Accessibility links

Студенттер шеруінен соң жолақы арзандады


Жол бойында тұрған автобустар. (Көрнекі сурет)

Жол бойында тұрған автобустар. (Көрнекі сурет)

Қарағандыда колледж бен жоғары оқу орны студенттері наурыздың 1-інен қоғамдық көлікке қайтадан 50 теңге төлей бастайды. Билік жолақыны қымбаттатудан наразылық күшейген соң бас тартты.

Бірақ жолақының бұрынғы тарифін студенттерге ғана қайтармақ. Қарағандының басқа тұрғындарына жол ақысына 80 теңге төлеуіне тура келеді. Бұл шешімге қарсы жергілікті белсенділер сотқа жүгінбек.

Жыл басынан бері Қарағанды қаласында қоғамдық көліктің ақысы бірден 30 теңгеге қымбаттап, 50 теңгеден 80 теңгеге дейін өсті. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырып, қалада бірнеше қарсылық шеруі өтті. Қала билігі жиын өткізуге рұқсат бермеген соң белсенділер 50 теңгелік тарифті қайтарудың басқа амалдарын іздестіре бастаған. Билік хабарлаған соңғы жаңалықты олар жартылай болса да жеңіске балайды.

Автобус аялдамасында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)

Автобус аялдамасында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)

Өткен аптаның аяғында жергілікті телеарналардың бірінде сөйлеген Қарағанды облысы әкімі Бауыржан Әбдішев студенттерге арналған қуанышты жаңалықты тікелей эфир арқылы хабарлады.

"Біздің студенттер көп мәселені көтерді. Қазіргі шәкіртақымен жолақыға 80 теңге төлеудің қиындығына назар аударды. Бүкіл материалды сараптап, студенттерге көмектесу жолдарын қарастырдық. Мен барлық жоғары оқу орындары ректорларымен кездесіп, кеңестім. Болашақта студенттер үшін жатақханалар мен оқу корпустары арасында жүретін арнайы маршруттар ашамыз. Корпусаралық маршруттар да шығаруымыз мүмкін. Бұл әсіресе оқу корпустары бытыраңқы орналасқан медицина академиясы студенттеріне қажет" деді Бауыржан Әбдішев тікелей эфирде.

Облыс әкімінің бұл мәлімдемесіне дейін жергілікті белсенді тұрғындардың бірнеше наразылық акциясы өтті. Қаңтар айының соңында жолақының қымбаттауына қарсы қозғалыс белсенділері автобустар мен шағын автобустардың санағын жүргізіп, «Қарағанды автопарктерінде автобус жетіспейді» деген қорытындыға келген. Ал жолаушылар «жүргізушілер дөрекі, автобустар лық толы» деп шағымданады.

Қоғамдық белсенді әрі «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілі Ирина Фурсова жергілікті «Новый вестник» газетіне берген сұхбатында «Мысал үшін 1-маршрутты алайық. 3-автопарктің дерегінше, бұл маршрут бойынша 24 автобус қызмет көрсетеді. Арнайы бақылау жүргізілген қаңтардың 28-і, сейсенбі күні автопарк жолға 16 автобус қана шығарды. Ал қалған 8 автобус бос тұрған. Демек, бұл автобустардың жанар-жағармай материалдары, қосалқы бөлшектері мен жүргізуші, кондукторларының жалақысы сияқты шығындар тарифке негізсіз енгізілген» дейді.

Оның айтуынша, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы жолақыны қымбаттатудың заңсыздығын дәлелдеу үшін енді сотқа жүгінбек. Белсенділер «сот шешімі шыққанға дейін халыққа бұрынғы 50 теңге жолақы қайтарылуы тиіс» деп есептейді.

Бірақ автопарк өкілдері «Жаңа тариф енгізілсе де шығынға батып отырмыз. Жолаушылар төлейді деген 80 теңгенің 67 теңгесін ғана аламыз» деген уәж айтады.

Жолаушы тасымалдайтын шағын автобустар. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жолаушы тасымалдайтын шағын автобустар. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Қаңтардың басы аязды болды. Айдың 10-ына дейін созылған аязды күндері жолаушы да аз болды. Сосын жеңілдігі бар жолақымен жүретін жолаушыларды тасымалдаудан бас тартқан «маршруткалардың» шатағы шықты да, бүкіл жолаушы біздің автобустармен жүрді. Ақша аз түсті. Енді аялдамадан кісі жинап, 50 теңгеге таситын такси пайда болды" дейді 5-автопарк директорының орынбасары Владимир Иванов Nv.kz сайтына берген сұхбатында.

Қаңтар айының басында Қарағанды қаласының ондаған тұрғыны қоғамдық көлік жолақысының қымбаттауына қарсы наразылық акциясын өткізгені туралы Азаттық бұған дейін жазған.

Іле-шала «Вконтакте» әлеуметтік желісінде құрылған «Жол серік» қоғамдастығына қазір үш жарым мыңдай адам біріккен. Жеке меншік автомобильдері бар жүргізушілер жол-жөнекей көлік күткен жандарды қаланың кез келген жеріне 50 теңгеге жеткізіп салады. Қоғамдастыққа кірген жүргізушілер «жолы бір» жолаушылармен алдын ала хабарласып, межелі жеріне жетуіне көмектеседі.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG