Accessibility links

Құқық қорғаушы азаптау жайлы шағымын тексерте алды


Балқаштық құқық қорғаушы Санат Бөкенов сотта тұр. Қарағанды, 19 қаңтар 2017 жыл.
Балқаштық құқық қорғаушы Санат Бөкенов сотта тұр. Қарағанды, 19 қаңтар 2017 жыл.

Балқаштық құқық қорғаушы Санат Бөкеновтің үстінен қозғалған қылмыстық іс уақытша тоқтатылды. Оның азаптауға қатысты шағымы бойынша тексеру басталып, өзін бір кісілік камераға ауыстырған.

Қарағанды облысы Балқаш қаласында тұратын құқық қорғаушы Санат Бөкеновтің «жергілікті прокурорды коррупциялық қылмысқа қатысты көрінеу жалған айыптап, көрінеу жалған мәлімет таратты» деген айыппен қамауда отырғанына алты айдай болды.

Қаңтардың 19-ы күні Қарағандыда өткен сот отырысында 58 жастағы Санат Бөкенов «қамауда заңсыз ұстап, туыстарыммен кездесуге мүмкіндік бермегені аздай, азаптауға ұшырадым» деп мәлімдеген. Қарағанды қаласындағы тергеу абақтысында отырған Бөкенов сотта бірнеше өтінішін мәлімдеген. Осы аптада оның ісінде күтпеген бетбұрыс болды.

ІСТЕГІ БЕТБҰРЫС

Мемлекеттік айыптаушы соттан Бөкеновке қатысты қылмыстық істі уақытша тоқтатуды сұрады. Прокурор мұның себебін «Азаптау» бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша тергеушінің үстінен Бөкеновтің арызы бойынша жаңа қылмыстық іс қозғалуына байланысты түсіндірді. Бірақ әлгі іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім әлі қабылданған жоқ. Қаулыда нақты қандай әрекетті азаптау деп тануға болатыны, тергеушінің Бөкеновке қатысты нақты қандай заңсыз әрекеттерге барғаны жазылмаған.

Заңсыз қамауда ұстау, камерадағы адам төзгісіз жағдай, жақындарыммен жүздесуге мүмкіндік бермеу азапқа тең.
Санат Бөкенов.

Ал сотталушы Санат Бөкеновтің өзі бірер күн бұрын азаптауға ұшырағанын әрі соның салдарынан моральдық тұрғыдан жапа шегіп, денсаулығына зақым келгенін Азаттыққа айтқан. Бөкенов «заңсыз қамауда ұстау әрі камерадағы адам төзгісіз жағдай, жақындарыммен жүздесуге мүмкіндік бермеу азапқа тең» дейді. Бұған қоса ол абақтыда жүрегі мен бүйрегі сыр беріп, 13 килограммға арықтап кеткенін хабарлады. Бөкенов Азаттыққа «пәтерімде заңсыз тінту жүргізіп, жеке заттарымды, құжаттарымды, оның ішінде мен тексерген кей істерге қатысты айрықша құнды ақпараттар бар үлкен сөмкелерді тәркілеп алды» деп мәлімдеді.

ЖАЛҒЫЗ КІСІЛІК КАМЕРАҒА АУЫСТЫРДЫ

Сот құқық қорғаушы Санат Бөкеновке қатысты қауіпсіздік шараларын да қарастырған. Бөкенов ауызша айтқан өтінішінде «азаптау» ісінде жәбірленуші болғандықтан жеке қауіпсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеген.

Қаңтардың 23-і күні судья Жанат Егембердиева сотталушы Бөкеновті «АК-159/1 колониясында отырған адамдардың, өзге тұлғалардың соттың арнайы рұқсатынсыз кіруіне тыйым салынатын» жеке камерада ұстау туралы қаулы шығарған. Сот қаулысын орындау міндеті Қарағанды қаласындағы АК-159/1 мекемесі (тергеу абақтысы) бастығына жүктелген.

Қарағанды облысы Балқаш қаласының тұрғыны Ирина Пономарева Азаттыққа Санат Бөкеновті бірнеше жылдан бері танитынын әрі қалада сыйлы адам екенін айтты. «Сондықтан шағын қаламызда жұртқа белгілі құқық қорғаушының қамалғанын естіп жағамды ұстадым» дейді ол. Қамалғанға дейін Бөкенов пәтерге қатысты алаяқтық ісі бойынша жәбірленуші ретінде танылған Пономареваға заңдық кеңестер беріп, көмектескен.

Заң тұрғысынан жәрдем сұрап барғанымда, Санат Бөкенов көмектесуге келісті, тіпті менен бір тиын да алған жоқ.
Балқаш тұрғыны Ирина Пономарева.

– Заң тұрғысынан жәрдем сұрап барғанымда, ол көмектесуге келісті, тіпті менен бір тиын да алған жоқ. Созбақтап қаралмай жатқан әлгі іс әне-міне бітейін деп қалған. Бірақ оны қамап қойды, енді мені пәтерден шығарып жіберуі мүмкін. Енді қиын болатын болды. Ондай адамды қамап қойғаны өкінішті, оны босату керек, – дейді Ирина Пономарева Азаттыққа.

Санат Бөкеновтің ісі бойынша сот процесі Қарағандыда өткен аптада басталған. 2014 жылы Бөкенов жұртқа «прокуратураның енжарлығы кесірінен Балқашта қала билігі балалар үйі тәрбиеленушілерінен баспанасын тартып алып жатыр» деген ақпарат жариялаған. Іле-шала оның үстінен «жергілікті прокурорды қаралап, көрінеу жалған мәлімет таратты» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Қазір ол іс уақытша тоқтатылған.

XS
SM
MD
LG