Accessibility links

Заңсыз басып алынған пәтер дауы әлі шешілген жоқ


Гүлжаз Әбжамалова баласымен бірге тұр. Қарағанды, 21 қаңтар 2015 жыл.

Гүлжаз Әбжамалова баласымен бірге тұр. Қарағанды, 21 қаңтар 2015 жыл.

​Қарағанды облыстық соты кәмелетке толмаған үш баласы бар әйелдің Сәтбаев қаласында өздігінен басып алған мемлекеттік пәтерді босату туралы сот шешіміне қатысты кассациялық шағымын қарауы тиіс. Пәтерді басып алған Гүлжаз Әбжамалова өзін өзі өртейтінін айтып сес көрсеткен.

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында тұратын Гүлжаз Әбжамалованың талай жылға созылған сергелдеңі әлі аяқталған жоқ. Кеше облыстық сот оны балаларымен бірге әкімдіктің пәтерінен шығару туралы сот шешіміне қатысты шағымды қарауы тиіс еді.Билік оған «кезегің келіп муниципалдық пәтер алғанша тұрасың» деп жатақханадан бөлме берген. Бірақ Гүлжаз Әбжамалова бұл ұсынысқа келіспейді.

ЖАТАҚХАНАҒА КӨШУ ҰСЫНЫСЫ

Облыстық сотта Гүлжаз Әбжамалованың кассациялық шағымын қарау қаңтардың 21-і күні түскі сағат 3-ке белгіленген еді. Сот отырысына екі тарап та келді. Әуелі «отырыс өтеді» деп хабарланды, бірақ сот фойесіне бірнеше журналист пен қоғамдық қорғаушы жиналып, шамамен екі сағат өткенде облыстық сот қызметкерлері «қосымша материалдарды тексеруге байланысты кассациялық шағымды қарау қаңтардың 28-іне ауыстырылды» деп хабарлады.

Облыстық сот ғимараты. Қарағанды, 21 қаңтар 2015 жыл.

Облыстық сот ғимараты. Қарағанды, 21 қаңтар 2015 жыл.

Гүлжаз Әбжамалова бос тұрған әрі қараусыз қалған пәтерді заңдастырып алу үшін Сәтпаев қаласы әкімдігімен бірнеше айдан бері соттасып келеді. Екі бөлмелі пәтер блок қабырғалардан тұрғызылған бес қабатты ескі үйдің соңғы қабатында орналасқан. Ол қыс мезгілінде бала-шағасымен далаға қумай, осы баспананы заңдастырып беруді немесе басқа пәтерге көшіруді сұрайды.

Гүлжаз Әбжамалова сотқа Қарағанды қаласында аяғына операция жасалуы тиіс кіші қызымен келді. Екінші топ мүгедегі Гүлжаздыңкәмелетке толмаған үш баласы бар, үлкені – 12 жаста. Ол «екі балам да сырқат, оларды емдетіп, операция жасату керек» дейді. Күйеуі 2009 жылы қайтыс болған. Бұл отбасының ешқашан өз баспанасы болмаған. Келіншек туберкулездің ашық формасына шалдыққанын, техникалық білімі болғанымен, сырқатына байланысты еш жерге жұмысқа алмайтынын айтады. Оның айтуынша, асыраушысынан айырылғаны және мүгедектігі үшін алатын 40 мың теңге (220 долларға жуық) мемлекеттік жәрдемақыға күн көреді.

– Әкімдік жатақханадан бөлме ұсынды. Бірақ қазір тұрып жатқан пәтерді заңдастырып алғым келіп, ол бөлмеден бас тарттым. Бұрын жатақханадан орын бөлуді сұрап, әкімдікке барғанымда «Қазақмыстың жатақханасы, кіргізе алмаймыз» деп жолатпай қойған. Бала-шағаммен пәтер жалдап, тентірегеніме көп жыл болды. Ал енді мына пәтерді өзім тауып, жөндеп алған кезде мені шығарып, оны кезекте тұрған басқа адамдарға бергілері келеді. Мен де кезектемін ғой, бұл пәтерді маған неге бермейді. Баспанаға мен де мұқтажбын, оның үстіне қолымда үш кішкентай бала бар, мүгедекпін, – дейді Гүлжаз Әбжамалова.

КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ

Гүлжаз Әбжамалова кассациялық шағымында қалалық соттың «заңсыз шешімі» мен апелляциялық сот қаулысының күшін жойып, бұл істі қайтадан қарау үшін қалалық соттың басқа судьясына жолдауды сұрайды. Ол «әкімдік балаларымның құқын бұзып отыр» деп мәлімдейді.

Заңгер әрі Әбжамалованың қоғамдық қорғаушысы Әбілда Әбдікәрімовтың пікірінше, бала құқығын шектейтін нормативті заң актілері қабылданған сәттен бастап жарамсыз деп танылып, күшіне енбеуі тиіс.

Заңгер Әбілда Әбдікәрімов. Қарағанды, 21 қаңтар 2015 жыл.

Заңгер Әбілда Әбдікәрімов. Қарағанды, 21 қаңтар 2015 жыл.

– Мына жағдайда балалардың құқығы бұзылып отыр, талап-арызға қатысты қабылданған шешім кәмелетке толмаған балалар мен мүгедек жанның Қазақстан конституциясында бекітілген құқығын шектеп, баспана жағдайын нашарлатты. Сәтпаев қаласы әкімдігі өкілдері Қазақстан Республикасының «Бала құқығы туралы» және «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заң талаптарын орындамаған, – дейді Әбілда Әбдікәрімов Азаттық тілшісіне.

Әбілда Әбдікәрімов әр бала баспаналы болуға құқығы бар екенін айтады. Мүгедектер де баспаналы болуға хақылы екенін айтқан ол «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы бабына сілтеме жасап, «1-2 топ мүгедектерін басқа жарамды баспана берместен қызметтік баспанадан шығаруға болмайды» дейді.

– Оның үстіне БҰҰ-ның бала құқығы туралы конвенциясы да бар. Онда баланың жеке өміріне, отбасылық өміріне, баспанасына, хат алысу құпиясына, ар-намысы мен абыройына заңсыз араласып, қол сұғылмауы тиіс деп көрсетілген. Бала мұндай заңсыздықтардан заң жүзінде қорғалады, – дейді Әбілда Әбдікәрімов.

ШЕШІМ ІЗДЕУ

Сәтбаев қаласы әкімдігі Гүлжаз Әбжамалова бала-шағасымен мемлекеттік тұрғын үй қорына тиесілі баспананы босатуы тиіс деп санайды.

Гүлжаз Әбжамалова басып кірген пәтерінде отыр. Сәтпаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

Гүлжаз Әбжамалова басып кірген пәтерінде отыр. Сәтпаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

– Бұл пәтер – мемлекеттің меншігі. Ол ешкімнің атында тіркелмеген, кезінде оны біреулер жалдап тұрған. Пәтер кезегі келген адамға беру үшін оны босатуды сұрағанбыз. Жалға алғандар көшкен мезетте мына әйел кіріп алыпты. Оған «кезегің келгенде пәтер береміз» деп түсіндірдік. Кезекте 2011 жылдан бері тұрады, кезектегі нөмірі – 239. Ал әзірше отбасылық жатақханада тұра тұр деп бөлме берсек, қырсығып келіспей отыр, – деді Сәтбаев қаласы әкімдігінің өкілі ақпарат құралдарына.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, «пәтерден күшпен шығарса өзімді де, балаларымды да өртеймін» деп сес көрсеткен Гүлжаз Әбжамалованың үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Бұл ақпарат әзірше ресми расталған жоқ. Бірақ Гүлжаз Әбжамалова Азаттық тілшісіне бүгін өзімен прокуратура өкілі сөйлескенін айтты. Ал не туралы сөйлескенін «құпия, жариялауға болмайды» деген уәжбен ашып айтпады.

Гүлжаз Әбжамалова Сәтбаев қаласының тұрғын үй қорынан жеңілдікпен баспана алу кезегінде тұр. 2013 жылы келіншек бос тұрған пәтерді басып алған. Оның айтуынша, жергілікті маскүнемдер мен қаңғыбастар жайлап алып, тозып кеткен пәтерді жөндеген, үйдің шатырынан су ағады. Гүлжаз Әбжамалова пәтерді жекешелендіруді ойлап жүрген. Бірақ әкімдік қызметкерлері пәтердің коммуналдық меншік екенін айтып, босатуын сұраған. Былтыр күзде ол әкімдіктің үстінен қарсы талап-арыз берген, бірақ Сәтпаев қаласы соты оның уәждерін қабылдамай, өтінішін орындаудан бас тартқан. Енді пәтер дауын қаңтардың 28-і күні Қарағанды облыстық соты шешуі тиіс.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG