Accessibility links

Шахандағы қайғылы апатқа 40 күн толды


2017 жылы қаңтардың 1-і құлаған подъезді әлі жөндеп жатыр. Қарағанды облысы, Шахан кенті, 2017 жылдың қаңтары.
2017 жылы қаңтардың 1-і құлаған подъезді әлі жөндеп жатыр. Қарағанды облысы, Шахан кенті, 2017 жылдың қаңтары.

Қарағанды облысы Шахан кентіндегі бес қабатты үйдің подъезі құлаған кезде 9 адам қаза тауып, екі адам жарақат алған қайғылы апатқа ақпанның 9-ында 40 күн толды. Ал қасіретке тап болған адамдар өзге жаққа көшіп жатыр.

ӘЙЕЛІ МЕН ҰЛЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ЖІГІТ

Алты айлық ұлы мен 26 жастағы келіншегінен қас-қағым сәтте айырылып қалған 30 жастағы Владимир Алексеенко қайғыдан әлі есін жинай алмай жүр. Ол «жүрегі ұстап, сол жақ қолы ұйып қала беретінін» айтады, көңіл-күйі де жабырқаңқы.

Владимирдің өзімен немесе әлгі қайғылы жағдай көз алдында болған анасы Галина Алексеенкомен сөйлесу мүмкін болмады, өздерін әлі нашар сезінетін екеуі бұл тақырыпқа әңгімелесуге қиналады. Сондықтан Азаттық тілшісімен жігіттің нағашы әпкесі Ольга Байдель әңгімелесті. Оның сөзінше, қайғыдан Галина Алексеенконың жүйкесі сыр беріп, көзі мүлде дерлік көрмей қалған әрі үшінші мәрте инсульт алған. Бірінші топ мүгедегіне айналған әйел жақындарының көмегіне зәру.

Алексей Алексеенко опат болған туыстарының суретін көрсетіп тұр. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.
Алексей Алексеенко опат болған туыстарының суретін көрсетіп тұр. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.

Алексеенконың отбасы, нақтырақ айтқанда, жас отбасының қалған мүшелері құлаған пәтерінің орнына алғашқылардың бірі болып пәтер алған. Алексеенколардың үш бөлмелі пәтері болған, онда ерлі-зайыптылар жас баласымен және Владимирдің анасымен бірге тұрған. Өзге кей отбасылар сияқты екеуі жақындарынан да, баспанасынан да айырылды. Бірақ Шахандағы апаттан зардап шеккендерге арналған көмек қорына миллиондаған ақша аударған қазақстандықтардың көмегі арқасында өзге баспана сатып алу мүмкіндігі туған. Оларға үш бөлмелі пәтерді Қарағанды облысының тоқырауға ұшыраған тағы бір шахтерлер қалашығы - Шахтинскіден сатып әперген.

- Әпкеме үй шаруасына көмектесіп, өзіне күтім жасау үшін пәтерді Шахтинскіден - менің жанымнан таңдадық. Өйткені оның қазір көзі мүлде дерлік көрмей қалды, ал баласы вахтада жұмыс істейді. Әлгі сатып әперген пәтерде Вованың өзі бірер мәрте түнеп шыққан. Бірақ ол жақта әзірше жиһаз жоқ, сондықтан Галинаны ол жаққа сәл кейінірек көшіріп апарамыз. Қол ұшын созған адамдарға рахмет. Көмек қоры Володяның есеп-шотына 2 миллион теңге аударды. Бірақ оны әлі алған жоқ. Ол баласы мен келіншегінің бұл дүниеде жоқ екеніне көндіге алмай жүр. Жуырда көмек ретінде Галинаға 2 миллион теңге аударған Халық банкіне де рахмет айтамын, - дейді Ольга Байдель Азаттық тілшісіне.

Құлаған бес қабатты подъезд. 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған бес қабатты подъезд. 2 қаңтар 2017 жыл.

Галышевтер отбасының қалған мүшелері де қираған әрі бұзылған пәтерінің орнына үш бөлмелі пәтер алған. Бұл шаңырақта да ер адам мен кішкентай бала мерт болды, ал үйіндінің астында бірнеше сағат жатып қалып, жарақат алған, суықта үсіген жас жігіт құтқарылған.

Сарапшылар құлаған подъездегі үш бөлмелі төрт пәтердің ешқайсысы қалпына келтіруге жарамайды деген ұйғарым жасаған. Әлгі пәтерлердің қирандысы күреліп тасталған. Сарапшылар подъездегі бір және екі бөлмелі өзге 10 пәтерді тұруға жарамды, бірақ әуелі қабырғаларын қайта жаңартып, нығайтып, жөндеп және жылылау керек деп тапқан. Ол жақтағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Бүкіл жұмыс адамдар тап болған қиын жағдайға көмек қолын созған қазақстандық қарапайым тұрғындар мен бизнесмендер ақша аударып жатқан көмек қоры есебінен жүріп жатыр.

ЖЕТІМ БАЛАҒА ПӘТЕР САТЫП ӘПЕРМЕК

Жетім қалған жеті жастағы Полина Андропова қазір Шахан кентінде әжесінің қолында тұрады. Қаңтардың 1-індегі апат оның үш бірдей жақын адамы – әке мен шешесінің және алты айлық сіңілісінің өмірін қиып кетті.

- Қазір есімізді аздап жидық. Бекем болуға тырысып жүрмін. Баланың жанын жараламайық әрі өзімнің де жүрегімді ауырта бермейін деп әлгі апат жайлы айтпауға тырысамыз. Шамамыз келгенше көңілімізді басқа нәрсеге бұруға тырысамыз, Полинаны ағылшын тілі сабақтарына апарамын, - дейді Полинаның әжесі Нина Смирнова Азаттыққа.

Андроповтардың отбасы тұрған үш бөлмелі пәтер жөндеуге келмейді деп танылып, бұзылған. Сондықтан Шахандағы апаттан зардап шеккендерге арналған көмек қоры мүшелері жетім қалған қыз бала мектепті бітіргеннен кейін жергілікті жоғарғы оқу орнында оқып, Қарағандыда баспанасы болсын деген оймен Полинаның әжесінің өтініші бойынша кішкентай қызға Қарағанды қаласынан пәтер сатып әперу туралы шешім қабылдаған. Қор өкілдерінің айтуынша, олар пәтерді көмек қоры қаражаты мен Балқаш қаласы кәсіпорындары аударған ақшаға сатып алмақ. Нина Смирнова Азаттыққа немересіне әзірше пәтер іздеп жатқанын айтады.

Шахан кентіндегі автобекет. Оның артында автономдық қазандықпен жылытылатын үй. Қарағанды облысы, 2017 жылдың қаңтары.
Шахан кентіндегі автобекет. Оның артында автономдық қазандықпен жылытылатын үй. Қарағанды облысы, 2017 жылдың қаңтары.

Юлия Гаузер де бағасы сол шамалас баспана іздеп жатыр. Апатқа дейін бала-шағасымен екі бөлмелі пәтерде тұрған жалғызбасты ана «балаларым үйге қайтуға үзілді-кесілді қарсы» дейді. Оны апаттан жанама зардап шеккен деп таныған. Оның пәтері де бүлінгенімен, билік оны тұруға жарамды деп тапқан. Бірақ Гаузердің отбасы енді әлгі пәтерде тұруға қорқады. Ол орталықтандырылған жылу жүйесі бар өзге баспана беруді сұраған.

БҮКІЛ ЖҰРТ БОЛЫП ЖИНАҒАН ЖЫЛУ

Әдепкіде көмек қорына түскен ақша құлап қалған төрт пәтердің орнына үш бөлмелі пәтерлер сатып алуға жұмсалады деп жоспарланған. Бірақ әлгі подъездегі өзге пәтерлердің тұрғындары «ол жерде тұруға қорқамыз» деп мәлімдеп, пәтерлерді жаңартып, нығайтқаннан кейін де үйлеріне оралудан бас тартқан.

- Жұрттың бойында психологиялық қорқыныш қалған, сондықтан пәтерлеріне оралудан бас тартып жатыр. Сондықтан оларға өзге жақтан тең бағалы баспана беру ұйғарылды. Ал әлгі пәтерлер мұқтаж жандарға беріледі. Олар Шахан кентінде тұратын жетім балаларға беріледі деп әу бастан жоспарланған. Сондықтан қазір әлеуметтік қамту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмыс істеп, баспанаға мұқтаж жандардың тізімдерін қарап жатыр. Кейін шешім қабылдап, мұқтаждарға пәтерлерді бере бастаймыз, - деді көмек қоры төрайымы Жамал Мамырханова Азаттыққа.

Шахан кентіндегі он шақты үйде қазандық бірінші қабатта немесе жертөледе орналасқан. 10 қаңтар 2017 жыл.
Шахан кентіндегі он шақты үйде қазандық бірінші қабатта немесе жертөледе орналасқан. 10 қаңтар 2017 жыл.

2017 жылғы ақпаннын 8-індегі есеп бойынша, Шахандағы апаттан зардап шеккендерге арналған көмек қорына, ресми дерекке сәйкес, 137 миллион 216 мың теңге түскен. Оның 63 миллион 987 мың теңгесі жұмсалған. Қор есеп-шотында 73 миллион 229 мың теңге қалған. Бұл жайлы Азаттыққа Жамал Мамырханова хабарлады. Оның дерегінше, қазір тоғыз пәтер – (Шахан кентінен - төрт пәтер, Шахтинск қаласынан - бес пәтер) сатып алып, ақшасын төлеп қойған; екі пәтердің иелері ақшалай өтемақы алған; тағы бір адам бұрынғы пәтеріне шамалас бағамен баспана тапқан, бірақ сату-сатып алу мәмілесі әлі ресімделмеген; бұған қоса сатып алу үшін тағы екі пәтер іздеп жатыр.

- Көмек қорындағы қалған ақшаның бәрі автономдық жылу жүйесі бар үйлерде тұру қаупін барынша азайтуға жұмсалады. Әлгі қазандықтар үйден аулағырақ жерге апарып орнатылады. Мамандармен кеңесіп көріп едік, техникалық тұрғыдан бұлай істеуге болады екен. Қазір оның бәрі қаншаға түсетінін есептеліп жатыр. Өйткені жаңа қазандықтар орнатуға ақша жетпейді, - дейді Жамал Мамырханова.

Шахтерлердің тоқырауға ұшыраған Шахан кентінде қаңтардың 1-і күні болған апаттан алты ересек адам мен үш бала қаза тапты. Сарапшылардың мәлімдеуінше, подъезд үйдің тура ішінде орнатылған жылу жүйесінің жарылуы салдарынан құлаған. Полиция апат жайын әлі тексеріп жатыр.

XS
SM
MD
LG