Accessibility links

Қарағандыда сот-медициналық сараптама зертханасының директорын атып кеткен


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Бейсенбі күні таңертеңгісін мекеме басшысы Мейрам Шәкіров кеңсесіне жақындай бергенде белгісіз біреу оған қарсы екі рет оқ атқан. Алдын ала тергеу амалдарын жүргізгендер қаскүнем марқұмды тапсырыс бойынша өлтірген болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Қарағанды қаласында наурыздың 4-і күні таңертеңгілік сағат 9-дар шамасында Жамбыл көшесінде орналасқан Қарағанды аймақтық ғылыми өндірістік зертхана (сот-медициналық сараптама зертханасы) мемлекеттік мекемесінің ғимаратына кіре берісте өлі адамның денесі табылған. Оқиға орнына жеткен полицейлер қаза болған адам осы мекеменің басшысы Мейрам Шәкіров екендігін және оған сол жерде оқ атылғанын анықтаған.

Мейрам Шәкіров 1967 жылғы туған. Бұған дейін ол Қарағанды облыстық Әділет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келген. Ал соңғы қызметіне жақында ғана тағайындалған. Криминалистер оған қарсы оқтың атылған уақыты таңертеңгілік сағат 8-дер шамасы деп отыр. Оқ оның кеудесінен тиген.

Мейрам Шәкіровтің жаңа қызметіне кіріскеніне 1 ай да болған жоқ. Бейресми ақпарат көздерінің хабарлауынша, жаңа басшы мекемедегі кейбір қызметкерлердің жүгенсіз әрекеттеріне қарсы қатаң шаралар қолдана бастаған көрінеді.

Атап айтқанда, сот-медициналық сараптама зертханасындағы ішімдікке бой алдырған және сот-медициналық сараптама ісінде қателіктер жіберген бірқатар қызметкерлерді қатаң жазалауға бел шеше кіріскен болатын дейді. Ал тағы бір білетіндер Мейрам Шәкіровтың өлімін бұрынғы жұмыс орны Әділет басқармасындағы қызметімен байланыстырады.

Дегенмен Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл әңгімелер тек болжамдар ғана деп отыр.

- Бүгін қылмыстық іс қозғалып, іздестіру-тексеру амалдары басталып кетті. Өлімге себеп болады-ау деген барлық болжамдар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда нақты бір болжамды айту әзірше ерте, - дейді Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Роза Ібілдаева.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері із кесу шарасына кинолог иттерді де жұмылдырған. Арнайы дайындалған иттер қылмыскердің ізіне түскенімен шамамен бір көшеден кейін ол ізден адасып қалыпты.
XS
SM
MD
LG