Accessibility links

Заңгер «шыбын қаққыш оқиғасына» бола сотталды


Евгений Танков сотта соңғы сөзін айтып тұр. Қарағанды, 23 шілде 2014 жыл. (Суреттің авторы - Санат Орынәлиев).

Евгений Танков сотта соңғы сөзін айтып тұр. Қарағанды, 23 шілде 2014 жыл. (Суреттің авторы - Санат Орынәлиев).

Сотқа шыбын ұрғыш апарған оқиға кейіпкері, қарағандылық заңгер Евгений Танков жалпы режимдегі колонияға үш жылға сотталды. Оның «сатиралық перформансы» судьяға шабуылдау деп бағаланды.

Осы ерекше іс бойынша үкім шілденің 24-інде Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында шығарылды.

Заңгер Танков айрықша акциясын наурыздың 19-ы күні өткізген. Ол судья Арай Алшынбеков төрағалық еткен сот процесіне бірнеше шыбын қаққыш алып келген. Жол оқиғасынан келген нұқсанның орнын толтыру процесі бойынша өтіп жатқан сотта заңгер судья Алшынбековті «шыбын қаққыш дуэліне» шақырған.

Судья бұдан бас тартқан. Заңгердің сөзінше, бұдан кейін ол судьяның бетінен шыбын қаққышпен бір-екі рет ұрып жіберген. «Осы арқылы Қазақстандағы сот жүйесінің ақылға қонымсыздығын көрсетпек болдым» дейді Евгений Танков.

Танковтың ісін қараған Қазыбек би аудандық сотының судьясы Бақыт Ахметова «шыбын қаққыш дуэліне» байланысты «билік өкіліне шабуыл жасалды» деген үкім шығарды.

СОҢҒЫ СӨЗДЕГІ ПЛАТОН ФИЛОСОФИЯСЫ

Жәбірленуші судья Арай Алшынбеков сотта Евгений Танковтың әрекетінен қорқып кеткенін, бұдан ауыр әрі қатты соққы боларын күткенін айтқан. Танковқа кесілген үкімнің жәбір көрген судьяға қалай әсер еткенін Азаттық біле алмады. Себебі судья Алшынбековтің қабылдау бөлмесінде соғылған қоңырауға ешкім жауап бермеген.

Сотталған заңгердің анасы Валентина Танкованың айтуынша, ұлы үкімге қарсы шағым береді. Өткен сотта ол өзін-өзі қорғаған. Сот Евгений Танковты «сот төрелігіне қауіп төндірді не күш көрсетті және сотты сыйлаған жоқ» деген айып тақты. Бұған дейін заңгер кінәсін тек бір бап бойынша ғана мойындайтынын айтқан.

Өзі мойындап отырған бап («Сотты сыйламау» ) бойынша төрт айдан алты айға дейін жаза кесіледі.

– Өзі мойындап отырған бап («Сотты сыйламау» ) бойынша төрт айдан алты айға дейін жаза кесіледі. Өзі де осы мерзімнің берілуін күтіп отыр. Ал қазір кесілген мерзімге қарсы ол 15 күн ішінде аппеляция береді, – дейді Валентина Танкова.

Танков соттағы соңғы сөзінде «Алшынбековтің бетінен ұруым – Платонның философиялық дәстүріндегі салып қалу» деп түсіндірді. «Мен отанымды мемлекеттен қорғадым» дейді Танков. Заңгер Қазақстанда құқықтық қорғаудың жоқтығы жайлы айтты. Ол өзінің заңгерлік қызметінен де біраз мысал келтірді.

Бұған қоса Танков соңғы сөзінде өзіне қатаң жаза ретінде бостандығын шектеуді кесуді сұрады. Ол «адам құқықтары мен бостандықтарын басып-жаныштаудың мемлекеттік емес жүйесімен он жылдық күресі жайлы кітабын жазып бітіруі керек» екенін айтады.

Заңгердің сөзінше, тергеу изоляторында отырған уақытта ол 200-ден астам адамға кеңес беріп, 40 кітап оқыған.

Евгений Танков сотта «судья Алшынбековке еш қатер төндірмегенін» бейнежазба көмегімен дәлелдемек болды. Ол шыбын қаққыштың тек шыбынға қауіпті екенін, ал адамға еш зияны жоғын айтқан. Ол өзінің әрекеттерін «Сотты сыйламау» бабымен ғана бағалау керегін айтып бақты.

Бірақ прокуратураның Евгений Танковты үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған талабы қанағаттандырылды. Ал дәлел ретінде жоғарыда айтылған сот отырысының бейнежазбасы ұсынылған. Видеода Танковтың «перформансымен» бірге оны процестің басқа қатысушылары қалай ұрып жатқаны да бар.

СОТҚА РИШЕЛЬЕНІ ШАҚЫРҒАН ТАНКОВ

Заңгер Евгений Танков Қарағандыда ерекше акцияларымен танымал. Өткен жылы Абай ескерткішінің жанында ұйымдастырылған «Келіспеушілер» митингісінде оған әкімшілік ескерту жасалған. Прокуров наразылық акциясына қатысушыларға ескерту мәтінін жариялап тұрғанда ол француз жазушысы әрі ақын Раймон Кеноның кітабын дауыстап оқыған.

Заңгер Евгений Танковтың тұтқындалған кездегі суреті. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. (Танковтың отбасы берген сурет)

Заңгер Евгений Танковтың тұтқындалған кездегі суреті. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. (Танковтың отбасы берген сурет)

Евгений Танков бірде сотқа куәгер ретінде кардинал Ришельені шақыруды сұраған. Төрағалық еткен судья тіпті ондай адамға шақыру қағазын жазып берген. Алайда Қарағандыдағы сотқа Ришелье келе алмады, себебі ол 17-ғасырда өмір сүрген. Кардиналдың Францияның астыртын билеушісі болғаны белгілі. Ол тіпті король Людовикке де айтқанын орындата білген.

Заңгер Танков оқыс әрекеттер жасап қана қоймай, күрделі сот дауларына да қатысқан. Ол қирап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің зиян шеккен тұрғындарының және сапасыз вакцинадан зардап шеккен балалардың мүддесін қорғаған.

Сотта заңгер бірнеше рет жергілікті биліктің митингілерді Қарағандының шетіндегі «Литейщик» стадионында өткізуге рұқсат беруінің оғаш екенін дәлелдеуге тырысқан. Шын мәнінде ол стадионның жоқ екені белгілі. Бұл іс бойынша Танков толық зерттеу жүргізіп, баспасөзге иен жердегі «Литейщик» стадионы» деген жазуы бар темір үйшіктің суреттерін ұсынған. Алайда заңгер сотта «стадион бар» дегеннен қайтпай қойған билік өкілдерінен жеңіліп қалған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG