндегі СССР коммунистік партиясы басшыларының портреттері. Чернобыль аймағы, Украина. Мұрағаттағы сурет.

Қайрат кейін, шамамен 25 жастан бастап жиі ауырып, Чернобыль апаты зардабын тарта бастағанын еске алады. Оның жүрек, бүйрек, асқазан сияқты ішкі органдары сыр бере бастаған. Омыртқасы ауырып, оған қоса ілеспе дерттер жабысқан, екі аяғы бастырмай қалған (Қайрат қазір оң аяғын сылтып басады). 27 жасқа келгенде Қайрат Елеусізов үшінші топтағы мүгедек атанған. Мүгедектікке шыққанға дейін ол Қарағанды облысындағы мыс өндіретін кеніште 10 жыл жұмыс істеген. Өмірде қол жеткізсем деген арман-мақсаты көп жігіттің денсаулығы жыл өткен сайын нашарлап, ауруханаға жиі жататын болған, ал 35 жасында жұмыстан біржолата шығуға тура келген.

КЕЗДЕЙСОҚ НӘПАҚА МЕН БАСПАНА ТАУҚЫМЕТІ

Қайрат сол кезден бері ара-тұра кездесіп қалатын жұмыстарды істейтін болған, арасында ем алу үшін ауруханаға жатып шығады. Ай сайын тапқан табысының едәуір бөлігі дәрі-дәрмекке кетеді. Қайраттың өз баспанасы да жоқ, Пришахтинск қаласында бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатыр, қосымша сантехник болып жұмысқа жалданады. Былтыр үйленген ұлы қазір Жамбыл облысында әскери бөлімде контракт бойынша қызмет атқарады, ол да отбасымен сол жақта жалға алған пәтерде тұрады. Әкесінің жанында 19 жастағы қызы қалған. Аспаздың оқуын бітірген қыз енді жоғары білім алып, әкесіне қарайласу үшін жұмыс та істегісі келеді. Қайрат шалғай ауылда тұратын ата-анасына да жиі бара алмайды, «жол шығыны қымбат» дейді ол.

1986 жылы 26 сәуірде апат болған Чернобыль АЭС-інің төртінші блогы. Украина, 21 сәуір 2016 жыл.

1986 жылы 26 сәуірде апат болған Чернобыль АЭС-інің төртінші блогы. Украина, 21 сәуір 2016 жыл.

2010 жылы Қайрат жеңілдік қарастырылғандар санатында баспана алуға кезекке тұрған. Ол мұндай мүмкіндік барын талай жылдан бері «чернобыльдықтардың» мүддесін қорғап жүрген Әбілда Әбдікәрімовтен естіген. Қайраттың айтуынша, жеңілдікпен берілетін баспана кезегі баяу жылжиды.

– Баспана беруін сұрап әкімдікке жиі барамын, себебі пәтер жалдап тұру маған қиын. Айына 20-30 мың теңге табамын, кейде 50 мың теңге табатын кезім болады. 25 мың теңгесін пәтер жалдауға беремін. Үшінші топ мүгедегі ретінде мемлекеттен айына 38 мың теңге аламын. Бұл тартқан азабымның өтеуі бола ала ма, айтыңызшы? Осыған қамығамын. Кезінде Отанға қызмет еттік, ал ол бізге қарайласпайды. Егер әлгі апаттың зардабын жоямын деп мүгедек болып қалмағанымда, қазіргідей күнелтпей, дені дұрыс жұмыс істеп, жақсы жалақы алып, ипотекаға болсын, баспана сатып алып, бала-шағамды ештеңеден тарықтырмай асырар едім ғой, - дейді Қайрат.

«ӨМІР СҮРУДІҢ ШЕКТІ МҮМКІНДІКТЕРІ»

Кей деректер бойынша, Қарағанды облысында Чернобыль АЭС-і апаты зардаптарын жоюға қатысқан 650 адам қалған. Апат зардаптарын жоюға 32 мың қазақстандық қатысқан, ресми дерекке сәйкес, солардан тірі қалғандардың саны қазір 5 мыңға жетпейді.

Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқан әрі «Отанды қорғаушы» («Защитник Отечества») қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары 51 жастағы Әбілда Әбдікерімов:

– Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы мемлекет қабылдаған заң денсаулығы мен күшін өзгелердің игілігі үшін сарп еткен жандардың әлдебір құқықтарын белгілеп, өмір сүруге шекті мүмкіндік береді. Бірақ ол заң әлгі азаматқа бала-шағасын дені сау, күші бар кездегідей тарықтырмай асырауына мүмкін жасай алмайды. Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқандар – нағыз патриоттар, интернационалист патриоттар. Сондықтан оларды «өзіміз және өзгелер» деп бөліп-жарып, әр түрлі жеңілдік беріп отырғаны – олардың кінәсінен емес. Олардың бәрі өзгелерді құтқару үшін денсаулығын сарп етіп, ортақ іс атқарды, - дейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: 30 жылдан кейінгі Чернобыль

Әбдікәрімовтің пікірінше, Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқан қарағандылықтарға жергілікті билік лайықты көңіл бөлмей отыр. Оларды әлеуметтік қорғау және қолдауға байланысты көптеген мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Сондықтан кей «чернобыльдықтар» билікке жолдаған өтінішінде Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқан жандарды тұрғын үйдің коммуналдық және эксплуатациялық қызмет ақысын төлеуден босатуды, тіс протездерін тегін алуға, балаларын жоғары оқу орындарында тегін оқытуға, интернет арқылы жұмыс істеп ақша табу үшін интернетті тегін пайдалануға мүмкіндік беруді сұрайды. Бұған қоса, олар билікке «чернобыльдықтарға» материалдық көмек көрсетуді және бес пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие қарастыру туралы өтініш айтады.

«ҚАРАУҒА ҚОЙЫЛҒАН» МӘСЕЛЕЛЕР

Қарағанды облысы әкімдігі Азаттықа облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «чернобыльдықтармен» кездесуінен кейін Чернобыль АЭС-індегі апат зардаптарын жоюға қатысқан жандар қозғаған мәселелерді қарауды қарамағындағы қызметкерлерге тапсырғанын хабарлады.

– Коммуналдық қызмет ақысын төлеуде жеңілдік беру; бір реттік материалдық көмек көрсету; тіс протездеу; интернетке тегін немесе жеңілдікпен қосу; бес пайызбен несие бөлу; «Голубые Пруды» ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесінен кеңсеге бөлме бөлу сияқты мәселелер қарауға қойылды, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттыққа.

Әлгі тапсырмаларды орындау мерзімі биылғы 14 тамызға белгіленген. «Чернобыльдықтардың» қай өтініші орындалатыны сол күні белгілі болмақ. Тапсырмаларды орындау жауапкершілігі Қарағанды облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жандос Әбішевке жүктелген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG